Жаңалықтар

Кітапханасы озық елдің мәдениеті де ілгері болмақ

 21-25  тамыз аралығында Нидерландының Роттердам қаласында халықаралық кітапхана ассоциациялары мен мекемелерінің федарациясының (IFLA) 88-ші конгресі өткен болатын.

«Let’s work together, let’s library» ұранымен өткен осынау шараға Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхананың 5 қызметкері де қатысып, маңызды жиынның куәсі болып қайтты, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

 Әрине, әлемнің ең мықты кітапхана ісінің білгірлері жиналған  маңызды жиынға қатысу үлкен абырой екені рас.  1927 жылы құрылған Халықаралық кітапхана ассоциациялары мен мекемелерінің федерациясының конгресіне қатысу дегеніңіз, бұл алдымен кәсіби қарым-қатынас, кітапхана ісінің озық тәжірибесі мен инновацияларына куә болу. Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхана директорының орынбасары Жанат Мауытқызының айтуынша, бұл жолғы конгреске әлемнің 65 елінен 3000-нан астам делегат қатысыпты.

– Кітапханашылардың мұндай үлкен жиынына алғаш рет қатыстым. Еуропаның төріне топ ете түскеніміздің өзі бір ғажап түс секілді. Ең алдымен көзіме түскені, кітапханашыларға деген үлкен құрмет. Конгрестің ашылу салтанатына  Амстердамның мэрі Альдерман Саид Касми, ИФЛА-ның президенті Барбара Лизон, Нидерланды ханшайымы Лаурентиннің өзі қатысты. Кітапханашылардың осынау жиынында үлкен мәселелер шешілді. Өркениетті елдердің  кітапхана ісі саласына деген көңілі, қамқорлығы ерекше екенін байқадық. Тіпті  саясатқа кірмей, айналып өтейік десек те, саяси мәселелер де қозғалды. Еріктілердің Украинаға қайырымдылық көмек ретінде қорап-қорап кітап жинап жатқанына да кәу болдық. Әрине, конгресс аясында көтерілген тақырыптар өте ауқымды. Десе де бізге жақыны   инновация болды.  Салыстырмалы түрде біздің  кітапханамыздың көштің соңында қалмағанын біліп, соған қуандық. Тіпті  «бір толқындамыз» десек те болады. Бірақ та олардың мүмкіндіктері зор екенін мойындау керек. Технология, жасанды интеллект, нейросеть жағынан көш ілгері. Мені бір қызықтырғаны, шетелдегі электро-техника құралдарын сататын сауда дүкендері кітапханалармен қоян-қолтық жұмыс істейтін көрінеді.  Заманауи құрал-жабдықтарды келісіммен кітапханаларға тегін береді екен. Ал кітапханалар өз кезегінде сол сауда дүкенінің жарнамасын жасайды. Мысалы, моноблокты қалай пайдалану керек екенін  бір жылда мыңдаған кітапханашылар үйреніп шығады.  Біздің елде ірі сауда үйлері кітапханаға тіпті жоламайды ғой. Іштей осындай тәжірибені біздің елге де енгізсе деген ойда қалдым. Қанша айтқанмен, өркениетті елдердің деңгейі бөлек. Мүмкін біздің елдегі «Технодомдардың» тапқаны өзінің  күнкөрісінен артылмай жатқан болар.  Сосын кітапханалар арасындағы ынтымақтастық байланыс жақсы дамыған. Үш елдің кітапханалары бірігіп, ортақ жобаны қатысушылардың назарына ұсынып жатты. Бұл дегеніңіз кітапханашылар үшін үлкен тәжірибе ғой. Өз қазанымызда қайнай бермей, өзге кітапханалармен бірлесіп осындай ортақ жобаны неге  жүзеге асырмасқа деген ойда қалдым. Амстердамның, Роттердамның кітапханаларын араладық. Шынымды айтсам, кітапханада емес, бір керемет сарайда жүргендей әсерде болдым. Қандай инновация, қандай технология! Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін барлығы кітапханада жүр. Ал кішкентайынан кітапқа үйір болған бала өскен соң да кітапханаға баратыны сөзсіз. Сосын адамға, адам құқығына деген құрмет ерекше. Тіпті есіктің алдындағы секьюритидің өзі  «Бәрін түсіріңіздер, тек адамды түсірмеңіздер» деп ескертіп қояды. Конгресс аясында өткен көрмеде үлкен кәсіпорындар өздерінің шығарған заманауи құрал-жабдықтарының жарнамасын жасады.  Біз үшін қымбат көрінді, –  Жанат Жиенбекова.

Айгүл Қанапияқызының да көргені, көңілге түйгені көп.

– Байқағаным,  Еуропа кітапханаларында мүмкіндігі шектеулі  оқырманға  өте жақсы жағдай жасалған. Олар үшін кітапханадағы  барлық қызмет қолжетімді.  Балаларға арналған ғимараттары арнайы типтік жобамен салынған. Тіпті дизаины да ерекше. Сосын тазалықтарына тәнті болдым, – дейді Айгүл Ахметжанова.

– IFLA-ның конгресі жыл сайын қуатты, дамыған өркениетті мемлекетте өтеді. Биылғы жылы Нидерланды елінің Роттердам қаласында өтті. Федерация басшылығының құрамы да екі-үш жылда ауысып, жаңадан сайланып отырады. Биыл да ауысты. Жиында негізінен кітапханаларды жаңаша дамыту, кітапханалардың қызметіне жаңа технологияны енгізу, цифрландыру, цифрландыру арқылы кітапхана байлығын келешек ұрпаққа сақтап қалу мәселесі ерекше сөз болды. Одан кейінгі өзекті мәселенің бірі – жасанды интеллектіні пайдалану. Бұл айтылып жатқан дүниенің барлығын Хабиба Мырзаханқызы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада жүзеге ақырындап болсын жүзеге асырып жатыр.  Мысалы біз Роттердамда өткен жиынға  ұлттық салт-дәстүрге байланысты постер жасап апардық. Жасанды интеллекттің көмегімен  жасалған постеріміз қатысушылар көңілінен шықты. Жалпы алдағы уақытта нейросеть,  виртуалды шындық арқылы  жастарға білім беру,  ұлттық мәдениетті дамыту мәселесі өзекті болмақ. Осы жолғы сапарымызда Еуропаның шынында да  мәдениет пен білімнің орталығы екеніне көзіміз жетті. Кітапханаға қыруар қаражат бөлінетін көрінеді. Еуропа халқы үшін кітап ең басты құндылық. Кітапхана  залдарында  бос орын жоқ. Жастары да, үлкені де  кітап оқып отыр. Тіпті  бала мен анаға да жағдай жасалған. Еуропа кітапханаларының  ең бірінші ерекшелігі, ғимараттарының арнайы салынуы. Іші кең, кинозалы, жастарға, балаларға арналған алаңы бар. Әрбір қабаттың өз оқырманы бар. Бәрі керемет. Тіпті кітапхана ішінде кафелер мен мейрамханалар да бар, –  дейді кітапханашы Шекер Нұрғалымқызы.

Айтуынша, биылғы конгреске Ресей кітапханашылары қатыспаған көрінеді.

Әрине, кітапханшылардың әрқайсысының алған әсері ұшан-теңіз. Ең бастысы, өзіміздегі барды сақтай отырып, алға ұмтылу, өркениет көшінен қалмау. Биліктің құлағына бүгінгі заманауи кітапхананың тек кітап оқитын жер ғана емес, қосымша білім беру орталығы екенін жеткізіп, көзін жеткізу. Кітапханасы озық елдің, мәдениеті де озық болатыны сөзіз.

Мейрамтай Иманғали

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button