Білім

Кәсіптік білімнің көкжиегі кеңейіп келеді

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ 

Сапалы кәсіптік техникалық білім беруге соңғы жылдары мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Колледждердің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңартылып, оқыту-тәжірибеден өту үрдісі біртіндеп автоматтандырылуда. Студенттерге сапалы білім беру үшін, әрине, алдымен ұстаздардың біліктілігін арттыру маңызды.

Осы орайда, Өскеменде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары арасында инженерлік сала бойынша II республикалық кәсіби шеберлік байқауы өз мәресіне жетті.

Облыстық білім басқармасының кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Зәмзәгүл Өтепованың айтуынша, конкурсқа  еліміздің Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Қарағанды, Ақтау, Маңғыстау, Қостанай және тағы басқа қалаларынан келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 14 арнайы пән оқытушысы мен өндірістік оқыту шебері қатысты.

  • Байқау дарынды оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерін анықтап, оларды қолдау, кәсіби және педагогикалық шеберліктерін арттыру мақсатында өткізіліп отыр. Сонымен қатар инженерлік саланың болашақ мамандарын даярлау саласына жаңа инновациялық, оның ішінде цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. Конкурстың алғашқы кезеңі онлайн форматта өтіп, онда қатысушылар мамандығы бойынша кешенді тестілеуден өтті, – деді Зәмзәгүл Шаймұхамедқызы.

Шеберлік байқауының екінші кезеңінде оқытушылар мен өндіріс шеберлері «Мен – SMART инженермін» жобалау тапсырмаларын орындап, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша даярлық деңгейлерін көрсетті.

Байқауда Павлодар жоғары түсті металлургия колледжі, Қ.Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен-техникалық колледжі, Павлодар машина жасау колледжі, Көкшетау жоғары техникалық колледжі, Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі, Ақтаудағы Ш.Есенов колледжі, Қостанай автомобиль көлігі колледжі, Семей қаласының көлік колледжі мен Электротехника колледжі және Шығыс Қазақстан технология колледжінің оқытушылары белсенділік танытты.

Орталық өкілі айтып өткендей, байқаудың еліміздегі жетекші колледждерінің бірі – Өскемен жоғары политехникалық колледжінде өткізілуі бекер емес.

Білікті басшы Исатай Исин басқаратын Өскемен жоғары политехникалық колледжі облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі шеберлік чемпионаттарындағы көптеген жеңістерімен танымал. Жуықта ғана колледж командасы ІТ бағыты бойынша ХАКАТОН республикалық байқауының жеңімпазы атанғанын мақтанышпен айтуға болады.

Колледж студенттері өздерінің бірегей жобаларымен республика көлемінде ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де танылып жүр. Оқу орны «Жас маман» жобасы аясында материалдық-техникалық базасы жаңғыртылған еліміздегі 180 колледждің қатарында. Сондықтан байқау қатысушылары Worldskills халықаралық стандарттарына сәйкес, озық үлгідегі техникалармен және оқу құралдарымен жабдықталған Құзыреттілік орталығының жұмысымен танысып, колледж оқытушыларымен тәжірибе алмасты.

Қатысушылардың білім-білігін техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің кафедра доценті Мұрат Мұздыбаев төрағалық еткен қазылар алқасы бағалап отырды.

Нәтижесінде бас жүлдені Қарағанды машина жасау колледжінің оқытушысы Маргарита Дудник, жүлделі бірінші орынды Павлодар машина жасау колледжінің оқытушысы Нұрсұлтан Байділдин, екінші орынды Қ.Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен-техникалық колледжінің оқытушысы Бауыржан Исаев, үшінші орынды Павлодар машина жасау колледжінің оқытушысы Руслан Сапинов жеңіп алды. Бұдан бөлек «Жаңашыл-инженер», «Smart-инженер», «Креативті инженер» аталымдарының жеңімпаздары да анықталды.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Оқу-ағарту министрлігінің грамоталарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button