Қоғам

Колледждің беделі артып келеді

Ерлан БАПАНОВ

Білім беру саласында алпыс жылдан астам тарихы бар «Тарбағатай» колледжі жуықта бітіруші түлектеріне салтанатты түрде «Ақжол-2022» атты диплом тапсыру іс-шарасын ұйымдастырды.

Атап айтып жатқанымыз, мұндай рәсім бұрын-соңды болмаған екен. «Кеңес заманынан бері келе жатқан кәсіптік-техникалық училище ғой» деп қарайтын таптаурын көзқарастан арылтып, қалалардағы колледждерден кем қылмай, тың үрдістерді жандандырып отырған директоры – Қайрат Қайырбаев.

Бүгінгі таңда керісінше, нарық сұранысына сай мамандыққа оқытатын колледждің аудан көлемінде беделі артып келеді. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, жөндеуші слесарь, аспаз, кондитер безендіруші, тігінші, ветеринарлық санитар біліктілігі бойынша 160-тан астам тәлімгер білім алатын қара шаңырақты таяуда тағы бір топ бітіріп шықты.

Қуанышқа толы іс-шараға ауыл үлкендері, ата-аналар, ардагер ұстаздар қатысты. Кәсіптік-техникалық бағытта білім беретін колледж студенттерінің тек теориялық тұрғыдан ғана емес, іс-тәжірибеге де жан-жақты машықтануына мүмкіндік туғызады. Мысалы, «Көкжыра» өндірістік кооперативімен серіктестік байланыс орнатуының нәтижесінде студенттер мал емдеу, техника түрлерін тізгіндеу, жөндеу істеріне бейімделеді. Кооператив төрағасы Бағдат Сағынаев та жастарға ақжол тілеп, жұмысшы мамандығымен еңбек нарығында елдің алды болыңдар деп тілектестік білдірді.  Еркін күрестен КСРО спорт шебері Болат Оразғалиев, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Айгүл Иманғалиева да құттықтау лебіз арнап, диплом тапсыру салтанатына қатынасты.

«Бүгін менің де қуанышымда шек жоқ. Ұлым Самғар Аманболұлы оқуды қызыл дипломға аяқтады. Бала жетістігі – әр ата-анаға риясыз шаттық емес пе! Қазір қоғамда заңгер, экономист мамандығы бойынша қос-қостан диплом алып, мамандығына сәйкес жұмыс таппай жүрген жандар қаншама. Ұлымның тракторшы-машинист мамандығын игергені қандай жақсы болды. Жұмыс табу қиынға соқпайды, сұраныс бар, бос орындар да жеткілікті. Білімі мен іс-тәжірибесін үйреткен ұстаздарына айтарым тек алғыс!» – деді салтанатты іс-шарада ағынан жарыла сөйлеген Самғардың анасы Қымбат Рахметдолдақызы.

Ұзақ жылдар бойы оқу-ағарту саласында жұмыс істеген ардагер ұстаз Тілеуғазы Табылдинов түлектерге ақ батасын берді.

Бітіруші түлектерге диплом тапсыру сәттерінің әсерлі өтуіне мәдениет үйлерінің әншілері Қайырбек Мұсабеков, Мерей Мейрамбеков, Жақсылық Қуанышбеков, Ернұр Тоқтарғазиндер септігін тигізді.

ТАРБАҒАТАЙ.

Осы айдарда

Back to top button