Жаңалықтар

Кәсіпкерлер нысандарға баратын жолдың жоқтығына шағымданды – ШҚО

ШҚО кәсіпкерлер палатасына облыстың бір топ кәсіпкерлерінен өтініш түсті.
Жеке кәсіпкерлер Өскемендегі Сәтбаев және Қазыбек даңғылдарының қиылысында орналасқан нысандарына баратын жолдың жоқтығына шағымданған. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің жанындағы коррупцияға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Комитеттің кезекті отырысында қаралды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Өтініште Сәтбаев және Қазыбек даңғылдарының қиылысында бірнеше коммерциялық нысанды салу үшін 2014 жылы жер бөлінгені айтылған. Бұл жерде қазір мейрамхана мен дәмхана, қоймалар, дүкендер жұмыс істеп тұр. Кадастрлік анықтамаға сәйкес, қасында азық-түлік дүкенін, дәріханаға, автокөліктер дүкенін салуға учаскелер бөлінген. Арғы жағында «Өскемен қайырымдылық қоры» медресесінің ғимараты салынып жатыр. Аталған нысандар дұрыс жұмыс істеуі үшін Сәтбаев-Көкжал Барақ батыр қиылысынан Сәтбаев–Қазыбек би даңғылдарының қиылысына жетпей параллельді кірме жол қажет. Қазір кәсіпкерлер өз ғимараттарына басқа бизнес өкілдерінің учаскелері арқылы өтіп, барып жүр. Егер көрші бизнесмендер өз жерлерін қоршап алса, онда олар жұмыс орындарына жете алмай қалады. Шағымданушылар мүдделерін қорғау үшін жоқ дегенде қиыршық тасты параллель кіреберіс жолды салып беруді сұрайды.

– Жер учаскелері жолдарды кеңейтіп, ұзартуға дейін бөлінген. Қаланың бас жоспары бар, бұл жерде жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы шалағайлық көрініп тұр. Мен кәсіпкерлердің өздерімен бірнеше рет жолықтым. Олар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне өтініш айтқанда, шенеуніктер қызмет көрсететін барлық ұйымдармен өздері келісу керек деген желеу айтқан. Бұл қаланың жолы, жеке кәсіпкер ешкіммен келісім жүргізуге міндетті емес. Қалалық әкімшілік осы мәселені жарты жылдан бері шешпей отыр. Егер кірме жол мәселесі оңды шешілмесе, төрт кәсіпкердің қызметі жабылып қалу қаупі бар, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев.

Отырыста бизнес өкілдерінің өздері мәселені шешу үшін бірнеше эскиздер дайындағаны, жол полициясы кірме жолды салу жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ешқандай кедергі келтірмейтінін айтқаны белгілі болды.
Жиында қала әкімінің орынбасары Арман Искаковқа осы мәселеге қатысты бір апта ішінде жауап беру жөнінде айтылды.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button