Қоғам

Көгілдір отын көптің игілігіне айналып отыр

  Көгілдір отын көптің игілігіне айналып отыр

Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол –болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту мәселесіне де үлкен көңіл бөліп, «магистральдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отырғанын» айтқан болатын. Осы орайда Елбасы Жолдауын іске асыру Зайсан ауданында қалай жүзеге асырылып жатыр? Шағын шаһарда ауыл-аймақты газдандыру мәселесі қалай шешімін табуда? Зайсан ауданына барған сапарымызда осы мәселенің мән-жайын зерттеген болатынбыз.

5 миллиард 200 млн. газ қоры бар

Ұзақ жылдар бойы Зайсанның табиғи газы туралы тек сөз болып келді. Мамандар бұл өңірде 5 миллиард 200 миллион текше метр газ қоры бар екенін зерттеп, тасқа таңба басқандай анықтап, айтып бергенімен, «Сарыбұлақ» кенішіндегі көгілдір отынды игеріп, халық игілігіне жарату мәселесі көп жылдар бойы кейін шегеріле берді. Тек 2007 жылы «Тарбағатай мұнай» ЖШС құрылып, Зайсанның мұнайы мен газын игеруге бет бұрды. Сөйтіп, 2013 жылдың қарашасында Зайсанда салтанатты түрде алғашқы газдың алауы жағылды. Сол кезде серіктестіктің бас директоры Болат Еламанов ұзындығы 92,5 шақырымды құрайтын «Сарыбұлақ – Майқапшағай» газ құбыры магистралін тартуға 27,5 миллиард теңге жұмсалғанын, құбыр арқылы жылына 0,6 миллиард текше метр көгілдір отын тұтынушыларға жететінін мәлімдеген болатын.
Содан бері де бір-екі жылдың жүзі өтіпті. Осынау мәселе бүгінгі күні қалай жалғасын табуда? Зайсан ауданы тұрғындарын газбен қамтамасыз етудің бүгінгі жағдайы қандай? Көгілдір отынның қызығын көріп отырған тұрғындар саны қанша? Біз бұл мәселенің мән-жайын аудан әкімі Алмас Оңдақановтан сұраған болатынбыз.
– 2013 жылдан бастап қолға алынған газдандыру жобасы негізінен екі бағытта іске асырылып келеді. Бірінші бағыты – магистральды газ құбырын салу болса, оны «Тарбағатай мұнай» компаниясы өз есебінен жүргізіп, үстіміздегі жылдың 15 қазанына дейін аяқтаймыз деп уәделерін беріп отыр. Сонымен қатар, Зайсан қаласына автоматтандырылған газ реттеу құрылғысы да салынды. Ал екінші бағыт – қаланы газбен қамтумен «Қазтрансаймақ» мекемесі айналысып, құны 400 млн. теңгені құрайтын жобаны аяқтады. Қазіргі таңда газға қосылу мүмкіндігіне мыңнан аса үй ие болып отыр, ¬ – дейді аудан әкімі Алмас Оңдақанов.
Десе де, газдандыру жобасы биыл да жалғасын табатын болады. Жалпы құны – 1 млрд. 67 млн. теңгені құрайтын жобаның 200 миллионы биыл бөлінген көрінеді. Аудан әкімі Алмас Оңдақанов қазіргі күні облыс басшылығының қолдауымен бұл қаражатты ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, Зайсан ауданына қарасты 9 ауылды газбен қамтамасыз ету жобасы бойынша да жұмыстар атқарылуда. Қазір Қаратал ауылына ішкі газ желілерін тарту жұмысы аяқталса, күзге дейін Қарабұлақ ауылы мен Айнабұлақ ауылына да желі тарту жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырған көрінеді. Бұл жобаның да құны миллиардтан асады. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 600 млн. теңге бөлініпті.
– Үй газға қосылса, халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Демографиялық ахуал да артып, бала туу көрсеткіші ұлғаяды. Қаланың экологиясы да жақсарады, – дейді аудан әкімі Алмас Оңдақанов.

Газ болса, саз да болады

Шағын шаһарда табиғи газдың қызығын көріп отырғандардың бірі – Абай көшесіндегі 65-ші үйде тұратын Тұрдыбеков Файзрахманның отбасы.
– Ой, газ дегеніңіз жанның рахаты ғой. Тура бір қалада тұрып жатқандаймыз. Бұрын алты ай қыс үйді жылытамыз деп, от жағып, күл шығарып әуреге түсетін едік. Қазір оны ұмыттық. Оның үстіне газ бағасы да онша қымбат емес, – дейді отанасы Қамар апай жүзі бал-бұл жайнап.
Байқағанымыз, үйге соңғы үлгідегі қауіпсіздік аспабы да қойылыпты. Газ ауаға шыға бастаса болды, қауіпсіздік аппараты дабыл қағып, автоматты жағдайда өшіп қалады екен.
– Алғашында үйді басына көтерген дауысынан қатты шошитынбыз. Қазір бойымыз үйреніп алды, – дейді ол.
Әңгімелесіп, кетуге жиналғанымызда Қамар апай «Шай ішіп кетіңіздер. Қазір-ақ қайнайды» деп шәугімін газға ала жүгірді.
Жалпы, Зайсан қаласында табиғи газдың игілігін тұрғындар ғана емес, білім ордалары да көріп отыр. Солардың бірі – байырғы білім ордасы – М.Әуезов атындағы мектеп.
Аудан әкімі бізге берген сұхбатында қазіргі күні қаладағы көпқабатты үйлерді газдандыру бойынша екі жоба әзірленіп жатқанын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қарастырылыпты. Биыл шағын шаһардағы №1 қазандық газға қосылады деп күтілуде.
Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, Зайсан газының сапасы өте жоғары, әлемдегі ең таза газдардың қатарынан саналады екен.
Жалпы, Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында өткен жылдың соңында Үкімет елді газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас сызбасын бекіткені белгілі.
Сызбаға сәйкес 2030 жылы елімізде 21 млрд. текше метр тауарлық газ өндiрiліп, республикамыздың 13 облысы толығымен газбен қамтылмақ. Қазақстанда тұңғыш рет әзiрленiп отырған бағдарламалық құжатта 2030 жылы ел тұрғындарын газбен қамту бүгiнгi күнгi 42 пайыздан 56 пайызға дейiн жеткiзiлетіні де көрсетіліпті.

Мейрамтай Иманғали

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button