Әлеумет

Кезек күтумен өмір өтіп жатыр

Баспана мәселесі қазіргі уақытта ең өткір мәселелердің бірі. Дені сау адамдар үшін оны шешудің әртүрлі жолдары бар: сатып алуына немесе банктердің ипотека бағдарламаларына қатысуына болады. Ал несие төлеуге шамасы келмейтін мүмкіндігі шектеулі жандар мен  осындай ерекше баласы бар отбасылар баспанаға қалай қол жеткізеді?

Бір ғана жәрдемақыға қарап отырған мұқтаж жандарға ешқандай банк несие бермесі анық, сол себепті халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұлғалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға құқылы. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  басқармасының мәліметі бойынша, өңірде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 36 691 адам тіркелген. Оның ішінде 14 255 тұлға халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.  Бүгінгі таңда облыста  үйге мұқтаж 1-ші және 2-ші  топтағы 3 346  мүмкіндігі шектеулі жан, ерекше бала асырап отырған 1204 отбасы кезекте тұр.

 Он үш адам ғана баспаналы болды

Осы отбасылардың кез келгені баспананы ондаған жылдар бойы сарылып күтеді. Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің хабарлауынша, былтыр облыс орталығында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 13  адам ғана қоныс тойын тойлапты.

Облыстық Қоғамдық кеңестің мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы бойынша комитетінің басшысы Ольга Кузовлеваның кезектің тым баяу жылжуы туралы өз пайымы бар.

–Ерекше жандарды баспанамен қамтамасыз ету – ең  өзекті тақырыптардың бірі. Онымен аудандық және қалалық әкімдіктердегі тұрғын үй қатынастары бөлімдері айналысады. Осы жерде бір ойластыратын мәселе бар. Қоғамның әлсіз тобына жататын,  тегін баспана алуға құқылы 1-ші және 2-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар да, ата-анасынан айырылған жетімдер де, көпбалалы аналар да, науқас баланы асырап отырғандар да ортақ кезекте тұрады. Мысалы, Өскемен қаласында барлығы 13 055 мұқтаж адам баспана кезегіне тіркелсе, 1-ші және 2-ші топтағы 992 мүмкіндігі шектеулі  адам да, ерекше баланы асырап отырған 335 отбасы да осы ортақ баспана кезегінің ішінде тұр.  Бүгінгі таңда олардың үйге кезегін бөліп қарайтын нормативтер жоқ. Тұрғын үй комиссиясы пайдалануға берілген үйден қанша пәтер ерекше жандарға, қаншасы жетімдерге, қаншасы басқаларға тиесілі екенін өз қалаулары бойынша шешеді. Ортақ кезек болғасын, кезектің тез жылжымайтыны түсінікті, – дейді Ольга Кузовлева.

120 мыңға пәтер жалдап тұрады

 Өскемендік Малғаждаровтар отбасының мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеудің бар қиындығын көріп келе жатқанына жиырма жыл болыпты. Жүйке ауруымен ауыратын ұлдары биыл жиырмаға толады. Сөйлемейді, ешкімді түсінбейді, өздігінен жүре алмайды. Ауруы жанына қатты батқанда байғұс бала айғайлап, мазасы кетеді. Отағасы қолынан келген жұмысты істеп, тиын-тебен тауып жүр. Үш адамнан тұратын жанұя 120 мыңға пәтер жалдап тұрады. Оның да өз кілтипаны жеткілікті. Сырқат баламен ешкім пәтерге жібергісі келмейтіні түсінікті, айғайлап жылағанда, көршілері жақтырмайды. «Жылатпай ұстасаңшы» деп қанша рет ескерту де жасапты.

– Көшіп-қонып жүргендіктен тұрақты емханаға да тіркеле алмаймыз. Шақырған дәрігер келмейді, тек жедел жәрдемнің көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Олар келіп, тыныштандыратын дәрісін ғана салып кетеді, басқа ешқандай ем жасамайды. Алатын азын-аулақ жәрдемақысы не жаялығына, не дәрі-дәрмегіне жетпейді. Мемлекет тек екі дәрісін және күніне екі жаялық тегін береді. Басқа психотропты препараттардың барлығын сатып аламыз. Асқазан, бауыр, бүйрек сияқты ішкі құрылыстарының барлығы көп дәрі ішкеннен бұзылды, оларды емдейтін дәрі- дәрмекті де өзіміз көтереміз,  барлығы удай қымбат. Күніне бес-алты жаялық ауыстырамыз, сонда жеті ай бойы өзіміз сатып алуға тиіспіз, –  деп налиды отанасы Бақыт.

Отбасы Өскемен қалалық үй қатынастары бөлімінде 2018 жылдан үй кезегінде тұр, ол кезде 3576-шы еді, төрт жылда кезек 1259 адамға жылжып, биыл 2317-ші болып тұр. Бұл түрімен отбасы 10-15 жылсыз баспаналы бола алмасы анық.  Бақыт қалалық үй қатынастары бөліміне барып, уақытша болсын жалдамалы баспана тауып беруді сұрағанын айтады.

– Қазір жағдайымыз өте ауыр. Баланы далаға шығарғанға жеңілірек болсын деп бірінші қабаттан пәтер жалдаған едік. Өте суық екен, үйді жылытатын пеш қосып отырмыз. Ол айына жиырма мың теңгеге дейін айналдырады, үй иесі оны өздерің төлейсіңдер деген, сонда пәтерақысы айына  130-140 мың теңгеге шығып кетеді. Өскемен қалалық үй қатынастары бөліміне арнайы барып, жағдайымды айтқам, «уақытша болсын баспана тауып беріңіздерші» деп өтініш  білдірдім.  Ешқандай көмек те, жауап та болмады. Балам жүйке аурулары диспансерінде есепте тұр, өте ауыр дертпен ауыруына байланысты бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс деген анықтамамыз да бар. Бұл құжаттың да ешқандай пайдасы жоқ екен, – деп күйзеледі Бақыт Малғаждарова.

Субсидия кімдерге беріледі?

 Таяуда осындай әлсіз топқа жататын азаматтарды қолдау мақсатында жалдамалы баспананың пәтерақысының елу пайызын  субсидиялау туралы бағдарлама қолға алынғаны белгілі. Бағдарламаның операторы «Отбасы банк» облыстық  филиалы директорының орынбасары Сәуле Қабылбекова жоба туралы қысқаша түсініктеме берді.

– Жалдамалы баспана ақысын субсидиялау жобасына  тұрғындардың төрт тобы қатыса алады: мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған 1-ші және 2-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше баланы асырап отырған отбасылар, жетім балалар мен әке-шешесінен кәмелет жасына дейін айырылып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлі 29 жасқа толмаған балалар және көпбалалы отбасылар.  Қазіргі таңда елімізде осы жеңілдікке ие 70 мыңға жуық адам анықталды, – дейді Сәуле Көкенқызы.

Облыстық филиал директоры орынбасарының түсіндіруінше, жеңілдікке ие болу аздық етеді екен, ең бастысы, отбасының жан басына шаққандағы айлық кірісі ең төменгі күнкөріс мөлшері – 36 018 теңгеден аспауы тиіс. Бұл жерде өтініш берушілердің жұмыс істеуі, не істемеуі маңызды емес, жәрдемақымен ғана отырғандардың да құқығы бар. Ескеретін маңызды нәрсе, өтініш берушінің мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезегі жойылмайды, сақталады.

– Өтініш берушінің электронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Біз ол кісіні база бойынша тексереміз, егер үй кезегінде тұрса, айлық кірісі көрсетілген шектен аспаса, есепшот ашып береміз. Осы есепшотқа пәтер ақысының 50 пайызын банк аударады, екінші жартысын өтініш берушінің өзі аударуға тиіс. Субсидиялаудың әр өңірге қатысты мөлшері бар. Мысалы, біздің облыста алты адамнан тұратын отбасы баспананы  130 мың теңгеге дейін жалдай алады. Бұл жерде пәтерді немесе жер үйді жалға алуға болады,  – деп нақтылады Сәуле Қабылбекова.

Бұл бағдарлама қыруар қаражатқа баспана жалдап отырған қоғамның әлжуаз тобына жататындар үшін тамаша мүмкіндік екені сөзсіз. Алайда Малғаждаровтар отбасы бұл жобаға да әзірге іліге алмай отыр.

– Отбасы банкіне барып, электронды қолтаңбам арқылы құжаттарды рәсімдемек болғанымда, тексерген кезде мен үй кезегінде жоқ болып шықтым. Өйткені кезекке науқас балам тіркелген, ал ЭЦҚ менің атымда.  Банк  мені «балаңызға ЭЦҚ жасатыңыз не кезекті сіздің қолтаңбаңызбен аша алатындай қолжетімді етсін» деп ХҚКО-ға жіберді. Халыққа қызмет көрсету орталығында «біз іс-әрекетке қабілетсіз тұлғаға ЭЦҚ аша алмаймыз, алайда сізде оның асыраушысы ретінде кезекті ашу құқығы бар» деп шығарып салды. Банк онда соттың шешімі керек дегенді алға тартып, құжаттарымды рәсімдеуден бас тартып отыр. Одан басқа осы банкте есепшот болуы шарт екен. Менің осы жердегі бұрынғы есепшотымды несиені жаба алмағандықтан банк бұғаттап тастаған. Осындай кедергілердің кесірінен осы жеңілдікке де іліне алмай қалдық, – дейді Бақыт Малғаждарова.

Кейде өмірден түңіліп кетемін

Елуге таяп қалған өскемендік Талғат есімді жігіт ағасы бала кезінен эпилепсиямен ауырады, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Бұл кісінің де үй кезегінде тұрғанына бес жылдан асыпты. Денсаулығына байланысты отбасын құрмағандықтан, жанашыры, ешқандай етжақын адамы жоқ. Ата-анасы қайтыс болған, аталас туыстарының үйінде ағайыншыласып тұрып жатыр.

– Субсидиялау туралы бағдарламаны естігенде қатты қуандым, үй кезегі келгенше туыстарымның осы пәтерін заңды рәсімдеп, жалдап алайын дегем. Барлық талаптарына сай келемін, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанмын, пәтер кезегінде тұрмын, ЭЦҚ бар, енді «Отбасы банкінен» есепшот ашу ғана қалды деп ойлағам. Алайда ерте қуаныппын. Жеңілдік иесі болу аз екен, өтініш берушінің ай сайынғы кірісі ең төменгі күнкөріс мөлшері – 36 018 теңгеден аспау керек дейді. Ал менің жәрдемақым 55 мың теңге. Бұл қаражат өмір сүруіме жетпегенімен, субсидиялау бағдарламасына қатысу үшін қомақты ақша болып саналады екен. Денсаулығыма байланысты жұмыс та істей алмаймын, туыстарыма рахмет, қуып жатқан жоқ. Ертең олардың көзі  кетсе, балаларына мен кіммін? Қайда барып, кімді паналаймын? Осындай сәтсіздіктерді көргенде өмірден түңіліп кетемін, – дейді Талғат қынжылып.

Талғат сияқты жалғызбасты әрі ерекше қажеттіліктері бар жандарды баспанамен қамтамасыз ету жайында кезінде осы саланы көптеген жыл басқарған, қазір облыстық Қоғамдық кеңестің мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы бойынша комитетінің басшысы Ольга Кузовлеваның өз айтары бар.

– Менің жұмыс тәжірибемде осыған ұқсас оқиға болды. Қалай шештік дейсіз бе? Ол кезде облыс орталығының басшысы Николай Носиков еді. Сол кісінің қолдауымен кәсіпорындарға хат жаза жүріп, қаражат жинап, әлеуметтік органдардың іздеуімен демеушілер тауып, баспананы өзіміз сатып әпердік. Қазір де тиісті әлеуметтік орындар бұл кісіні назардан тыс қалдырмай, біздің тәжірибемізді қолдануына болады. Әртүрлі қоғамдық қорлар көп қазір. Бастысы, адам өзін қоғамға керексіз сезінбеуі, келешегі барына сенімді болуы тиіс, – деп түсіндірді Ольга Кузовлева.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button