Мәдениет

Көкжал Бараққа Күршімде ескерткіш орнатылады

Көкжал Бараққа Күршімде ескерткіш орнатылады

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Көкжарлы Көкжал Барақ батырға Өскемен қаласында ескерткіш орнатылатындығы жайында хабарды естіп, төбеміз көкке жеткендей қуанған едік. Өкінішке қарай, оны қолға алмақ болған азаматтар әрі қарай жалғастыра алмаған.

Жуықта Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов ауыл тұрғындарымен кездесуінде Барақ бабамызға ескерткіш орнатылатындығын айтыпты. Ескерткіш Күршім өзеніндегі көпірге, Өскемен жақтан кіреберістің оң жағындағы оқшау тұрған таудың үстіне орнатылмақ екен. Мөлшері, жаугершілік заманда осы таудың төбесінде қарауыл тұрса керек. Кезінде «Қарауыл төбе» атаныпты. «Батыр бабамыз қазақтың әйгілі батырларымен тізе қосып, Қалба мен Көктауды, қазіргі Ұлан мен Самар аудандарының жеріндегі елді мекендерді жоңғарлардан тазартады. Қазақ жерінен әлі де есек дәмесі бар дұшпанның қалдықтары Шорғаға кеп бекінеді де, осы жерде 80 күн жан алып, жан беріскен шайқас болады. Тарихта «Шорға шайқасы» деген атпен қалған шайқас туралы Кәрібай ақын өз жырында былай деген екен:

– … Қалмаққа келіп тиді Шорғадағы,
Бұл жолы кем болмады олжа жағы.
Ер Барақ, батыр Жаман, Орақбайдың,
Аққан қан қылышынан сорғалады…

Осы шайқаста Барақ қалмақтың атақты батыры Балдынзамен жекпе-жекке шығып, жер қаптырған екен. Осыдан кейін қалмақтардың берекесі кетіп, тым-тырақай қашады. Барақ хан кеңесінің шешімімен қалмақтың Барын атты сұлу қызын олжалап, Ертісті құлдай жүріп отырып, қазіргі Құйғанның солтүстік батысындағы Жалаңаш деген жердегі өткелден өтіп, еліне келеді. Ақсақалдар, жоғарғы-төменгі Өтейдің игі жақсылары Барақты осы төбенің биігіне қарауыл қойып, қарсы алыпты. Бәлкім, «Қарауыл төбе» аталуына осы оқиға себепкер болған шығар. Батыр бабамыздың табаны тиген бұл таудың осындай тарихы барын екінің бірі біле бермейді. Ендеше, батыр бабамыздың еңселі ескерткіші де осы бір киелі таудың биігінен бөтен пиғылды сырт көзден елін қорғап, айбын боп тұрарына күмән жоқ.

Көкжарлы Көкжал Барақ – халық батыры. Жоңғарлармен соғысқа бастан-аяқ қатысып, қазақтың елін, жерін жаудан қорғау жолында көзсіз ерлік көрсетті. Осы бір сұрапыл соғыста Қаракерей Қабанбай дұшпанның батырларымен 104 рет жекпе-жекке шығыпты. Көнекөз қариялардың ауызша тарихи деректеріне сүйенсек, Қабанбайдан кейін жекпе-жекке көп шыққан Барақ сияқты. Ол орасан алып күштің иесі болған. Әйгілі этнограф, Күршімдегі өлкетану мұражайының негізін салған М.Кушниковтың «Камни Барака» деген зерттеу мақаласы – осының бір куәсі.

Қадірменді ағайын! Барлығымыз да аудан әкімі Алтайбек Сейітұлының батыл бастамасына жан-жақты қолдау көрсетіп, игі іске атсалысайық!

Советхан Қалиғожин
Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button