Кездесулер барлық өңірлерде өтіп жатыр
Оралда AMANAT саяси ұйымының партиялық тізімі бойынша Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидат Снежанна Имашева Желаев нан өнімдері комбинаты ұжымымен кездесті.
Партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында 32 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ал ол жерлерде мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоғары сапалы тұқым сатып алуға бөлінетін субсидия көлемін 1,9 есе ұлғайту көзделіп отыр. Жыл сайын мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынады. «Жер аманаты» жобасы шеңберінде заңсыз берілген немесе игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып, іскер жандарға берілмек.
Кездесуде кандидат агроөнеркәсіп кешендерін қолдау бағытындағы өзге де шараларды атап өтті.
Еңбек ұжымымен кездесуде кандидат әр салада атқарылатын жұмыстарды тізбектеп, ол бастамаларды бірлесе орындау үшін сайлауда AMANAT партиясына дауыс беруге үндеді.
«Respublica» партиясы түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда 500-ден астам тұрғынмен кездесті.
Партия төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Айдарбек Қожаназаров кездесуде ұлттық мәдени бірегейлікті ілгерілетудің маңызын атап өтті.
– Біз халықтың біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыруды басты міндет ретінде қарастырып отырмыз. Қазақ халқының ұлттық мәдени болмысының өзегі – тарихи дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз және қазақ тілі. Күллі түркі әлемінің рухани астанасындағы Қожа Ахмет Ясауи сияқты тарихтағы рухани көшбасшыларымыздың дүниетанымын дәріптеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу маңызды, – деді А. Қожаназаров.
Өз кезегінде депутаттыққа кандидат Екатерина Смолякова да қоғамды топтастырудың факторы ретінде қазақ тілін насихаттаудың маңызына тоқталды.
– Қазақ тіліндегі танымал контентті дамыту мен таратуды ынталандыратын тетіктердің жоқтығы қынжылтады. Біз бос ұрандарға қарсымыз. Біз ұлт бірлігінің басты факторы – қазақ тілін дамытудың тиімді тетіктері мен жағдайын жасауды мақсат етіп қойдық, – деді ол.