Экономика

Күмістелген қобызын шет елдіктер 1,5 миллион теңгеге бағалапты

Күмістелген қобызын шет елдіктер 1,5 миллион теңгеге бағалапты

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары – 2016» өңірлік көрме-конкурсы өтті. Облыстық драма театырының фойесінде 60-тан астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов конкурсқа қатысушылардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атады.
-Өз тауарын ұсынушылардың саны жыл сайын артып келе жатқанынан-ақ шараның берері мол екенін байқауға болады. Өңірлік кезеңнен үздік шыққандар республикалық конкурста өңірдің намысын қорғайды,- деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шараға облыстың барлық аудандары түгелдей атсалысыпты. Тауар өндірушілер үш аталым бойынша сынға түсті. «Үздік өндірістік тауар» аталымы бойынша 18 кәсіпорын, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымына 14 өндіруші, «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша 21 кәсіпорын өз өнімдерін сөреге қойды.

Күмістелген қобызын шет елдіктер 1,5 миллион теңгеге бағалапты

Солардың арасында семейлік «Терра Вита» ЖШС ұсынған медициналық қондырғылар мен тоңазытқышты үстелдер көпшіліктің назарын өзіне аударды. Серіктестік директоры Насихат Исабаеваның айтуынша, дағдарыс дендегелі медициналық қондырғыларға деген сұраныс азайған. Сондықтан кәсіпорын дүкен сөрелеріне арналған тоңазытқышты үстел жасауды жолға қойыпты. Бұл үстел ет өнімдерін сатуға таптырмайтын құрал екенін айтады. Ал өскемендік «Масла и смазки Казахстана» ЖШС техника майлауға қажет өнімдердің барлық түрін ұсынды. «Бриссоль» ЖШС-нің қозғалтқыш сүзгілері де көрме қонақтарының қызығушылығын тудырды. Бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өнімін ұсынып отырған кәсіпорын еуропалық сапа стандартымен жұмыс істейді. Олар ұсынған сүзгілер сапасы жөнінен еуропалық брендттермен тең болғанымен, бағасы жағынан олардан әлдеқайда тиімді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов «Мәмбет» шаруа қожалығының қой еті өнімдерін жоғары бағалады. Қожалық өкілі Әдия Қараның айтуынша, кәсіпорын ет өнімдерінің кейбір түрлерін мұздатып жөнелтуді жолға қойған. Қожалық байыс тұқымды қойлардың санын 3500 басқа жеткізген екен. Өндіріс жолға қойылғанымен, өнімді өткізу жағынан қиындықтар туындай бастағанын айтады. Н.Сақтағанов облыс орталығындағы «Арзан», «Метро», «АДК» сияқты ірі сауда нүктелерінен орын ұсынуға болатынын ескертіп, бұл мәселені шешуге көмектесуге дайын екенін айтты.
Тарбағатайлық «Төретоғам» ЖШС-нің қытайлық компаниямен бірлесіп өңдеген балық өнімдері, шемонайхалық «Исток» ЖШС-нің сүт өнімдері, өскемендік «Ардагер» маркалы макарон өнімдері, семейлік «Ардагер бройлер» ЖШС-нің құс еті өнімдері, «Арыстанбек-Үржар» ЖШС-нің Моңғолия қазақтарының тәсілімен дайындалған ақ тағамдары азық-түлік сөресінің көркін ашып тұрды.

Күмістелген қобызын шет елдіктер 1,5 миллион теңгеге бағалапты

Көкпекті ауданынан келген қолөнерші Жанна Жабекованың тоқыма бұйымдары әсемдігімен көздің жауын алды. Жас кәсіпкер осыдан бірнеше жыл бұрын көлік апатына ұшырап, арбаға таңылған екен. Бүгінде ол жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік грант бойынша өз бизнесін дөңгелетуде. Ал үржарлық жас зергер Ертай Сәрсенов тек күмістен ғана жасалған зергерлік бұйымның түр-түрін әкеліпті. 29 жастағы қолөнер шебері қыл қобыз да шабады екен.

Күмістелген қобызын шет елдіктер 1,5 миллион теңгеге бағалапты

-Қазақ үшін күміс ең киелі металл болған. Сондықтан мен де әуел бастан тек күміске ғана мамандандым. Бұл конкурсқа бірінші рет қатысып отырмын. Әйтпесе, халықаралық көрмелерден қалмауға тырысамын. Соңғы рет қатысқан халықаралық көрмеде күмістелген қобызымды шетелдіктер 1,5 млн. теңгеге бағалап кетті. Ал оны Қазақстанда 500 мыңға саудалап жүргенмін, – дейді шебер.
Облысты қойып, республика көлемінде танымал «Силикат» ЖШС сынды компаниялар көрмеге конкурстан тыс қатысып, жаңа өнімдерін жарнамалауға мүмкіндік алды. Шығыстың барлық брендтері осы көрмеде тоғысты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий сырттан модификацияланған жасанды тамақ өнімдері қаптап, Дүниежүзілік сауда ұйымына енген шақта жергілікті табиғи өнімдерді жарнамалауға бұл шараның қосар үлесі зор екенін, осы көрмеде бірнеше кәсіпорын өзінің инновациялық өнім ұсынғанын атады.
Конкурс нәтижесінде «Үздік өндірістік тауар» аталымы бойынша «Адеком Проммаш», «Масло и смазки Казахстана», «Терра Вита» ЖШС жүлделі орындарды өзара бөліссе, глубокоелық «Восток Универсал» ЖШС «Көрермен көзайымы» атағын жеңіп алды.
«Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бойынша «Серсенов», «Никонова» және «Мұсабалина» жеке кәсіпкерліктері жүлдеге ілініп, «Жабекова» ЖК «Көрермен көзайымы» деп танылды.
«Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша «Восток-Молоко», «Прииртышская бройлерная фабрика», «Шахан-Ата» ЖШС үздік деп танылды. Бұл аталымдағы «Көрермендер көзайымы» атағы «Шемонайха ұн комбинаты» ЖШС-не бұйырды. Шығыстың барлық брендтері осы көрмеде тоғысты. Ең бастысы, өңірдің тауар өндірушілері бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа байланыстар орнатып қайтты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button