Мәдениет

Кеңтарлаудың кеңпейілді қариялары

Кеңтарлаудың кеңпейілді қариялары


Кеңестік дәуірде «Октябрь» совхозы атанған қазіргі Қаратөбе ауылдық округі орналасқан аймақ Жарма өңіріндегі ең бір малға да, жанға да жайлы шұрайлы өлке болатын. Осы өлкенің төл тумасы 80-ге қадам басқан Заманбек Мұқанұлы Таңатаровтың айтуынша оның арғы аталары Қалыбай батыр шамасы 1803-1810 жылдары елін «Қара бұжыр» Қалбаға бастап келіп, қазақтың өзіндей қолбасы батырларымен тізе қосып, қалмақтарды Алтайдан асыра қуып, қазақ жерін жаудан бостауға көп еңбек сіңіріпті.

Ал Қалыбай батырдың әкесі Матай Бықының баласы Елқонды бидің сүйегі Қожа Ахмет Яссауи мазарына жерленген. Кейіннен кең өлкемізге қызыққан патша үкіметі отарлау саясатын жүргізіп, осы құнарлы аймаққа 1890 жылдары Украина мен Повольжиден қара шаруаларды зорлықпен жер аударып қоныстандырған. Сонымен бұл өлкеде «Терентьевка» – қазіргі «Қара төбе» ауылы, «Мариновка» – қазіргі «Әди» ауылы, «Николаевка» – қазіргі «Кеңтарлау» ауылы пайда болған. Заман бір қалыпта тұра ма?! Патша үкіметін құлатқан Кеңес өкіметі бұл аймақта да 1928-1930 жылдары артельдер құрады. Нәтижесінде 1932 жылы екі үлкен «Организатор», «Карл Маркс» атты колхоз және Терентьевкада МТС пайда болыпты. Ауылдықтардың кәсібі – мал, егін өсіру.

– Мен Ұлы Отан соғысы қызу жүріп жатқан 1942 жылы 24 қаңтарда «Карл Маркс» колхозында туыппын, – дейді Зәкең. -Әкем – Мұқан соғыста, шешем Бәтиха Бейсенқызы күндіз-түні колхоз жұмысында. Күндіз – жұмыста, түнде армияға киім-кешек дайындапты. Сол жылдары шешеммен бірге Сақан, Ләйлі, Нұрасыл, Уастай, Бағила, Зылиха, Алтынсара сияқты әйелдер еңбек еткен. Олармен бірге Қалам, Оразай, Қазез, Тоқтар сынды жасөспірімдер де жеңіс үшін еңбек етіп, тер төккен.

–Иә, ол қиыншылық жылдардың шет жағасын білеміз. Бұл өлкеде совхоз қай жылы құрылды? Өзің еңбекке қашан араластың?

– Мен 1961 жылы көктемде міндетті әскери борышымды өтеуге кеттім. Сол жылы Үкімет қаулысымен бұрынғы ұсақ колхоздарды біріктіріп, «Октябрь» совхозы құрылады. Директор болып білімді, іскер С.Митин деген азамат тағайындалады.

Мен армиядан борышымды өтеп, 1964 жылы күзде оралдым. Ленинградта жүргізуші-механизатор мамандығын оқып, куәлік алдым. Совхозға ең қажетті дайын маман болып оралдым. Шаруашылық тез өркендеп, алға басты. Совхозда төрт ферма, оларда 33 мың бас қой, жеті мыңға тарта ірі қара, бір мың бастай жылқы болды. Совхозда сүт дайындайтын «Жалын», «Жігер» атты сауыншылар бригадасы жұмыс істеді. Оларды еңбек озаттары Күлаш Қажиденова мен Нұргүл Қасенова басқарады. Мен осы бригадалардың сауған сүтін арнайы мәшинемен сүт заводына жеткізіп отырдым. Жұмыс – өте ауыр әрі жауапты. Бірақ алдымда еңбек озаттары Нұрбек, Бекен, Оразбек, Мереке сияқты үлгі алатын ағаларым бар еді. Солармен жарыса еңбек еттім. 21 табын сиырдың сүтін совхоз бойынша 10 мәшине тасыды. Еңбегім жанды. «Үздік жүргізуші» деген құрметті атаққа ие болдым. Зейнеткерлікке сол мамандығым бойынша 1997 жылы шықтым.

– Еңбек жолыңызға қанықтық. Отбасыңыз жайында не айтасыз?

– Әкем Мұқан соғыстан оралмады. Шешем Бәтиха қартая бастады. «Балам үйлен, бас құра» – деп, мазамды алды. Сөйтіп жүргенде зайыбым Қорланмен отау құрдым. Ендігісін сен айтшы, – деп Зәкең Қорланға қарап жымиды. Қорлан бұрынғы «Большевик» совхозының тумасы. Отбасында екі қыз, бір ұл, үш ағайынды. Әкесі ерте қайтыс болған Қорлан Қасымқызы 1965 жылы шілде айында жап-жас жігіт Заманбекпен тұрмыс құрады. Өзі 1944 жылы қазан айында туып, бұл да Ұлы Отан соғысының азабын тартқан бала. Ауылда түрлі салада еңбек еткен.

– Тұңғышымыз Саят 1968 жылы 5 сәуірде туды. Ауа райының қолайсыздығына қарамай қос құдағи ауыл аймаққа шынайы қуанышпен шілдехана тойын өткізді. Біз де мәз болдық, – дейді сол бір қызықты күндерді еске алып Қорлан бәйбіше.

Саятпен зайыбы Гүлназ Нұрсұлтанқызы екеуі де дәрігер. Саят болса, Семейдегі медколледждің директоры. Екі балалары бар.

Қорлан шаруашылықта түрлі салада еңбек ете жүріп дүниеге 10 бала әкелген. 1986 жылы туған Есенгелдісі жастай қайтыс болған. Қалған балалары түрлі кәсіппен еңбек етіп келеді. Олардың арасында есепші де, заң қызметкері де, дәрігер де, кәсіпкерлер де, ұстаздар да бар. Қорлан Қасымқызы Кеңес өкіметі кезінде «Батыр ана» атанып алтын жұлдызға ие болса, қазір Тәуелсіздік жылдары «Алтын алқа» иегері.

– Біздің ақсақал 30 жылдан аса аңшылықпен де айналысқан. Қиыншылық жылдары аң терілерін өткізіп, пайдасын да көрдік. Енді 4-5 жыл болды ара өсіріп, бал алуды кәсіп етіп келеді, – деп мақтанады Қорлан бәйбіше.

Иә, жастай еңбекпен шыныққан қос қария бұл күнде 9 баладан 15 немере, үш шөбере көріп, солардың қызығын қызықтап, амандығын тілеуде. Кейінгі жастар үлгі алатын мәуелі бәйтеректер де осы қариялар.

Мәуітқазы Зүкенов,
ардагер журналист
Өскемен қаласы .

Осы айдарда

Back to top button