Мәдениет

Үкілінің сұлуы үмітті ақтады

Үкілінің сұлуы үмітті ақтады


Алматы қаласында Fashion house international Kazakhstan сән үйінің ұйымдастыруымен сұлулық байқауы болып өтті. Осы сұлулық байқауына Үкілі ауылының тұрғыны Әлия Шибутова қатысып, «Missis Charm World Kazakhstan Beauty-2016», яни «Қазақстанның ең әдемі әйелі» номинациясы дипломымен марапатталып, сұлулық тәжін басына киіп, жеңімпаз атанды.

Өткен жылдың соңында Семей қаласында «Іңкәр сезім» этно-студиясы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен сұлулық байқауында «Миссис Семей-2015» дипломының иегері атанған ару-ана Алматы қаласында өткен бұл сұлулық байқауында да жеңімпаз атанып, Мәскеу қаласында өтетін «Миссис-2016» ару-аналар байқауына қатысуға жолдама алды. Осы орайда «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген» жеңімпаз ару-ананың қуанышын бөлісуге Үкілі ауылына арнайы барып қайтқан едік. Бүгінде бір отбасының ұйтқысы, отағасының тірекшісі, үш баланың анасы атанған Әлия Әскербекқызы сұлулық байқауы туралы бізге ерекше ықыласпен әңгімелеп берді.

– Мен ешқандай да модельер емеспін, бірақ осындай байқаудың болатынын естіп, жанұямның мүшелерімен ақылдаса отырып, Семей қаласына жол тарттым. Бұл ретте жолдасым Бауыржан, ұлдарым Нұрхат пен Ерхат та қолдау көрсетіп, маған зор рухани күш берді. Бұл өткен жылдың соңы болатын. Қыстың қытымыр ауа райына да қарамай, екі жасар ұлымды көтеріп, сұлулық байқауының ұйымдастырушысы «Іңкәр сезім» модель мектебінің директоры Айна Тоғысоваға өтініш білдірдім. Менің шалғай ауылда тұратынымды, қарапайым отбасындағы үй шаруасындағы әйел екенімді тыңдай отырып, ұсынысымды қабыл алды, – дейді ол.

Ұйымдастырушылар тарапынан қойылған барлық талаптарды толық орындап, «Миссис Семей-2015» дипломымен марапатталып, сұлулық тәжін басына кигенде, Әлияның қуанышында шек болмапты. Байқау барысында үлкен ұлы Ерхат екеуі грузин биін билеп, көпшілік қошеметіне бөленеді. Алматы қаласында өтетін байқауға жолдама алған соң, үнемі дайындық үстінде болады. Еңбегі нәтижесіз болған жоқ. Жеңіспен оралып, отбасын, бүкіл ауылын қуанышқа бөлейді.

– Мәскеу қаласында өтетін ару-аналар байқауына жолдама алдым. Маған рухани көмек беріп, қол ұшын созып, демеу көрсетер жомарт жандар болса, бұл байқауға да қатысып көремін, -дейді Әлия Әскербекқызы.

Бұл орайда айта кету керек, «ең алдымен отбасыма, жолдасыма, балаларыма алғысым шексіз» деп қуанышымен бөліскен Әлия Әскербекқызы Семей қаласындағы «Сәукеле» салонының дизайнері Жанна Баймұратова, стилист Ләззат Бейсебаева, Жарма аудандық мәслихатының депутаты Құрма Нүкенова, аудандық Мәдениет үйінің директоры Маржан Асанова, Шар қалалық Мәдениет үйінің директоры Биғайша Нұрбаева, осы мекеменің хореографы Еңлік Зейноллаева сынды біршама ел азаматшаларының сұлулық байқауына қатысып, жүлдегер атануы жолында көп қолдау көрсеткеніне өзінің ризашылығын жеткізді.

Қазақ әйелінде кездесетін асыл қасиеттердің барлық жиынтығын бойына жинай білген, үй шаруасын шыр көбелек айналдырып, балаларының тәрбиелі болуына барын салып жүрген Әлияға биік шыңды бағындыра беріңіз демекпіз.

Кәусар Арықханқызы
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button