Көмір саудасын бақылауға алар кез жетті
Үржар ауданында көмір бағасы 18 мың теңгеге жеткен. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс әкімдігінің мәжілісінде айтты.
Өңірдің жылыту маусымына қаншалықты дайын екенін облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев баяндады. Оның айтуынша, Тарбағатай, Бородулиха, Аягөз, Көкпекті аудандарында халықты қажетті көмірмен қамту көрсеткіші 8-17 пайыз аралығында қалып отыр. Облыс әкімі мұндай көрсеткіш Шығыс Қазақстан үшін алаңдатарлық жағдай екенін айтып, басқарманың жұмысын сынға алды.
-Қыркүйектің 15-інде қар түсе қалса, елдің бәрі отынсыз қалуы мүмкін. Мен сіздерге мамыр айынан бері елді көмірмен қамтуға тапсырма бергенмін. Үш ай бойы арқаны кеңге салып жүрдіңіздер. Барлық әкімдер қыркүйектің ортасына дейін елді 100 пайыз көмірмен қамтитын болсын. Бұл мәселеде ешбір сылтау қабылданбайды. Өйткені, қажетті қаражат бюджетке мамыр айында салынып қойған, – деді Даниал Ахметов.
Ал көмір бағасына қатысты мәселені ретке келтіру табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне жүктелді.
-Үржар ауданында көмір бағасы шынымен 18 мың тоннаға жеткен. Монополияға қарсы қызметтер қайда қарап отыр? Көмір тасымалдаумен айналысатын адамдардың жұмысын мемлекеттік кіріс департаменті қолға алсын. Тасымал бағасы көмірдің бағасына әсер етпеуі керек. Осының бәрін мұқият зерттеп, орын алған ояқылықты реттеу бойынша ұсыныс енгізіңіздер, – деді облыс әкімі.
Былтырғы қыста сапасыз көмірдің кесірінен тоңып шыққан өскемендіктерге биыл да қиын болуы мүмкін. Әсіресе, көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығы мардымсыз. Қыс ерте түсе қалса, көпқабатты үйлердің тең жартысы алғашқы аязды жылусыз қарсы алуы мүмкін. Қала бойынша жылу желілерінің 15 пайызы ғана, су құбырларының 23 пайызы ғана қысқа дайындалған. Жаңа әкім Жақсылық Омарға бұл олқылықты шұғыл түрде жою тапсырылды.
-Қыркүйектің 15-іне дейін барлық әлеуметтік нысандар мен білім ошақтары, денсаулық сақтау мекемелері қысқа толық дайын болуы тиіс. Облыс орталығының қысқа дайындығы сын көтермейтінін біле тұра, дабыл қақпаған энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы жұмысын ширатуы керек, – деді Даниал Ахметов.
Ал Семей қаласын жылумен қамтуға жауапты негізгі мекеме «Теплокоммунэнергоның» басқаны қойып, отын сатып алатын ақшасы жоқ. Мұрат Мұсатаев осылай деді.
-Сіз аталмыш мекеменің дебиторлық алашағы мен кредиторлық берешегі қанша екенін айта алмай тұрсыз. Сөйте тұра, отын сатып алатын ақшасы жоқ дейсіз. Жағдай сіз айтқандай болса, қала әкімі Ермак Сәлімовпен бірге арнайы комиссия құрып, барлығын тексеріңіздер. Қала тұрғындары қыс ортасында бүрсеңдеп жүрмесін. Соңғы үш жылда ғана Семейдің жылу жүйесін жаңғырту үшін миллиардтаған қаржы бөлдік. Соның бәрі қайда кеткен. Қажет болса, «Теплокоммунэнерго» компаниясының басшылығын ауыстыру керек, – деді облыс әкімі.
Есімжан нақтыбайұлы