Қолда барды ұқсатып отыр
Хасен ЗӘКӘРИЯ, Күршім
Марқакөлдегі кәсіптік-техникалық училище өз есігін шәкірттерге сонау 1983 жылы ашқан болатын. Кезінде шалғайдағы шекаралық ауданды ауыл шаруашылығы мамандарымен қамтамасыз етіп отыруға тиіс болған бұл кешенді оқу орнының атағы алысқа кетіп, кең профильді мамандар даярлауда ешкімге есе бермеген шабытты шағы да есімізде.
Мәңгілік ешнәрсе жоқ қой, заман өзгерді, Марқа өңірі аудан дәрежесінен айырылды. Елдің үдере көшуі бел алды, сонымен бірге заманында аузымен құс тістеген айтулы мекеменің де басынан бақ тайды. Бұрынғы қалың шәкірттің шуы саябырлап, біртіндеп толықтай топ құрудың өзі толғақты мәселеге айналды. Сөйтіп, бұл мекеме аяғында «шықпа, жаным, шықпалап», шын мәнінде тығырыққа тірелген болатын.
Дегенмен жаңа мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, кенжелеп қалған осындай ұжымдарға көзқарас түзеле бастаған уақытта бұл оқу орнының да түтіні түзу шыға бастады. «Жас келсе – іске» дегендей, аталған мекеменің тізгінін талапты жас ұстаз Медет Кәдірбеков ұстағаннан бері мұнда естіген жанның көңіліне қуаныш енгізерліктей оң жаңалықтардың лебі есе бастаған болатын. Ең алдымен оқу орнының атауы өзгеріп, республикадағы осылай деп аталатын бірден-бір мекемеге айналды.
– Біздің мекеме бүгінде «Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталады, – дейді директор Медет Кәдірбеков. – Қазіргі кезде біздің шәкірттеріміз тракторшы-машинист, электр монтері, кіші мал дәрігері, газбен, электрмен дәнекерлеуші, тігінші, аспаз мамандықтарын алып шығады. Оқу үшін барлық жағдай жасалған. Жатақханада жастар мен студенттер үшін ең қажетті игілік – интернет бар, әр бөлмеде душ, дәретхана жұмыс істейді. Қазір колледжде 80 бала, №2 Марқакөл орта мектебінде 129 бала білім алып жатыр.
Абай облысына қарасты Ақсуат өңірінің тумасы, Семей мемлекеттік пединститутының алғашқы әскери даярлық факультетінің түлегі Медет Кәдірбекұлы бұрын сол Ақсуаттағы колледжде оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарған екен. Содан арнайы конкурсқа қатысып, осы Марқакөлге келгеніне екі жыл болыпты.
Медет келген бойда колледжді жөндеуге бел шеше кіріскен екен. Қазір, әрине, заман басқа, заң басқа. Сонымен бірге жастардың өмірге көзқарасы, қояр талабы да өзгеше. Қазір бұрынғыдай «не бар – соған қанағат» деп жүре берудің уақыты өткен. Осында білім алып жатқан жас буынның көңілінен шыға алмасаң, абыройға да ие бола алмасың хақ.
- Біз жөндеу жұмыстарын сырттан ешкімді жалдамай-ақ өз қаржымызбен, өз адамдарымыздың күшімен атқарып шықтық, – дейді Медет. – Тіпті мына есік алдындағы алаңды көмкерген плиткаларды да өзіміз құйып, өзіміз төседік. Жөндеу жұмыстары смета бойынша 10 млн. теңгеге бағаланған болатын, біз небары 2,5 млн. теңге қаражат жұмсап, осы шаруаны еңсеріп шықтық.
Бұдан соң ол бізді колледж алдынан салынған жылыжайға бастады. Ауданы 300 шаршы метр болатын жылыжай құрылысының да әлгіндей ізденістер мен үнемшілдіктің арқасында сметалық құнынан әлдеқайда арзанға түскенін айта кеткеннің артығы жоқ. Бұл құрылысқа демеушілер ұсынған қаржының да көп пайдасы тиген екен. Алдағы қаңтар айында ұжым мүшелері қияр егіп, басқа да жемістер салып, түскен өнімді саудаға шығармақ ниетте.
– Мен келгенде мал дәрігерлік машықтануға қажетті төрт құнажын, 11 ұсақ мал бар еді, – дейді Медет Кәдірбекұлы, – осы екі жылда мал саны да біршама өсті. Бұл түліктерді шама келгенше өсіре береміз деп отырмыз, төлін сатып, мекеме қажетіне жаратамыз. Бізге тиесілі 130 гектар егістік жер бар, ал бұл алқапқа көптен бері астық себілмеген болатын. Осы суармалы егістікті мал таптамас үшін тікенек сыммен қоршап, алдағы көктемде астық өсіруге кіріспекпіз. Осылайша, алдағы уақытта мекемені өзін-өзі қамтитындай деңгейге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Колледж атағы бұл мекемеге өткен қазан айында берілген екен. Мұнда қазір барлығы 28 мұғалім, жеті шебер еңбек етіп жатыр. Ұжым мүшелері жұдырықтай жұмылып, жоқтан бар жасамаса да, барды ұқсата білуге күш салуда. Колледждің өзінде автокөлік жөндейтін шеберхана бар, оның ішінен автокөтергіш жасалып, талапқа сай реттеліп қойылған екен. Шәкірттер де қамқорлықтан кенде қалмақ емес, мәселен, осы жерден мал дәрігері – веттехник мамандығына оқытатын бөлім ашылған. Оқу мерзімі аса ұзақ емес – бір жыл он ай. Сондай-ақ колледжге түспеген оқушылар да мамандыққа қол жеткізе алады. Қыздар мектеп қабырғасында жүріп-ақ визажист, тігінші мамандығын игеретін болса, ұлдар 11 сыныпты бітіргенде «В» санатты жүргізуші мамандығын иелене алады. Ұл балалар кіші мал дәрігері, дәнекерлеуші, электрші, тракторшы-машинист мамандықтарының бірін таңдауына орай алып шығады. Сөйтіп, түлектеріміз бір-бір мамандықты игеріп, алдағы үлкен өмірге біршама даярлықпен аттанатын болады.
Медет бұдан соң бізді колледж ішінен ашылған мұражайға алып келді. Осы шағын мұражайды аралап көргенде біз шынымен таңырқап, сүйінгенімізді жасыра алмадық. Еңселі ғимараттың бір бұрышынан орын тепкен бұл шағын мекенжайдағы көненің көзіндей жәдігерлерді кез келген үлкен музейге қоюға болатынын түйсініп, жас та болса көңілінің көкжиегіне көп нәрсені сыйғыза алған көшелі ініміздің түбінде нетүрлі айтулы жаңалықтарға бастамашы боларына қапысыз сендік. Медет келешекте мұражайдың іргесін кеңейтіп, тағы да бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыруды межелеп отырғанын айтқанда, оның осы жоспарларының тегіс жүзеге асатынына күмән келтіре алмадық.
Мұндағы ұйымшылдық пен тәртіпті, ұстаздар мен шәкірттер арасындағы сыйластықты, ертеңгі күнге деген нық сенімді көзбен көріп, оймен сезіне отырып, біз колледждің әлі де талай биіктен көрінетініне еш күмәнсіз иландық. Илана отырып, берекелі ұжымға толағай табыстар тіледік!