Сайлау-2023

Кездесулер барлық өңірде өтуде

«Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Ақмола облысы Қосшы қаласында инклюзивті қоғам өкілдерімен кездесу өткізді.

Шараға кандидаттар Таңсәуле Серіков, Анас Баққожаев, Қайрат Айтуғанов және басқалар қатысты.

Кездесу Қосшы қаласында, негізінен, инклюзивті бағытта өтті. Ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың құқықтық, әлеуметтік жағдайы талқыланды.

Мәжіліс депутаттығына кандидат, PhD доктор, ерекше қажеттілігі бар жан Таңсәуле Серіков жиынға қатысушыларды «Ауыл» партиясына дауыс беруге шақырды.

– «Ауыл» партиясының ұстанымы халықтың ой-арманымен, мақсат-мүддесімен үндеседі. Партия бағдарламасы құрғақ уәдеден ада. Ол ауылда кемі 20 жыл жұмыс істеген азаматтарға зейнетақыны, онда тұратын ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік жәрдемақыны ұлғайту, аз қамтылғандар мен әлеуметтік осал топтар өкілдері үшін азық-түлік төлем карточкаларын енгізу бастамасын көтеруде, – деді кандидат.

Мәжіліс депутаттығына кандидат, ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков сайлауалды үгіт-насихат жұмысын Шымкент қаласындағы «Нұр Авто» базарынан бастады. 

Асхат Асылбеков Шымкент жұртшылығына партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, халықпен  пікір алмасты.

– Халық партиясының сайлауалды бағдарламасы әлеуметтік сала мен кәсіпкерлік бағытқа басымдық береді. Қазақстандықтар бітпейтін қарыздан, өтірік айтатын биліктен шаршады. Халық жаңа Қазақстанда қолайлы өмір сүргісі келеді. Біздің партия мемлекетімізде қалыптасқан жүйенің мәнін түбегейлі өзгерту қажет деп санайды, – деді ол.

Спикер Президенттің реформалары әділетті қоғам құрудың алғышарты екенін тілге тиек етті. Халық партиясы азаматтардың құқығы мен бостандығы барлығынан жоғары тұратын нағыз халықтық мемлекет құруды қолдайды. Партияның  мақсаты – елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру!

«Байтақ» жасылдар партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Қайрат Айтбай Түркістан облысына келді.

Түлкібас ауданына қарасты елді мекендер тұрғындарымен және Ақсу Жабағылы қорығының қызметкерлерімен кездесу өткізді.️

Кездесуге «Байтақ» жасылдар партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасы Нәлібай Бекжан, «Байтақ» жасылдар партиясы тізіміне енгізілген Сейдулла Исмайлов, Мәжіліс депутаттығына кандидат Ерлік Құлжан қатысып, тұрғындармен пікір алмасты.

Кездесу барысында аудан тұрғындары тарапынан экологиялық және әлеуметтік мәселелер жөнінде бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар тыңдалды.️

– Мен де осы Түлкібастың тумасымын. Түлкібас ауданы – арнайы қорғалатын қорық аумағымен астасып жатқан аудан. Өкініштісі, ауданымыздың бренді болған алмасы, қызғалдағы, жан-жануары мен құстары бүгінде жойылып кетудің аз-ақ алдында. Оны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу – сіз бен біздің қолымызда, – деді Қайрат Орынбайұлы.

«Ақ жол» демократиялық партиясы үгіт-насихат тобының жұмысы Шымкентте жалғасты.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған штаб өкілдерімен кездесуге Шымкент қаласының 360-тан астам азаматы келді. Кездесуге Мәжіліс депутаттығына үміткерлер Қазыбек Иса, Әлімхан Абжанов, Станислав Пыхарев қатысты.

Республикалық штаб мүшелері алдымен оларға сайлауалды бағдарламаның негізгі тұжырымдарын таныстырды. Жиынға қатысушылар ел ішіндегі өзекті мәселелерді ортаға салып, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.

Қала тұрғыны Бахыт Күндебаев кездесуде «ақжолдықтарды» тыңдап, бағдарламасымен танысып, өзгеріс болатынына, әділ сайлау өтетініне көз жеткізгенін, еліміздегі білім саласының сапасы төмендегенін, жемқорлықтың жойылмай тұрғанын, жалпы елімізге түбегейлі өзгерістердің қажет екенін айтты.

Бұл ұсынысты партия лидері Азат Перуашев толығымен қолдап, өз сөзінде мұғалімдерге ерекше дәреже беру туралы заң қабылданғанымен, кемшіліктері бар екенін, заңға толықтыру енгізу керектігін жеткізді.

ЖСДП-дан депутаттыққа үміткерлер Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылында кандидаттармен кездесті.

Кездесуден бөлек «Ең биік шыңдарды еңсереміз» атты іс-шара ұйымдастырылды. Оның барысында кандидаттар, партия белсенділері және ауыл тұрғындары ауыл маңындағы тауға шығып, еліміздің көк байрағы мен ЖСДП туын орнатты.

Кейін тау бөктерлеріндегі қоқысты жинап шықты, қоршаған ортаға деген махаббаттарын сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Алдағы сайлауда жеңіске жетейік деген ниетпен «Жемқорлық», «Олигархат» және «Кедейшілік» деген жазулары бар қоқыс қаптарын қоқыс жәшіктеріне тастады.

ЖСДП-дан партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Наурыз Сайлаубай «Талдықорған кабель зауыты» ЖШС-нің еңбек ұжымымен үгіт-насихат жүргізу мақсатында жүздесті.

Іс-шара барысында үміткер партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын атап көрсетті.

Осы айдарда

Back to top button