Экономика

Көктемгі егіске дайындық ойдағыдай

Көктемгі егіске дайындық ойдағыдай

Өңірдегі диқандар қауымы көктемгі науқанға жан-жақты дайын. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин журналистермен өткен брифингте баяндады.
Биыл облыс бойынша бір миллион гектардан астам жерге жазғы дақыл, 1,3 млн. гектардан астам жерге күзгі дақыл себілмек. Жазғы дақылдың ішіне көпжылдық шөптер де кіреді. Қыстың жылы болуына байланысты жер тоңданбаған. Бұл да егіс алқаптарындағы ылғалдың мөлшеріне өз әсерін тигізіп отыр. Ал Үржар ауданында көктемнің ерте шығуына байланысты маусымдық егіс жұмыстары өзге аудандардан екі апта бұрын басталады.
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің айтуынша, биылғы жыл жер емген шаруалардың алдына бірнеше өзекті міндеттер қойып отыр. Соның ең маңыздысы – облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық жағдайы, еліміздің ДСҰ-ға мүше болуы сияқты оқиғалар жергілікті өндірушілерден өнімнің бәсекеге қабілетті болуын талап етеді. Дүйсенғазы Мусин журналистерді жанармай тапшылығы сезілмейтініне, көктемгі егіс науқанының үзілмейтініне сендірді. Науқанға арнап диқандарға жеңілдетілген бағамен берілетін 24 мың тоннадан астам дизельді отын сатып алынған. Бүгінгі таңда дизельді отынның нарықтағы бағасы мен жеңілдетілген бағасының айырмашылығы елеусіз болуы себепті бұрынғыдай тапшылық туындамауы тиіс.
Биыл игерілетін жазғы алқаптың 560 мың гектарына дәнді дақылдар егілмек. Оның 360 мың гектардан астамына бидай себіледі. 140 мың гектар жерге арпа себу жоспарланған. Ал күнбағыс алқаптары 24 пайызға қысқарады. Оның орнын көпжылдық шөптер басуы тиіс. Бұған дейін егілген картоптың әр гектарына 120 теңгеден субсидия берілген болса, биыл ол түскен өнімге сай төленеді. Осы себепті картоп алқаптарының көлемі азаюы мүмкін. Бұл орайда шаруалар облысты картоппен 400 пайызға қамтамасыз етіп отырғанын айта кеткен жөн.
Журналистер тарапынан облыс әкімінің орынбасарына жерді аукцион арқылы сату, шетелдіктерге жалға беру шарты, Қытай нарығына ауылшаруашылық өнімдерімізді шығару мәселелері бойынша сауалдар қойылды.
– Бүгінгі таңда еліміз бойынша, соның ішінде біздің өңірде де негізінен алғанда жер иелері толық қалыптасты. Яғни, игеруге тиімді, құнарлы деген алқаптың барлығының иесі бар. Ал аукцион мен инвестициялық конкурсқа ұсынылатын алқаптардың барлығы қомақты қаржы құюды талап етеді. Сол себепті бос жатқан жерлерді пайдаға жарату мақсатында заңға осындай өзгерістер еніп отыр. Ешқандай шетелдік тұлғаға жер сатылмайды. Халықтың осыны түсінуі керек. Шетел азаматтары мен компанияларына жерді 25 жылға дейін жалға беру көзделіп отыр. Оның өзінде шетелдік үшін әр жыл сынақ мерзімі болады. Яғни, оның алқапты пайдалануын мемлекет жіті бақылауда ұстайды. Жерді күтіп-баптамаса, топырағын тыңайтып, тиісті жұмыстар жүргізбесе, оны қайтарып алатын боламыз, – деді Дүйсенғазы Мусин.
Ал Қытай нарығына жергілікті өнімдерді шығару бойынша талайдан бері жүргізіліп келе жатқан келіссөздер нәтиже бере бастаған. Ендігі жерде біздің өндірушілер Қытай стандарттарына сай сертификаттарға ие болуы қажет. Осы жағдайда ғана біздің ауыл шаруашылық өнімдеріміз Қытай нарығына жол тартады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button