Қоғам

Көше-жол желісі жөнделмек

Алтай ауданының бес елді мекенінде жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын көше-жол желісі орташа жөндеуден өткізіліп жатыр.

Аталмыш жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атаған аудандық мәслихат өкілдері жүргізілетін жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттерден қажетті мөлшерде қаражат бөлінгенін хабарлады. Атап айтсақ, дәл қазіргі уақытта ауданның Соловьев, Тұрғысын, Малеевка, Полянское ауылдары мен Зубовка кентіндегі көшелер орташа жөндеумен қамтылған. Жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын көше-жол желістерінің жөнделуін аталмыш ауылдар үшін соңғы жылдары қолға алынған ең ірі жоба ретінде қарауға болады.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының басты міндеті ауыл-аймақтардағы өмір сапасын жақсартып, ол жерлердегі инфрақұрылымды қайта жаңғырту болып табылатыны белгілі. Ауыл тұрғындары көп жылдар бойы жол азабын тартып келе жатқаны рас. Осы ретте, жөнделіп жатқан жолдардың сапалы болуы олар үшін өте маңызды. Сондықтан аудандық мәслихат депутаттары қолға алынған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы жүргізіліп жатқанын бақылауды жолға қою мақсатында құрылыс басына барып бақылауды дәстүрге айналдырған.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button