Көлік салығын кімдер төлемейді?
– Жеке тұлғалар Қазақстанда тiркелген және есепте тұрған меншік көлiк құралдары үшін салық төлейтіні белгілі. Білейін дегенім, осы көлік салығынан қандай санаттағы адамдар босатылған?
Тимур Көпжасаров ,Өскемен
Сұраққа Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әсет Мұқашев жауап береді:
– Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлетiн адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы еңбегi мен әскери қызметi үшiн бұрынғы КСРО орден-медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген және Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы еңбегi мен әскери қызметi үшiн бұрынғы КСРО орден-медальдарымен наградталмаған адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның еңбек ері» атақтарына ие болған, үш дәрежелі «Даңқ» орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағына ие болған не «Алтын алқамен», «Күмiс алқамен» наградталған көпбалалы аналар көлік құралы салығынан босатылған. Сонымен қатар аталған жеңілдіктер тиісті уәкілдік берілген мемлекеттік органдардың мағлұматтары негізінде қолданылады.
Облыс аумағында 217 315 көлік құралы тіркелген, олар бойынша жалпы түсім – 2 807 миллион теңге.
Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты төлеу мерзімі аяқталғанын ескертеді. Азаматтар көлік салығын 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуге тиіс болатын.
Көлік құралдарына салынатын салықтың сомасын kgd.gov.kz порталында орналасқан салық калькуляторы көмегімен немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында дербес есептеуге болады. Есептелген салық сомаларын e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында, сондай-ақ Kaspi Bank, Homebank (Халық банкі) мобильді қосымшалары арқылы көруге болады.