Спорт

Көрерменнің қолдауы керек

Шығысқазақстандық жас волейболшылар ел чемпионатында екінші орын алды.

Өскемендегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде 23 жасқа дейінгі ерлер командасы арасында республика чемпионатының бесінші финалдық кезеңі болды. Жоғары лига командаларының арасындағы бұл бәсеке он күнге ұласты.

Бесінші турдың қорытындысы бойынша, алматылық «Буревестник-2» командасы үздік шықты. Олар 30 ойында жеңіске жетіп, 91 ұпай жинаған.

Күміс жүлдеге «Алтай-2» командасы тұрақтады. Былтыр алтын алқа тағынған олар биыл жеңімпаз командадан небары төрт ұпай қалып қойды (29 жеңіс, 87 ұпай).

– Жеңіске жетуге нақты ешқандай кедергі болған жоқ. Екі команданың техникалық және физикалық жағдайы тепе-тең. «Бұйырған кетпес, қуған жетпес» дейді ғой, «Буревестниктің» жолы болды, – дейді команда капитаны Берік Баярысов.

Ойыншылар карантиннен кейін ойындардың басталғанына қатты қуанғанын айтады. Дегенмен, жарыстың көрерменсіз өткені сәл ыңғайсыз болған. «Өз алаңымызда жанкүйерлердің қолдауы болғанда мол күш-қуат алар едік» дейді олар.

– Барлық ойын қиын болды, себебі командалар түгелдей құрамын күшейткен. «Буревестникпен» бес партияға созылған ойын психологиялық, эмоционалдық жағынан ауыр тиді. Финалдық ойын үлкен жауапкершілік жүктейді ғой, – дейді ойынға сараптау жүргізген капитан.

Команда енді демалысқа шықты. Жақын арада жарыс жоқ. Шамамен, екі айдан кейін келесі маусымға дайындық басталады.

Айта кету керек, Берік Баярысов турдың командадағы үздік ойыншысы аталымына ие болды. Болашағынан үміт күттіретін жастың көздеген мақсаты бар, бірақ оны іспен дәлелдегісі келеді. Бұған дейін ересектер командасында ойнап көрген ол үлкен ұжымдардан шақырту келсе, қатарға қосылуға әзір.

Республикалық бұл доданың қола жүлдесі «Атырау-2» командасына бұйырды. Олар алдыңғы екі топтан біршама аз ұпай жинаған: 23 жеңіс, 66 ұпай.

              Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button