Күн мен Түннің сөз сайысы
Күн:
Армысың, маған күндес қап-қара түн,
Тек ұйқының қалауын атқаратын.
Мен келсем жер бетіне жылу шашып,
Қыз-жігіт «ұйқыашар» жеп шаттанатын.
Етегін түнегіңнің түре келдім
Нұрыма шағылысып ақ қанатым.
Сен қысқарып бересің таңға кезек,
Жан біткен мәз болады жалғап өзек.
Сәті түспей жүр еді шарпысудың,
Тілімізді таңдардан таңға безеп.
Мәртебеміз теңескен осы күні,
Айтысып көрейік біз алма-кезек.
Түн:
Өмір кезек, мұңаям енді несін,
Елжіресе, табиғат елжіресін.
Екпіндеп отырсаң да Наурыз кеп,
Менімен кезектесіп тең жүресің.
Көктемдегі мейірің шектен асып,
Қарғын су шығармасын елдің есін.
Мен бердім кезегімді аттан түсіп,
Сол үшін отырсың-ау мақтан қысып.
Сабыр ет, әлі сен де күз келгенде,
Орныңды босатасың тақтан түсіп.
Күн:
Дедің бе, қардың суы – күн жемісі,
Уәжіңнің осы ма еді іргелісі?
Қашанғы апаттарға қарап тұрсаң,
Қарғын судың қауіпті түндегісі.
Наурызда сен бездірген құс келеді,
Табиғат таңғажайып түске енеді.
Мен ұзарсам, бұл жақта жаз болады,
Сен ұзарсаң, қытымыр қыс келеді.
Сенде өтеді жынойнақ жиындар да,
Бағынбайтын дін салған тыйымдарға.
Айтшы осы адамзатқа беретұғын
Ұйқыдан басқа сенің сыйың бар ма?
Түн:
Досым, олай кемітпе кеш үлесін,
Маған бұлай тағасың несіне сын?
Мысалы, қазақ деген дархан халық
Жау келсе, түнде тапқан көш ретін.
Айлы түнді жамылып талай ғашық,
Балдай тәтті сезімді кешіретін.
Көк түркінің ұрпағы көк бөрідей
Түнде жортып тапқан ғой несібесін.
Күн мырза, өзін-өзі мақтауын-ай,
Түнге әкеп бар кінәні тақпа бұлай.
Тал түсте де боп жатыр талай сұмдық,
Адам жоқ күннен бақыт тапқан ұдай.
Тіршілік түнде ғана ұйықтайды деп,
Досымның қателесіп жатқанын-ай.
Көріп жүрсің ұйықтайды мінберлерде,
Түнде тірлік жасаған ақшалы бай.
Таңнан адам тапқанмен несібесін,
Біреулер қайыр тілер бақ дарымай.
Адамның «айы туса» жақсы емес пе,
Біреуге «күн туғаннан» сақта құдай!
Күн:
Егерде барар болсақ нақ егеске,
Күн нұры тіршілікке бақ емес пе?
Сен деген қара түстің символысың,
Күн болса арай шашқан ақ емес пе?
Аталы сөзбен айтсам жауабымды
Қашан да аққа құдай жақ емес пе?
Мен куә әр жақсылық бастамаға,
Қуатымды сондықтан рас бағала.
Айдың нұры жарамас ештемеге,
«Балама энергия», басқаға да.
ЭКСПО-да адамзатқа пайдалы боп,
Менің нұрым барады Астанаға.
Түн:
Күн байқұс қайдан ұқсын ай қадірін,
Адамзаттан асқан ба айла бүгін.
Сен айтқан энергия дәуірінде
«Түнгі тариф» – қанатын жайған ұғым.
Су мен ток мен келгенде арзандайды,
Ал күндіз аспандатар айға құнын.
Езуімнен энергия бөлмесем де,
Халықтың қалтасына пайдалымын.
Күн:
Менсіз түннің тағдыры тұлдыр еді,
Менің осы жеңісіммен жыл кіреді.
«Наурыз» деген сөздің мағынасы
«Жаңа күн» деген ұғым білдіреді.
Жетпіс жыл күні батып, қызыл болған,
Қазақтай қадірімді кім біледі?
Тәуелсіздік таңы атқан қазағымның,
Көк туында нұр төгіп күн жүреді!
Түн:
Мынау ел тойлағанда Ұлыс күнін,
Сенің алға озғаның дұрыс бүгін.
Ызғарымды ертіп алып мен де кеттім,
Қыс деген тапсын онда қылыш қынын.
Сенің де жазың елге жайлы болсын,
Ұзақ күнде керек емес тым ыстығың.
Сені көріп қуансын бар тіршілік
Құт алып келеді деп ырысты күн.
Екеуімізді жаратқан егіз етіп,
Бір Алла айтар өзі дұрыстығын.
Сенің де елге төгілсін күміс нұрың,
Менің де елге керек қой тыныштығым!
Күн мен Түннің сөз сайысын қағазға түсірген – Мұратхан Кенжеханұлы мен Есімжан Нақтыбайұлы