Мәдениет

Киноиндустрияның болашақ жұлдыздары

Киноиндустрияның болашақ жұлдыздары
«Қазақстан балалары шексіз әлемде!». Өскеменде осындай тақырыппен республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық кинофестивалінің облыстық кезеңі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, арнайы «Жасөспірімдер үйі» базасында 14-17 жас аралығындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткен шараны өткізуге облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және денешынықтыру орталығы ұйытқы болды.

Елбасы мақаласындағы «Дарындылар елі» бағдарламасы бойынша қолға алынған бұл жоба осымен үшінші рет өтіп отыр. Орталық маманы Бибігүл Оспанованың айтуынша, фестивальдың мақсаты – кино өнеріне деген қызығушылығы жоғары жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдап, дарынды балаларды анықтау және қолдау арқылы олардың рухани мәдениетін қалыптастыру.

Байқауда жасөспірімдер өздері түсірген әртүрлі жанрдағы қысқаметражды фильмдер көрсетілді. Патриоттық тәрбие мен рухани жігерді қалыптастыруда кино өнерінің ықпалы зор. Үміткерлер ұсынған туындылар көрерменге ой салды. Мәселен, Саят Мауытханов өз туындысында жастар арасындағы әлімжеттікке жол бермеуге үндейді. Әлімжеттік – әлсіздің ісі екендігін автор ашу, ыза, ақыл, сабыр мен адамгершіліктің өзара диалогы арқылы жеткізіпті. Әлібек Болатбеков ақын Нәзира Бердалының «Мама» әніне музыкалық клип түсіріп әкелген. Бейнебаянның өн бойынан аяулы анаға деген шексіз құрмет, сағыныш сезіледі. Мұхтар Мерекеевтің әлеуметтік ролигіне қазіргі қоғамның дертіне айналған ажырасудың жиілеуі арқау болған. Қысқаметражды бұл ролик отбасы құндылықтарын сақтауға шақырады. Ал Үржар ауданындағы Қ.Игенбайұлы атындағы мектептің оқушысы Зейнеп Камашева өз туындысында көпбалалы отбасының тұрмыс-тіршілігін баяндайды. Бес балалы Карибжановтар отбасы – «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қағиданы берік ұстанатын аудандағы үлгілі отбасылардың бірі. Балалары ата-анасын біліммен қатар спорттағы жетістіктерімен де қуантып отыр.

№2 Ақсуат орта мектебінің оқушысы Гүлзада Қапасова әлеуметтік ролигін ғаламтор мен әлеуметтік желілердің пайдасы мен зиянын көрсетуге арнапты. Рас, қазіргі қоғам күн өткен сайын әлеуметтік желіге тәуелді болып барады. «Көп уақытын ғаламторда өткізетін жастар денсаулығына зиян тигізіп қоймай, сөйлеу мәдениетінен де айырылады. Қазір шығарма, эссе жаза алмайтын жастар көп. Онлайн ойындардың пайдасынан гөрі зияны шаш етектен», – дейді автор.

Байқауға қатысушылардың жұмыстарын жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен орталық қызметкерлерінен құралған білікті қазылар алқасы бағалады.

Бақ сынаған 22 қатысушының ішінде туындылары үздік шыққан 12 оқушы жүлдегер атанды. І орынды бес оқушы, ІІ орынды төрт және ІІІ орынды үш оқушы иеленіп,арнайы дипломдармен марапатталды.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанған Глубокое ауданындағы №1 Белоусовка орта мектебінің 9-сынып оқушысы Сәния Қален, Тарбағатай ауданындағы Ақмектеп орта мектебінің 9-сынып оқушысы Саят Мауытханов, осы мектептің 10-сынып оқушысы Әлібек Болатбеков, Бородулиха ауданындағы Коростели орта мектебінің 5-сынып оқушысы Нұрболат Аринов және Тарбағатай аудандық қосымша білім беру орталығынан қатысқан 8-сынып оқушысы Сабыржан Жұмағалиев «Деректі кино», «Әлеуметтік бейнеролик», «Музыкалық фильм», «Анимация», «Киножурнал» аталымдары бойынша жүлделі бірінші орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.

Байқау жеңімпаздары маусым айында Қостанай қаласында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды. Киноиндустрия саласындағы жас таланттарды анықтау, оларға кәсіби бағыт-бағдар беруді көздейтін байқауда режиссерлік немесе актерлік шеберлігімен ерекше көзге түскен балалар марапатқа ие болмақ. Жас таланттардың кино өнері жолындағы шығармашылық қадамына сәттілік тілейміз!

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button