Күнбағыс алқабының үлесі азаяр емес
Аудандардан алынған жедел мәліметтерге қарағанда, 2016 жылғы нақты егіс алқабы 1320 мың гектарды құрады. Бұл жоспардағыдан 15 мың гектарға, 2015 жылғы көрсеткіштен 33 мың гектарға артық.
Егістік көлемі бірінші кезекте жерді түгендеу кезінде анықталған игерусіз телімдерді айналымға енгізудің арқасында артқан. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, жыртылған аймақтың тең жартысына жуығына, нақты айтсақ, 45 пайызына дәнді және бұршақ дақылдары егілген. Ал майлы дақылдар алқабының үлесі 28,6 пайызға тең. Бұл 377,6 мың гектар деген сөз. Оның ішінде күнбағыс алқабының үлесі мол қалпында қалып отыр. Өңір диқандары 353,7 мың гектарға күнбағыс дәнін сепкен. Мал азығының алқаптары 305,8 мың гектарды алып жатыр. Картоп пен өзге бақша дақылдары 36 мың гектарға егіліпті. Бұл барлық егіс алқабының 2,7 пайызын ғана қамтиды. Дегенмен, нарықтағы баға картоптың аймағымызда жеткілікті мөлшерде өндіріле бастағанын көрсетті.
Тағы бір атап өтерлік жайт, ылғал үнемдеу технологиясы енгізілген алқаптың аумағы артып, 463 мың гектарды құрады. Осыдан 10 жыл бұрын 25 мың гектар жерге ғана мұндай технология пайдаланылатын. Бұл тараптағы шаруаның қарқынды әрі жүйелі жүруі үшін төмендегідей ұйымдастыру жұмыстары жасалғанын айтпай кетуге болмайды.
Біріншіден, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облыс диқандары бидай мен арпа тұқымын форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 300 миллион теңге несие алды. Аталған жүйе бойынша мемлекет шаруадан күзде орылатын астықты алдын ала сатып алады. Мұндай тәсіл шаруаны көктемгі егіс науқанына қажет қаражатпен қамтып, тұрақтандыру қорларын астық бағасының күзде өсу тәуекелінен құтқарады.
Екіншіден, арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету үшін Павлодар мұнай-химия зауытынан тоннасы 95 мың 421 теңгеден 24 мың тонна дизель отыны бөлінді. Үшіншіден, топырақ құнарлылығын арттыру үшін шаруаларға 13500 тонна субсидияланатын минералдық тыңайтқыш бөлінді. Ол үшін отандық өндіруші зауыттарға минералдық тыңайтқыштың құнын арзандатуға 603 миллион теңге субсидия төленді. Жалпы өсімдік шаруашылығын қолдау үшін биыл 1 млрд. 729 млн. теңге субсидия бөлінген. Оның ішінде тұқым шаруашылығын субсидиялауға 305 млн. теңге, тұқымдық материалдың сұрыптық және егістік сапасын айқындауға 30 млн.теңге, минералдық тыңайтқыштың құнын арзандатуға 603 млн. теңге, гербицидтердің құнын арзандатуға 390 млн. теңге, зиянды организмдермен күрес жүргізуге арналған іс-шараларға 55 млн. теңге, су беру қызметінің құнын субсидиялауға 346 млн. теңге қарастырылған.
– Қолда бар тұқымдардың сапасы жерге егілмес бұрын облыстық бюджет қаражаты есебінен толықтай тексерілді. Техниканы уақтылы жөндеу, дизельді отынды мерзімінде жеткізу сынды дайындық іс-шаралары көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізуге және барлық жаздық дақылды 10 маусымға дейін сеуіп бітіруге мүмкіндік берді, – дейді басқарма басшысы Қонысбай Төлеубеков.
Облыс бойынша 2016 жылға арналған егіс алқаптарының құрылымы ғылыми негізделген құрылыммен сәйкес келеді. Тек күнбағыс алқаптары әдетінше нормадан асып кеткен. Ғылыми ұсынымдар күнбағыс алқаптарының үлесі 17-20 пайыздан аспау керектігін талап еткенімен, нақты жағдайда бұл көрсеткіш 27 пайызды құрады.
Мұндай кері құбылыс әсіресе, Үржар ауданында байқалады. Онда күнбағыс алқабы егіс құрылымының 38 пайызын алып жатыр. Сондай-ақ, Бородулиха ауданында 34,3%, Шемонайха ауданында 28%, Катонқарағай ауданында 28%, Зырян ауданында 27% алқапқа күнбағыс себілген.
Ал кейбір аудандарда мал азығы дақылдарын өсіруге жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, Глубокое ауданында мал азығы дақылдарын егуге 6,4 мың га, немесе барлық егістік жердің 6,7 пайызы, Зырян ауданында – 5,6 мың га (8%), Шемонайха ауданында 13,0 мың га (9,5%) бөлінген. Ғылыми ұйғарым бойынша ең төменгі норма 15-25 пайыздың айналасында болуы керек. Аягөз, Күршім аудандарының қожалықтарында бір келі де минералдық тыңайтқыш себілмеген.
Есімжан Нақтыбайұлы