Киіз басатын бірегей кәсіпорын
Семей қаласындағы «Роза» киіз басу комбинатына республикалық «Алтын сапа – 2019» конкурсының сыйлығы табысталды.
Ел аумағындағы 216 кәсіпорын қатысқан байқауда үздік шыққан он төрттің қатарында шығысқазақстандық «Роза» киіз басу комбинаты да бар. «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясын ұйым жетекшісі Альбина Ахметоваға «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев тапсырды.
– Бүгінгі таңда біз кәсіпорынды толықтай қайта жаңғыртып, комбинаттың 100 пайыз жұмыс істеуіне қол жеткіздік, – дейді Альбина Ахметова. – Шикізатты облыстың барлық аудан, қалаларынан жинаймыз, кейде өзге өңірлерден де әкеліп жатады. Жүн жинайтын негізгі өңірлерге Абай, Аягөз және Зайсан аудандары жатады. Барлық өнімді отандық шикізаттан өндіреміз. Қазіргі уақытта комбинат киіздің жеті, ал аяқ киімнің 15 шақты түрін жасайды.
Құрылғаннан бері бірнеше дағдарысты басынан өткерген кәсіпорын 1991 жылы жұмысын бір ғана дәнекерлегіш аппараты бар жеке кәсіптен бастаған еді. Бүгінде өнімі Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ ТМД елдері арасында сұранысқа ие ірі кәсіпорынға айналды. «Алтын сапа» жүлдесін алуға үш жыл бойы тапсырыс беріп келген кәсіпорынның бағы төртінші жылы жанған екен. Жергілікті 85 тұрғынды жұмыспен қамтыған комбинаттың бұл жетістігін отандық шикізатты тұтынумен байланыстырған Альбина Ахметова кәсіпорын жартылай фабрикаттар жасап шығармайтынын, керісінше, барлық өнім бастан-аяқ комбинатта өндірілетінін атап өтті.
– Өнімдеріміздің барлығын жеңілдетілген несиеге сатып алған заманауи құрылғыларда басамыз, – дейді кәсіпорын басшысы. – Әлемдік стандартқа сай киізді кез келген өлшемде басамыз. Оның үстіне біздің басқан киіздеріміз бұрынғы кездегі есік-терезені жылылайтын киіздер сияқты емес, кілем сияқты қалыпта шығып жатыр. Яғни, тапсырыс беруші бізге киізді кез келген қалыңдықта, тығыздықта, ұзындықта басуға тапсырыс бере алады. Басқан киізімізді ірі кәсіпорындар, мұнай компаниялары өз механизмдеріне тығыздағыш материал ретінде де қолданады.
Өз жұмысшыларынан бөлек, 300-ден астам шаруа қожалықтары мен жеке шаруаларға табыс көзін ұсынып отырған комбинат ҚазТрансОйл, Қазақстан темір жолы, Kegoc, ВагонСервис, Қазақтелеком, ҮМЗ, Казцинк сияқты алпауыт компанияларға өздері өндірген арнайы киімдерді өткізіп отыр. Ары қарай да кәсіпорынның осы қарқынды жоғалтпайтынын уәде еткен кәсіпорын жетекшісі алдағы уақытта тігілетін аяқ киімнің жаңа дизайніне де көңіл аударылатынын тілге тиек етті.
Азамат Темірбеков