Мәдениет

Көңілді тапқырлар көптің көңілін тапты

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында облыстық қазақша КТК (көңілділер мен тапқырлар клубы) лигасының ширек финалдық ойыны өтті.

Көңілді тапқырлар көптің көңілін таптыБұл «Маусымашар-2012» сайысында әрісі Алматы, берісі Аягөз, Бесқарағай, Жарма аудандары мен Семей, Өскемен қалаларынан 17 команда ойын көрсетті.

Қоғамның артықшылығы мен кемшілігін әдемі әзілмен әдіптейтін бұл өнер түрі бүгінде жас-кәрінің жаппай тамашалайтын дүниесіне айналғаны рас. Ол бүгінде Шығыс өңірінде ай өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді десек, артық айтқандық емес. Бұған дәлел ретінде республикалық деңгейде өрелі ойын көрсетіп жүрген «Альянс», «Нұр Зайсан», «Достар», «Алаш ұлдары», «Жаным», «Серілер», «Жарма жастары», «Аягөз жастары» сынды командаларды атауға болады.

Жалпы бүгінде облыс бойынша 120 командада үш мыңнан астам жас өнер көрсетеді екен. Ағымдағы жылы республикалық қазақша КТК лигасының ұйымдастыруымен Астанада өткен маусымашар байқауына облысымыздан 19 команда қатысып, оның сегізі ақтық сынға жолдама алып отыр. Сондықтан болса керек, бұл жолғы сайысты өткізуге әрі командалармен редакторлық жұмыс жүргізуге Қазақстан КТК одағының редакторы, КТК сайысының әкімгері Алмас Тоқабаев Астанадан арнайы келіпті.

Осылайша қазақи қалжыңды қанын тамызып айтқан он екі команда жартылай сынға жолдама алды. Осы сайысқа көп уақыттан бері төрелік етіп келе жатқан қазылар алқасының мүшесі Аида Жабағиева ойыншылардың аяқалысы әр ойын сайын жақсарып келе жатқанын айтады.

Ал бұл жолғы ойынның қорытындысы бойынша «Ең үздік ойыншы» аталымына семейлік Дархан Ниязов лайықты деп танылса, «Үздік шығармашылық топ» аталымын «Аягөз жастары» еншіледі. Сондай-ақ, өз өңірінен шыққан дарынды жастарға көмек көрсетіп келе жатқан Жарма ауданының әкімі Темірбек Қасымжановтың атына арнайы алғыс хат берілді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button