Руханият

Кіл мықтыда кім мықты?

Мемлекеттік сыйлық – өнер бәйгесінің өлшемі, өтелген еңбектің бағасы. Өнердің біраз саласы бойынша берілетін бұл сыйлық әсіресе қаламгерлер арасында тартысты өтеді. Биылғы іріктеуден өткендердің де  осалы жоқ көрінеді.

Әуелгіде мемлекеттік сыйлық деп аталып келген бұл марапат кейін «Абай атындағы мемлекеттік сыйлық» деп өзгертілген болатын. Бұл сыйлыққа 2022 жылғы үміткерлерді іріктеуге арналған комиссияның алғашқы отырысы жуықта өтті. Олар ұсыныс берген кіл мықтылардың арасынан үздік дегендерін келесі кезеңге өткізді. Осылайша, конкурстың келесі кезеңіне өткен шығармалар тізімін оқырман қауымға ұсынып отыр.

Олар: 1) Әжібекұлы Қазахбай – «Әл-Фараби Әбу Насыр», «Алашорда» шығармалар топтамасы; 2) Жайлыбай Ғалым – «Ай таңбалы арғымақ» өлеңдер мен поэмалар; 3) Мыржықбай Кенжеғали – «Жүрегім нені сезесің?» концерті; 4) Саукетаев Тұрысбек – «Желқайық» романы; 5) Сегізбай Кәдірбек – «Тағдыр толқыны» романы; 6) Смағұлов Сембіғали – «Үш арыс» мүсіндік композициясы; 7) Тұрысбек Секен – «Тәтті мұң» ән-күй партитуралары, клавирлер, өлеңдер жинағы; 8) Жақыпбай Нұрқанат – «Жібек» мюзиклі; 9) Авторлар ұжымы: Матыжанов Кенжехан, Қасқабасов Сеиіт, Жұртбай Тұрсын, Мадибаева Қанипаш, Шапай Тұрсынжан – Абай шығармаларының академиялық толық жинағы; 10) Авторлар ұжымы: Тұрғараев Бекет, Сергебаев Ескен, Бурганов Александр, Бөкебай Саматбек – Тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағы – кесене ескерткіштер кешені.

Құрылған комиссия құрамы іріктеуден өткен шығармаларды талқылауды шығармашылық және мәдениет ұжымдарына және осы сала мамандарына ұсынды. Талқыланған пікірлер 25 тамызға дейін жіберілуі керек. Тізімнің арасында жүрген жерлес қаламгерлерімізді оқырман қауымның көзі шалған болар. Кіл мықтыдан кім мықты шығарын комиссия құрамы шешеді. Десе де оқырман қауымның қолдауының әсері болары сөзсіз. Қаламгерлерге қолдау көрсетейік.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button