Мәдениет

Кезекті маусымды «Керей-Жәнібек» ашады

Кезекті маусымды «Керей-Жәнібек» ашады


Өскемендегі облыстық драма театрының қазақ труппасы он жетінші маусымын «Керей-Жәнібекпен» ашпақ.
Өткен маусымда театр Д.Рамазанның «Керей-Жәнібек», К.Жұмабектің «Замана неткен тар едің», М.Әлібектің «Сиқырлы дүрбі» және «Бала арманы», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» қойылымдарын сахналап, көрермен көңілінен шыққан болатын. Өткен жылдармен салыстырғанда көрермендер де көп болды.
Ғимараттың ішкі және сыртқы әсемдігімен қоса, арнайы актерлік шеберліктен өткен жоғары білімді мамандармен толықтырылып, қойылым сапасын әрлендіріп халыққа тамаша көңіл күй сыйлауда. Сондай-ақ, жаңа маусымда да көрермендерді түрлі қойылымдармен қуантатынымыз анық.

Сонымен қатар, өткен жыл атаулы мерекелермен есте қалды. Қазақ хандығының 550 жылдығы бүкіл ел көлемінде тойланды. Тарихымызды түгендеп, ұлттығымызды ұлықтап, хандық дәуірдегі халықтық істі төрткүл дүниеге паш ету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігі өткен жылдың 21-26 қыркүйегінің аралығында Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалін өткізді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен театрлар қатысып, жаңа қонысты – бұрынғы өткен хандар мен сұлтандардың рухымен рухтандырып, еліміздің шежірелерімен толықтырып өзгеше күй сыйлаған-ды. Аталған фестивальға Д.Рамазанның «Керей-Жәнібек» қойылымымен қатысқан театр ұжымы Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің «Қазақ хандығының-550 жылдығы» аталымына, сонымен қатар фестивальға қатысқаны үшін облыс әкімдігінің Алғыс хатына ие болды. Қазанның 8-інде жаңа маусым осынау жүлдегер қойылыммен ашылмақ. Аталмыш қойылымда көрермен қауым қазақ хандығының негізін қалаған Керей және Жәнібек сұлтандардың, бір тілде сөйлейтін, шекарасы бекітілген Қазақ хандығын құрудағы еткен ұлан-ғайыр еңбектерімен қатар, Керей сұлтанды ақ киізге орап Хан сайлайтын тамаша сәттеріне куә болады.

Шолпан Лақаева,
Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button