Көкталдықтардың төбесі көкке жеткендей
Жаңа оқу жылында Көктал ауылында 130 орындық мектеп пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен бөлінген 347 миллион теңгеге «Фирма Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестік салған аталмыш ғимарат екі қабатты сәні мен салтанаты келіскен білім үйі болды.
Мұнда 26 сынып бөлмесі, заманауи білім беруге сай жабдықталған лингафон, химия, физика кабинеттері, еңбек сабақтарын өткізетін үш шеберхана, интерактивті тақталар, компьютерлер орнатылып, жас ұрпақтың өз дәрежесінде дәріс алуына барлық жағдайлар жасалған.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына республиканың түкпір-түкпірінен осы жердің түлектері жиналды. Бір кездері осы жерден қанат қаққан А.Белгімбаев деген азамат футбол командасына спорттық киімдер мен аяқ доп сыйға тартты.
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «100 мектеп, 100 аурухана» атты бағдарламасы аясында құрылысы жүргізілген бұл мектептің пайдалануға берілуіне мұрындық болған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА мың алғыс айтамыз, – дейді жергілікті жұртшылық.