Клиникалық хаттама қашан енгізіледі?
Айна Ескенқызы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен Amanat партиясының алаңында өткен кеңесте «тыныс алу жолдарының күйіп қалуын» емдеудің клиникалық хаттамасын енгізу мәселесі қызу талқыланды.
Белгілі болғандай, бұл диагноз бұрын болған, бірақ бірнеше жыл бұрын күшін жойыпты. Өкінішке қарай, неліктен және кімнің бастамасымен солай болғаны белгісіз.
Бұл мәселені алғаш облыстық экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев көтерген. Оны ізінше жергілікті БАҚ таратып, содан кейін ШҚО бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Серік Мизанбеков және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қосылған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Өскеменге келген кезде министрге де тамақтың күйіп қалуы туралы бірнеше рет сұрақ қойылды. Министр бұл мәселені келер жылдың бірінші тоқсанына дейін шешуге, Семей мен Астанадағы медициналық университеттердің ғалымдарына тапсырма беріп, хаттаманы жаңарту мүмкіндігін талқылауға уәде берді.
- Қала тұрғындары түтіннің жиналуы және қолайсыз метеожағдайлар кезінде тамақ жыбырлап, жұтындырмайтынына, жалпы әлсіздік және басқа да симптомдарға жиі шағымдануда. Алайда бүгінгі күнге дейін медициналық мекемелер тыныс алу жолдарының химиялық күйігін ауру деп санамайды. Әдетте мұндай симптомдармен ауыратын науқастарға ЖРВИ немесе тұмау диагнозы қойылып, тиімсіз ем тағайындалады. Осылайша, біздің өңірдегі мыңдаған адам тиісті ем қабылдамайды, – деп атап өтті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері.
Облыстық мәслихат депутаты Марина Быкова жиналғандарға кез келген зерттеу үшін қаржы қажет екенін айтты. Депутат ол үшін алдымен бюджетке өтінім жолдау керектігін, осыған көмектесуге дайын екендігін жеткізді.