Көл байлығы көздің қарашығындай қорғалады
Азамат Темірбеков
Жыл басынан бері шығысқазақстандық балықшылар өңірдегі өзен-көлдерден 9,5 мың тоннадан астам балық аулады. Бұл туралы Зайсан–Ертіс облысаралық бассейндік инспекциясы хабарлады.
Өткен жылы қабылданған балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, облысымыз алдағы он жыл ішінде ауланатын тауарлы балық көлемін 9774 тоннаға жеткізуі тиіс. Аталған көлемнің 8,5 мың тоннадан астамы албырт тұқымдасына жататын балықтар болса, 1,1 мың тоннадан астамы тұқы, ал 45 тоннасы бекіре тұқымдастары болмақ.
– Аталған балық аулау көлеміне қол жеткізу қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған 27 балық шаруашылығы мен алдағы уақытта салынатын үш тор-шарбақты балық өсіру шаруашлықтары арқылы жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, бұл іске бір тоған шаруашылығының жобалық қуатын арттыру және жабық сумен қамтамасыз ететін құрылғылар орнату да өз септігін тигізбек, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Фархат Байбазаров.
Ал, Павлодар облысы бойынша бұл көрсеткішке жету қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған 15 және алдағы уақытта ашылуы жоспарланған 23 балық шаруашылығы арқылы жүзеге асырылмақ. Маманның айтуынша, биылға арналған тауарлы балық өсіру индикаторы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1297 тоннаны құраса, Павлодар өңірі бойынша 100 тонаны құраған екен. Үстіміздегі жылдың алты айында Шығыс Қазақстан өңірінде әзірге 726, ал Павлодар облысында 25 тонна ғана тауарлы балық өсірілген. Дей тұрғанмен, бұдан жоспарлы көлем шықпай қалады деген асығыс шешім шығаруға келмейтін шығар. Өйткені, жыл соңына дейін көзделген межеге балық өсірушілер көрсеткішті жеткізіп қалуы да ықтимал. Айта кетсек, былтыр қос облыс бойынша балық өсіру көлемі 530 тоннаны құраса, жыл соңына қарай балық өсірушілер жоспарлы көлемді толықтай орындап шыққан екен.
Бүгінгі күні өңірдің өзен-көлдеріндегі балық шаруашылығын жүргізуге арналған телімдеріне инвестор іздеу жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Биыл жыл басынан бергі уақыт аралығында Бұқтырма су қоймасындағы жеті учаскенің төртеуі балық шаруашылықтарына конкурс арқылы белгіленіп берілсе, қалған үшеуіне инвестор іздестірілуде.
– Бұл учаскелер балық шаруашылығын жүргізушілерге 20 жылға беріледі. Биыл жергілікті су қоймалардан телімдер беру бойынша бес конкурс өткізілсе, оның төртеуі көлдерде тауарлы балық өсіретін, ал біреуі тор шарбақтарда балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға берілді. Павлодар облысы бойынша екі конкурс өткізіліп, тоғыз тоған балық шаруашылықтарына белгіленіп берілді. Жыл соңына дейін тағы 15 тоған бекітіліп берілетін болады, – дейді Фархат Байбазаров.
Биыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша белгіленген балық аулау лимиті 10,2 мың тоннадан асса, оның 9,5 мың тоннасы, яғни 93 пайызы жылдың бірінші жартысында ауланып қойды. Ал Павлодар облысында бұл көрсеткіш 89,1 пайызды құрап отыр.
Енді осы өсірілген балық қорын көздің қарашығындай сақтау мәселесіне келсек, биыл жыл басынан бері өңірдің өзен-көлдерінде 800-ге таяу балық қорғау шаралары өткізілген екен. Нәтижесінде, заңды белден басқан 603 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 11 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
– Алты адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, 77 әкімшілік іс соттың қарауына жолданды. Ресімделген материалдар бойынша құқық бұзушылардан екі мың келі балық, 1095 ау мен аулау құралдары, тоғыз қайық пен екі қозғалтқыш тәркіленіп, сот шешімімен мемлекет меншігіне өткізілді. Сонымен қатар, биыл жыл басында судағы балықтардың оттегі жетіспеушілігінен қырылып қалмауы үшін өңірдегі су айдындарындағы мұзды бұрғылап мұзойықтар жасау жұмыстары жүргізілді, – деді Фархат Байбазаров.
Осылайша, биыл мұз қабаттарына жеті мыңнан астам мұзойық жасалып, қамыс баулар орнатылды. Аталған жұмысқа 400-ден астам адам мен 198 техника жұмылдырылды. Жалпы, үстіміздегі жылы Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы су қоймалардың таяз бөліктерінің беті толықтай қатуына байланысты, осындай төрт факті тіркелген. Өзен-көлдердегі өлген балықтар жиналып, санитарлық нормаларға сай көзі жойылған.