Агросектор

Көктемгі дала жұмыстарын бастауға дайын

Ерлан БАПАНОВ, Тарбағатай

«Көктемгі әрекет күзгі берекет» дегендей, күн жылынып, жер қарая салысымен Тарбағатай ауданының еңбеккерлері егіс жұмысына қамданып жатыр. Биыл олар 7 мыңға жуық гектар суармалы алқапты игермекші. Сөйтіп, Президент жүктеген міндеттің өңірлерде орындалуына өз үлестерін қоспақ.

Төскейде төрт түлігін өргізген бұл өңірдің шаруалары кейінгі жылдары егіншілікке де мықтап бет бұра бастады. Иә, мал өсірген соң және анау-мынау емес, асыл тұқымды сапалы түлік түрлерін көбейтуге иек артқан соң оның жемшөбі де соған сай болуы керек.

Ауданның ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрамбек Мұқатовтың айтуына қарағанда, «Көктемнің әр күні жылға азық» дейтін тарбағатайлық шаруалар биыл шамамен 6907 гектар суармалы егістік алқапты игеруді жоспарлап отырған көрінеді. Оның ішінде 250 гектар алқапқа бидай, 230 гектарға арпа, 15 гектарға сұлы, 5 гектарға бұршақ, 293 гектарға картоп, 115 гектарға көкөніс, 27 гектарға бақшалық (қауын, қарбыз), 5 гектарға мал азықтық жүгері, 375 гектарға құнарлы мал азықтық көпжылдық шөп егілмек.

Суармалы алқаптар көлемін ұлғайту – өңір шаруаларының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай еліміздегі суармалы жерлердің көлемін 2,2 млн гектар, ал 2030 жылға қарай 3 млн гектар межеге жеткізу туралы нақты тапсырма берген. Соған сәйкес республиканың барлық өңірінде осы бағыттағы жұмыс қарқынды. Оның ішінде біздің облыста да суармалы алқаптар айтарлықтай кеңейтіліп, іске жарамсыз болып тұрған су қоймалары мен тоғандарды қалпына келтіру мәселесі күн тәртібіне қойылған және ол сәтті іске асырылып жатыр.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне суармалы алқаптардың аумағын жыл сайын кеңейте отырып 2030 жылға қарай 3 млн. гектарға дейін жеткізу жөнінде нақты міндет қойып отыр. Негізгі кәсібі мал өсіру болса да тарбағатайлық шаруалар кейінгі уақытта егіншілікті де, оның ішінде суармалы жерлерді игеруді мықтап қолға ала бастады. Бұл – өте дұрыс. Мал азығын дайындауда суармалы жер телімдерін пайдаланудың тиімділігі зор, – дейді бөлім басшысы Мейрамбек Мұқатов.

Бөлім басшысымен әңгіме барысында диқандардың қажетті тұқыммен қамту мәселесі де сөз болды.

– Аудан бойынша көктемгі егіс жұмыстарын атқаруға 130 шаруашылық құрылымы қатысады деп отырмыз. Олар дәнді-дақыл, жүгері, көпжылдық шөптер (жоңышқа, эспарцет, житняк) және картоптың жоғары сапалы тұқымдарын Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан, сондай-ақ көрші Абай, Павлодар, Алматы облыстарының тұқым шаруашылықтарынан келісіп, сатып әкеледі. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ, – деп нақтылаған Мейрамбек Мұқатов дала жұмыстарына техникалар да сақадай-сай екенін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, көктемгі егіске ауданнан 153 МТЗ-80-82 тракторы, 60 қытайдың шағын тракторы, 60 трактор тіркемесі, 21 ДТ-75 тракторы, 61 пұлық, 20 тұқымсепкіш, 336 тырма, 61 ГАЗ-52, ГАЗ-53 көлігі және басқа да ауылшаруашылық техникалары әзір тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті жеңілдетілген дизель отынына сұраныс берілген. Бұл мәселе зерттеп-зерделеніп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан ауданның шаруашылық құрылымдарына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге сәуір, мамыр, маусым айларына жиыны 390 тонна дизель отыны бөлініпті.

– Биыл ауданымызға дизель отынын тасымалдап жеткізу операторы болуға «SWP Silk Way Petroleum» ЖШС тағайындалып, келіссөздер жүргізілді. Аталған серіктестіктің Аягөз қаласындағы мұнай базасынан жанар-жағармайды тікелей жүк көлігімен жеткізуге мүмкіндігі бар. «SWP Silk Way Petroleum» ЖШС дизель отынын шаруашылық құрылымдары мен шаруа қожалықтарына бір литрін 220 теңгеден кедергісіз, үздіксіз тасымалдап отыратын болады. Жанар-жағармай  ауыл әкімдері берген кестеге сәйкес беріледі, – деп түсіндірді бөлім басшысы.

Соқа-сайманын сайлап, техникасын майлап түрен салуға тас-түйін отырған тарбағатайлық шаруалар көктемгі «егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізсек, күзгі нәтижеміз де жаман болмас» деген ойда. Ендеше, іске сәт делік!

 

Осы айдарда

Back to top button