– Кітапханашылардың жаңа буынын даярлау қажет
Хабиба АҚЖІГІТОВА, Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық орталық кітапханасының директоры:
Өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің кітапхана саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жандардың бірі – Хабиба Мырзаханқызы Ақжігітова екені сөзсіз. Отыз жылға жуық облыстық Пушкин атындағы кітапхананы басқарған Хабиба Мырзаханқызы бүгінде Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапханасын да биік белеске көтеріп, руханияттың ақ ордасына айналдырды. Жаңа жыл қарсаңында Хабиба Мырзаханқызы «Өскемен қаласының Құрметті азаматы» атанған болатын. Жақында кейіпкерімізді құттықтау үшін кітапханаға арнайы барып, сұхбаттасқан болатынбыз.
Заманауи кітапхананың қызмет ауқымы кең
– Хабиба Мырзаханқызы, Жаңа жылдың алдында жақсы жаңалық естідік. «Өскемен қаласының Құрметті азаматы» атанып жатыр екенсіз. Өскемен қаласына ғана емес, бүкіл қазақ руханиятына, оның ішінде кітапхана саласына сіңірген еңбегіңіз өте зор. Құттықтаймыз!
– Рахмет!
– Жалпы бұрын кітап оқу, кітапханаға бару дегеніңіз ерекше сән болатын. Тіпті кезінде жұрт үйіне жинаған кітаптарымен мақтанатын еді. Ал қазір кітапхананың болашағына күмәнмен қараушылар көбейген секілді. Сіз қалай ойлайсыз? Кітапхананың болашағына сенесіз бе?
– Әрине, сенемін. Қазіргі заманауи кітапхана алдымен қоғамдағы әр адамның өмірін жақсартуға көмектесуі керек. Кітапханашы оқырманға не керек екенін, нені қалайтынын сезіне алуы тиіс. Өмірін жеңілдетуге қол ұшын созуы, қолдау жасауы тиіс деп ойлаймын. Қалай көмектесеміз? Мұны кейбір кітапханашыларымыз түсінбей жатады. Мысалы, Өскеменнің іргесінде Шығыс деген ауыл бар. Сол Шығыс ауылында тұратын балалар роботты техникаға, компьютердің тілін білуге қызықпайды емес, қызығады. Оларға бұл дағдылар өте қажет. Бірақ олар үшін – қалаға келіп-кетудің өзі үлкен мәселе. Қаладағы үйірмеге қатысу үшін оларға уақыт, одан бөлек жолға ақша керек. Ал қалада тұратын балалар үшін бұл қиын емес. Мен мұны кітапхана басшысы ретінде жақсы біліп отырмын. Олай болса, неге біз оларға жағдай жасамаймыз? Сондықтан да біз Шығыс ауылындағы балалар үшін арнайы жоба әзірлеп, демеуші тауып, IT-орталық, роботты техника үйірмесін, 3Д модельдеу курсын аштық. Біздің бағдарламашы мамандарымыз аптасына бірнеше рет барып, арнайы сабақ өтеді, үйретеді. Білесіз бе, компьютердің, жаңа технологияның тілін білсем деген бала өте көп. Жақында Шығыстағы сол орталықтың тұсауын ресми түрде кесуді жоспарлап отырмыз. Әрине, роботты техника кабинеттері мектепте де бар. Бірақ мектепте бала 45 минут қана айналыса алады.
Балалар бос уақытын тиімді өткізуі керек. Болашақта зияткер ұлтқа айналуымыз үшін бүгіннен бастап балаларды зияткерлікке баулу қажет. Қазіргі заманауи кітапхана оларға білім беруі, өмірге қажетті дағдыларды үйретуі қажет деп санаймын.
Өзіңіз білесіз, біздің елімізде «Цифрлық Қазақстан» деген арнайы бағдарлама бар. Ендеше кітапхана саласы сол бағдарламаны жүзеге асыруға қалай қол ұшын бере алады? Әкімдікпен, білім саласымен бірлесіп қандай жобаны жүзеге асыра аламыз? Оралхан Бөкей атындағы кітапхана негізінен қалалық болғандықтан, қала мектептерімен көп жұмыс істейміз. Мектептегі кітапханашылармен кездесу өткізіп, жобаларымызбен таныстырып отырамыз. Мектеп кітапханаларының да жобамызға атсалысқанын қалаймыз.
Жалпы бүгінгі кітапхана саласы мамандары болашақты болжай алуы, оқырманға сол болашаққа қажетті дағдыларды бере алуы тиіс. Біз арнайы мониторинг жүргізіп, талдау жасап отырамыз. Әсіресе жастар цифрландыру, ақпараттық технология саласын терең меңгеруі тиіс. Олардың келешектегі мамандықтары дәл осы цифрландырумен тығыз байланысты болмақ. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіңізші, олар 3Д көзәйнекті киіп, зауыттың бүкіл тыныс-тіршілігін бақылайтын болады. Сондықтан да біздің кітапхана негізінен қоғамның, оқырманның сұранысына, талабына сай жұмыс істеп отыр. Мысалы, өткен жылғы жаздан бері кітапханада «IT-Ару» мектебі жұмыс істеп жатыр. Қазақ, ағылшын, түрік тілдерін оқытамыз. Бүлдіршіндер өздері оқыған ертегілердің желісі бойынша мультфильм жасайды. Кітапханашы оқырманның тілегін тап басып, тани білуі қажет.
Сосын балаларды зерттеу жұмысына баулу керек деп ойлаймын. Мысалы, бала өзінің туған жеріндегі жер-су атауларының шығу тарихын неге зерттемеске? Осы мақсатта С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымы Бердібек Бияровты осы жұмысқа тартсақ деген ойымыз бар. 7-8-сынып оқушыларына топонимика бойынша дәріс оқыса дейміз. Осы тақырып бойынша арнайы облыстық ғылыми байқау ұйымдастыру да ойымызда бар.
Егер бұрынғыдай Пушкин атындағы облыстық кітапханада болсам, балаларға арналған Нобель сыйлығын да ұйымдастыруға болар еді. Кезінде Нобель сыйлығын алған ғалымдардың орыс тіліндегі 51 томдық еңбегін іздеп жүріп, демеуші тауып алғызғанмын. Ол кітаптар тіпті университеттің кітапханаларында жоқ. Міне, осынау қазынаны жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамыту жолында пайдалану керек.
Америкалық профессордың кітабын аударып жатырмын
– Кезінде, кеңестік заманда елімізде 20 мың кітапхана болған екен. Онда 200 миллиондай кітап қоры болыпты. Ал қазіргі таңда 11 мыңнан аса кітапхана болса, оның 7 мыңнан астамы білім беру жүйесіне, қалғаны мәдениет саласына қарайды екен. Бірақ кітапханалардың көпшілігі әлі де сол кеңестік заманда қалып қойғандай әсер қалдырады. Келісесіз бе?
– Кеңестік дәуірдегі жұмыс ырғағынан шыға алмай жатуымыздың өзіндік себебі бар. Бізге кітапханашылардың жаңа буынын даярлау керек. Бірақ қалай даярлаймыз? Ол үшін оқулық керек. Мен қазір АҚШ-тағы Оңтүстік Каролина университетінің профессоры Дэвид Лэнкестің заманауи кітапхана туралы кітабын қазақ тіліне аударып, кітапханашылар даярлайтын оқу орындарына таратуды ойлап отырмын. Бұл бірнеше тілге аударылған, үлкен сыйлыққа ие болған, мойындалған еңбек. Міне, сол еңбегінде Дэвид Лэнкес оқырман кітапты қалай оқиды, дәстүрлі нұсқада ма, әлде электронды форматта оқи ма, ол оның таңдауына байланысты екенін айтады. Әрине, кітап қоры оқырман үшін ашық болуы керек. Бірақ кітапхана қоғаммен жұмыс істеуі, қоғамға көмектесуі керек дегенді алға тартады. Біз оқырманның өмірін қалай жақсарта аламыз. Міне, мәселе осында.
Типтік штат ескірген
– Заманға сай кітапханашыларға қойылатын талап та жоғарылап отыр ғой. Айтыңызшы, қазіргі заманның кітапханашысы қандай болуы керек?
– Кітапханашы ең алдымен ұйымдастырушы болғаны жөн. Мамандармен жұмыс істей алу дағдысы маңызды. Ізденімпаз болғаны дұрыс.
Бізге Сингапурдың немесе басқа бір өркениетті елдердің кітапханасының тәжірибесін көшіріп алудың керегі жоқ. Біз өзіміздің халықтың ұлттық ерекшелігін, бірегейлігін кітапхана ісінде де ескеруге тиіспіз.
Қазір бұрынғыдай сенің кітапханашы деген мамандығың жоқ, жұмысқа алмаймыз деп айтуға болмайды. Типтік штат ескі, сол баяғы жиырмасыншы ғасырдағы типтік штат әлі өзгерген жоқ. Стандарт болуы керек. Бізге кітапханашы-педагог, кітапханашы-журналист, кітапханашы-программист керек. Содан кейін теория мен тәжірибені ұштастырған жөн. Кітапханашыларды даярлайтын оқу орындары мен кітапханалар арасында тығыз байланыс орнағанын қалаймын.
– Ауылдағы кітапханалардың жағдайы сізді алаңдата ма?
– Әрине. Бізде Мәдениет министрлігіне қарайтын 3920 кітапхана бар болса, оның 3382-сі, яғни 82 пайызы ауылда. Негізі кітапханашылардың өздері де «алма піс, аузыма түс» деп отыра бермей, алдыға қарай ұмтылғаны абзал. Кітапхананың құндылығын дәлелдеп, жұмысты көрсету керек. «Жыламаған балаға» ешкім ештеңе бермейді. Жоба жасап, жұмыс істемесең, қозғалмасаң, ешкім ештеңе бермейді. Кейде маған кітапханашылар бір күнмен ғана өмір сүретін секілді көрінеді. Ойланғысы, ізденгісі, жоба жазғысы келмейді.
Біз небары үш жылдың ішінде қаншама жобаны жүзеге асырдық. Демеушілерді тарттық. Кейде маған әкімдік тарапынан «кітапхана басшыларына қосымша қаражат табу жағын үйретіңізші» деген ұсыныстар да түсіп жатады.
– Алдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз.
– Жоспар көп. Алдағы уақытта бірнеше жаңа жобаны қолға алуды ойластырып отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңізге жеміс тілеймін.
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали