Киелі қоныс, құт мекен

Адам өмірін ұзақ деп айта алмассыз. Білгіштер жаһандық өлшеммен салыстырғанда бес-ақ секунд десіп жүр. Ал өмірін ат үстінде өткізіп келген дана қазақ оны қолындағы қамшысының сабымен өлшей салған. Осы «қамшының сабындай» ғана ғұмырымызда көп нәрсені көреміз. Көп жайттың куәсі боламыз. Қым-қуыт қыруар дүние көңіл сүзгісінен өтеді. Соның бәрін санаңда сақтап, жадыңда жаттап қалу мүмкін емес. Десек те, олардың ішінде жүрек түкпірінде екшеліп қалатындары да бар. Соның ұшар басында туған жерің тұрар деп ойлаймын.
Ал туған жер дегенің – кіндігіңді кескен ел, ортасында сайран салып өскен ел. Құс екеш құс та жыл айналып балапан басқан ұясына оралып тұрады. Туған жердің тартып тұрар сиқырын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол үшін одан жырақтауың керек. Зарыға сағынуың керек. Жан-дүниең езіле аңсауың керек! Көлден ұшқан аққу құс көлін аңсап тұрады екен. Рас, оның көлсіз күні жоқ шығар, бәлкім. Ал шөлден ұшқан дуадақ не үшін шөлін іздеп шөліркейді? Міне, гәп сонда! Көл де, шөл де – олардың балапан өргізіп, ұя басқан, суын ішіп, шөбінің дәмін татқан құтты қоныс, киелі мекені. Оны олар өле-өлгенше ұмытпайды. Зәуімде бір келіп-кетіп тұрады…
Мұның бәрін неге айтып отырмын? Құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан өркенді ұрпаққа құлаққағыс болсын, туған жерге деген перзент сүйіспеншілігі солардың да жетесіне жетсе деген ағалық ақ пейіл ғой баяғы.
Осы жасқа келгенше талай жердің топырағын бастық, талай жұрттың дәмін таттық. Бәрібір, басынан бақ кетпеген Барқытбелдің етегін баса орналасқан, ата-бабамның жер бесігі, ұрпағымның тал бесігі болған алақандай Жетіаралыма жетер жер жоқ! Ал перзенттік сезім болса жасыңмен бірге ұлғайып, ел жаққа елеңдеп тұрасың. Мен ғана емес, «кісікиік» болып кетпегендердің бәрі солай. Өйткені, сенің туған ауылыңда қолыңа қалам ұстатып, қарақанаттандырып, үлкен өмір жолына ұшырып жіберген алтын ұя – ақ ордаң бар. Құшағын жая қарсы алатын, өзімсініп бауырына тартатын қара орман халқың бар. Солардың пейілін сағынасың. Мейірін аңсайсың. Әлгінде өзім айтқан бар магнит сонда.
Мен 1942 жылы 15-сәуірде Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында дүниеге келдім. 1967 жылы Алматы құрылыс техникумын құрылысшы-техник мамандығы бойынша, 1979 жылы Семей зооветеринарлық институтын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіргем. Еңбек жолын 1957 жылы «Ақжар», «Ласты» совхоздарында қатардағы жұмысшы болып бастадым, арнаулы орта білім алған соң, «Ласты» совхозында прораб болып еңбек етіп, шаруашылықтың құрылыс жұмыстарына басшылық жасадым. Жоғары білім алғаннан кейінгі жылдары совхоздың бас зоотехнигі ретінде мал тұқымын асылдандыру — селекция жұмысымен айналысып, мал шаруашылығын дамытуға үлес қостым.
Сөйтіп, мол тәжірибе жинаған ғалым-зоотехник ретінде 1980-1991 жылдары Тарбағатай ауданындағы «Крупская», «Шілікті», «Ласты» кеңшарларында директор қызметтерін атқардым. Шығыс Қазақстанның шет жатқан ауданындағы экономикасы мен шаруашылық құрылымының қиюы қаша бастаған үш кеңшарды рентабельді шаруашылықтар деңгейіне көтердім.
1991 жылы Тарбағатай аудандық кеңесінің төрағасы қызметіне сайландым. Бұл уақыт Шығыс Қазақстанның оңтүстік аудандарында 1990 жылы болып өткен зілзала зардаптарын жоюға бағытталған құрылыс жұмыстарының қарқын алып тұрған кезі еді. Аудандық деңгейде басшылық жасай жүріп, елді мекендерде басталған құрылыстардың аяқталуына ықпал жасадым. Алматы мен Жамбыл қалаларынан зілзала зардаптарына байланысты көмекке келген мекемелер мен кәсіпорын басшыларымен тіл табысып, басталған құрылыс жұмыстарының аяқталуына атсалыстым.
1992 жылы Зайсан ауданының әкімі қызметіне тағайындалдым. Қаржыдан қысылған, «қысқа жіп күрмеуге келмейтін» заманда жоқтан бар жасап, азды қанағат тұтуды ұйымдастырдым.
1996 жылдан 1998 жылға дейін Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік азық-түлік келісімшарт корпорациясының төрағасы болдым. Өңірдегі астық және қайта өңдеу өнімдерін мемлекет қорларына сатып алу, қалыптастыру, есепке алу, сақтау, жаңарту, тасымалдау, сатуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, Үкімет белгілеген өзге де қызметтерді атқарумен айналысқан бұл корпорация жергілікті еңбеккерлердің еңбегін лайықты бағалап, маңдай термен жиналған өнімдердің ысырап болмауына және жергілікті халықтың азық-түлік өнімдеріне қажеттілігін қанағаттыруға ат салысты. Ал 1998 жылдан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан филиалын басқарып аймақтың ауыл шаруашылығын өркендетуге, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, сол арқылы жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет еттім.
1979-1987 жылдары Тарбағатай аудандық кеңесінің, 1988-1999 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық кеңесінің депутаты болып сайландым. 1984 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, 1990 жылы «Еңбектегі ерен еңбегі үшін», басқа да бірқатар мерекелік медальдарға ие болдым. Егеменді еліміздің бастауындағы әр жылдары берілген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың марапаттары мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы», осы министрліктің «Мамандығы бойынша үздік» дипломы мақтанышыма айналды.
Кейінгі үлкен өмір жолыма қадамым осы ауылдан басталды. Ол жолдың сорабы үзілген жоқ, әрі кеткенде жыл аралатып бір барып қайтпасам, көңілім алаңдайды.
Халқымызда «Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады» деген тағылымды тәмсіл бар. Ел жаққа бір барғанда, әуелі ауыл шетіндегі аруақтар мекеніне ат басын бұрамын. Ертеректе о дүниелік болған, тіпті, күні кеше ғана арамызда жүрген ағайын-туыс, дос-жаран, ауылдастарыма бағыштап аят оқып, бет сипамай өтпеймін. Әріректегі үлкен ауыл бері қарай көшкендей, жаным құлазиды. Көп дүние көлбеңдеп, көз алдыңа келеді. Асқар таудай ағаларым мен ақ жаулықты аналарым еске түседі… Ауылымдағы аузында Алласы бар, бойында тәубесі бар қазына – қара шалдар мен алтын құрсақ әжелердің қатары да
сиреп-ақ қалды бұл күнде…
Үй жанында төбең болса,
Ерттеулі тұрған аттайын.
Төр басында қартың болса,
Жазылып қалған хаттайын, – дегенді Қазыбек би айтыпты. Көкірегінің көзі бар, көңілінің сәулесі бар адамға ой саларлық-ақ уәж ғой. Сол ағалар төрде отырғанда, өзімізді төбеде отырғандай сезінуші едік. Артында қаншама жақсы сөз, жайсаң ырыс, тағылым мен тәрбие қалды сол кісілердің.
***
Жас – өседі, жарлы – байиды. Енді іс басына жаңа лек келген. Бір толқынды бір толқын қуалап, Қазақстанның қиыр-шетінде де өмір-өзен алқынып алға ұмтылады. Бір кезде көзіме қораштау көрінетін ауылымның бүгінгі келбетіне қарап, көңіліме қуаныш ұялайды. Бірін-бірі батыр деуге ұмтылып тұратын болар елдің қаймағы бұзылмаған бірлігіне, ұтырлы тірлігіне риза боламын. Сыры да кеппеген оқу ордасы, көзтартар емханасы мен балабақшасы, өз мешіті мен наубайханасы, тойханасы мен бес-алты дүкені бар Жетіарал ғасыр көшінен қалған жоқ. Күндіз барсаң, күлімдей қарсы алатын ақеділ жандары бар, кештетіп барсаң, жарқырай қарсы алатын жол бойы шамдары бар құт мекеннің келбетті болғаны қандай ғанибет десеңізші! Өмір өзгеріп, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен заманда жер нәрінен тарығыңқырап қалған аяулы мекенімнің төрт тоғаны да биыл шүпілдеп суға толыпты. Демек, жаныма жақын киелі мекенімнің жасыл желекке оранар күні де алыста емес.
Жаз басталса, Асусай мен Қамыстының ен жайлауы малға толады. Біраз жыл тусырап қалған сай-сала мен қойнау-қолат береке мен мереке алаңына айналады. Сол жайлаудың қызығын көрген көнекөз малшыларымыздың немерелері мен шөберелері бабаның ақ таяғын қайтадан қолына алып, мыңғыртып мал айдап отыр. Жер иесін тапты. Іс жүйесін тапты. Айналып келгенде, тау сағалаған қараша халық сол ата кәсіпті нәсіп етіп, берекесін көріп отыр.
Атыңнан айналайын, Жетіаралым,
Қандысу қасыңдағы жеті ағын.
Су ішкен тау тағысы ақ маралым,
Өзіңде қалған екен бар арманым… – деп баһадүр батыр Дәулетбай баласы әйгілі Жанұзақ ақын жырға қосқан жерұйық бұл!
Тияс Түсіпұлы,
Зайсан, Тарбағатай аудандарының
Құрметті азаматы