Көкпектіде көптен бері осындай той болмаған

Көп уақыттан кейін Көкпектіде айтыс өтті. Сонау бір ұлттық рух жетпіс жылдай зынданда қамалған тарғалаң дәуірде қазақтың қара домбырасы мен қара өлеңінен тұяқ алып қалған ат төбеліндей аз ғана қазақтың бірі – Қалихан Алтынбаев. Айтыс тарихына ойып із қалдырған жерлесіміздің тоқсан жылдық торқалы тойының құрметіне арналған еді бұл айтыс.

Ақынның жәдігерлері жиналды
Жарма жерінде туып, көп ғұмырын Көкпекті жерінде өткізген сөз зергері ақырғы демі біткенше туып-өскен өңірдің тұнба тарихы туралы қалам тербеген. Ақсуат маңын да ақтара жазыпты. Өлке тарихына уызынан жарыған ақын 1947 жылдан бастап 27 мәрте аламан айтыстың сынынан өткен. Артында өшпес із, орасан мол мұра қалдырған жерлестің мерейтойын көкпектіліктер кең көлемде атап өтті.
Торқалы тойға келген жұрт әуелі Қалихан Алтынбаевқа арнап ашқан залға бас сұқты. Онда ақынның көзі тірісінде пайдаланған дүниелері мен жазба мұралары қойылған. 300-ден астам жәдігердің ішінде ақынның қайта жөндеуден өткен қара домбырасы көзге оттай басылады.
Біз осы тойға орай қаламгердің құнды жәдігерлерін жиған болатынбыз. Көп дүниені ақынның ұлы Қалыбайдың отбасынан алдық. Залда ол кісінің қолжазбалары, кітаптары, газет бетіне шыққан мақалалары мен фотосуреттері, марапаттаулары, құттықтаулары қойылған. Сондай-ақ «Көкпекті ауданының құрметті азаматы болсын» деген шешім қағазы, Семей қаласының 150 жылдығына жазған арнауы мен айтыстары қойылған, – дейді аталмыш залдың қор сақтаушысы Клара Смайылова .

Шара барысында аудандық мәдениет үйінің алдына ақынның кеуде мүсіні орнықты. Бюстің бой көтеруіне ауданның атымтай азаматтары көмек көрсетіпті.
– 13 жасынан бастап сахна көрген белгілі ақын, аудармашы Қалихан Қалиасқарұлы біздің аудандық газетте ұзақ жылдар жұмыс істеді. Өлке тарихын зерттеп, бүгінгі ұрпаққа толағай мұра қалдырды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақалдың мәнін ұққан жерлестеріміз ақынның бұл тойын асарлатып өткізіп отыр. Елдің рухани жаңғыруына сүбелі үлес қосып отырған сол азаматтарға алғыс айтамын, – деді аудан әкімі Рамиль Сағындықов бюстің ашылуында.
Тойға қаламгер ғұмырын зерттеп-зерделеп жүрген тарихшылар, Қалыбай бастаған Қалихан ұрпақтары, Жүрсін Ерман бастаған аузымен құс тістеген айтыскер ақындар келіпті.
Бас жүлде Ринатқа бұйырды
Түстен кейін басталатын айтысты ел асыға күтті. Мұндай дүбірлі дода көп уақыттан бері бұл ауданда өтпегендіктен болса керек, жиналған жұрт айтыс өтетін залға сыймай, ұйымдастырушылар біраз әбігерге түсті.
Ақындардың әрбір сөзін сынға салу үшін Торғайдан халық ақыны Қонысбай Әбіловті, Астанадан ақын-жазушы Нұржан Қуантайұлы мен белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаевты, Алматыдан айтыскер Серік Қалиевты, Семейден халықтық шығармашылық орталығының жетекшісі Дәмеш Омарғалиеваны шақырыпты.
Сонымен, ел асыға күткен ақындар көшін бастап ақын, халықаралық Айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман сахнаға көтерілді.
– Өткен ғасырдың 80-ші жылдары ұмыт бола бастаған айтыс қайта көшін түзеген шақта уығын қадап, жолға салып берген елімізде төрт үлкен ақын болды. Олар қызылордалық Манап Көкенов, көкшетаулық Көкен Шәкеев, шымкенттік Көпбай Омаров және осы көкпектілік Қалихан Алтынбаев еді. Мен бұларды қаншама жылдан бері бір-бірінен айырғам жоқ, есімдерін қатар атап, тағзым етіп келемін. Өткенде туған жері Жарма ауданында да үлкен айтыс өтті. Міне, өнегелі өмірі өткен өңір де еске алып жатыр, – деп көсіле сөйлеген Жүрсін Ерман айтыстың алдында «Жыр тұнған жағасында Көкпектінің» атты кітаптың тұсауын кесті.
Бұл кітап аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Дархан Бердібектің жетекшілігімен құрастырылған аудандағы ақындыққа әуес оқушылардың жинағы еді. Ең әуелі тоқсан жылдық тойға орай балалар арасында мүшәйра өткізген олар, ілікке аларын жинақ етіп шығарыпты.
Бұл айтыстың өзге айтыстардан өзгешелігі сол, ақындар қарсыласын сахнада жеребе арқылы анықтады. Көрермендер ортасынан шыққан екі адам айтыскерлердің аты жазылған қазғазды суырып, ел алдында оқып беріп тұрды.
Алғашқы жұп болып Ақтөбеден келген Марат Ахметов пен Қостанайдан келген Тоба Өтепбаев сөз сайыстырды. Бірінші болып қонағына сөз ұсынған елдің қонақжайлығына разы болғанын білдірген бұл жұпқа берілген баға бойынша Тобаның сәл үстемдігі анықталды.
Екінші жұп болып Баянауылдың бабындағы жүйрігі, алтын домбыра иегері Аспанбек Шұғатаев пен Баянөлгейден келген Серік Қуанған тартысқа түсті. Аспанбек баяғының жырауларынша толғады. Арғы-бергі тарихты айтып келіп, «Қытайдың жерін ұлы қорған күзетсе, қазақтың жерін найман деген тірі қорған қорғап тұр деп» елді шулатты. Жырынды жүйрікке жас пері Серік те дес бере қойған жоқ. «елге неге әкеңді алып келмейсің?» деген қарсыласының сөзіне «Атажұртқа жете алмай отырған кедейлерді емес, елінен қашып жатқан байларды айтсаңшы» деген уәжін көлденең тартты. Қазылар ең жоғары ұпайды екеуіне берді.
Үшінші жұп болып Керекудің «Кербұғасы» атанған Оңғар Қабденов пен Алматының абыройы үшін сөз саптаған Рүстем Қайыртайұлы сынға түсті. «Ешкімнен жеңілме деп бата берген, өз тойында жеңілсем ұят болар» деп Қалиханнан бата алғанын аңғартқан Рүстем бұл тойға текке келмегенін шыға салып аңғартты. Шынында, жеңілмеу үшін аз еңбектенбегенін айтыс барысында аңғартты. Мерейтой иесі туралы дәл осы Рүстемдей жырлаған ақын болмады бүкіл айтыс барысында. Оңғардан оқ бойы озып келді.

Төртінші жұп болып семейлік Манарбек Сатыбалды мен көкпектілік Жасұлан Мақаев сахнаға көтерілді. Мұндай үлкен аламанға тұңғыш рет түсіп отырған екі жас ақынға Жүрсін Ерман оң ықыласын білдірді. Қос жерлесімізді болашақта үлкен сахналардан көріп қалуымыз да бек мүмкін.
Ақырғы жұп болып айтулы Ринат Зайытов пен тараздық жас сөз қағыстырды. Азулы ақын інісін жетелеп, жебеп отырды. Бұл да айтыскерлердің басшысынан үлкен сахнаға жолдама алды.
Еліміздің әр түкпірінен келген он ақынның ішінен қазылар төрт ақынды екінші айналымға өткізді.
Еінші айналымды Аспанбек пен Рүстем бастаған. Талай сында ел алдынан бірге өткен қос жүйрік қатарласа шапты. Бірақ тақырыпты ашу жағынан Рүстемнің дайындығы мол екенін қазылар аңдамай қалған жоқ. Жеңіс алматылық ақынға берілді. Ал Ринатпен сөз сайыстыруға Серік шыққан еді. Аға мен іні айтысының әдемі үлгісін көрсетті олар. Бірақ халықтың мұң-мұхтажын айтуда, елге өтімділігі жағынан, әрине, Ринаттың бәсі жоғарылау болды деп бағалады қазылар. Ақтық сында жиырма жылдан бері жыр жолында қатар шауып келе жатқан Рүстем мен Ринат айқасты. Ел іштен тынып қарап отырды. Не сияқты теңеу сөздер мен тап бермедегі тапқырлықтар жарысқа түсті. Айтыс қанша жерден жеребемен өтсе де, екі ақын түбі бір кезігерін біліп келгендей бұл айтысқа. Өрелі айтыс өтті. Екеуі де ең жоғары ұпай алған еді. Қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтаев жеңісті Ринат Зайытовқа берді. Бас жүлде бір миллион теңге болатын. Бірінші орынды Рүстем Қайыртайұлы, екінші орынды Аспанбек Шұғатаев, үшінші орынды Серік Қуанған еншіледі. Жасұлан Мақаевқа аудан әкімінің арнайы жүлдесі бұйырды. Қалған ақындар да құралақан қайтқан жоқ, ынталандыру бәйгесіне тігілген ақшалай сыйлықтарды алды
Алыс-жуықтан келген құрметті қонақтарға арнап аудан әкімдігі ас беріп, мерейтой иесіне арнап құран бағыштатты.
Мұратхан Кенжеханұлы