Көлік колледжі тоқсанға толды

Семейдегі көлік колледжін «Қазақстан барысы-2019» турнирінің жеңімпаы атанған, аты алты алашқа белгілі Айбек Нұғымаров басқарады. Колледждің тарихы әріде жатыр. Колледж 1929 жылы ашылған.
Айбек Нұғымаровтың айтуынша, 90 жылдық тарихында оқу орны көп нәрсені бастан кешірген. Ең бастысы, осы жылдар ішінде колледж өзінің оқу базасы мен қалыптасқан дәстүрлерін сақтап қалды. 1930 жылдың 2 сәуірінде Қазақ Автономиялық Республикасының Халық комиссарлар кеңесі сол кездегі Семей жол құрылысы-механика техникумына оқу сабақтарын өткізу үшін және жатақхана есебінде ғимарат бергізеді. Сөйтіп, Ішкі істер ұлттық комитетінің автожөндеу ұстаханаларының базасы ретінде колледж өзінің жұмысын бастайды. Әр жылдары колледж заман талабына сай жаңа оқу үрдісін енгізіп отырады. 1954 жылы «Автомобильге техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандығы бойынша жаңа бөлім ашылады. Көлік колледжінің «Әскери және еңбек даңқы мұражайы» бар, ол Ұлы Отан соғысына қатысушы, колледждің әскери жетекшісі Н.Кашуриннің басшылығымен «Әскери даңқы бөлмесі» негізінде 1970 жылдары ұйымдастырылған.
– 1997 жылы Семей автомеханикалық колледжі және су көлігі колледжін біріктіру жолымен қазіргі оқу орны көлік колледжі деп аталды,-деді Айбек Нұғымаров,-колледждің болашағы жарқын, себебі, ол еліміздің қорғанысы саласында маңызды орын алады.
Колледждің халықаралық ынтымақтастық саласындағы жетістіктері де айтарлықтай екен. Кәсіптік білім аясында Ресейдегі, Украина, Беларусь және Норвегиядағы кәсіптік лицейлар, техникум және колледждермен 15 келісімшарт бекіткен. Колледж Қазақстан-норвегиялық білімді дамыту жобасының қатысушысы. Трир қаласындағы Ремесленная палата кәсіптік-техникалық оқыту жобасына қатысып, біраз оқытушылары Германияға барып, біліктіліктерін жетілдіріп қайтқан.
Колледж қабырғасында бастау алған 90 жылдық мерейтой Абай театрында жалғасып, қала әкімі Ермак Сәлімов құттықтады. Ол биыл оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңалап, жатақханасын күрделі жөндеуі үшін бюджеттен 103 млн. теңге бөлінетіндігін айтты. Мерейлі мереке концерттік бағдарламаға ұласты.
Раушан Нұғманбекова
Семей.