Мәдениет

Кешенге келушілер қатары көбейіп келеді

Кешенге келушілер қатары көбейіп келеді

Жуықта облыстық Туристік ақпараттық орталықтың ұйымдастыруымен Тарбағатай ауданында өткен \”Алтай Қазақстан\” фестивалінде өңірдің барлық аудандарынан жиналған туризм мен кәсіпкерлік саласының мамандары бас қосты. Тарбағатай өңірінде туризмді дамыту мақсатында өткен фестивальге қатысушылар алғашқы күні Ырғызбай бабаның басында түнеп, құран бағыштап, құрбандық шалды.

Кешенге келушілер қатары көбейіп келеді

Ақсуатқа апаратын күре жолдан 57 шақырым қашықтықта орын тепкен Ырғызбай бабаның басына ымырт үйіріле жеткен бір топ туризм мамандары әулиенің зиратына барып құран оқытты. Арнайы құрбандық шалынып, кешкісін қонақасы берілді. Үлкен аумақты алып жатқан Ырғызбай Досқанаұлы жерленген жерде өзі тұрған тас үй мен табиғи тастан қаланған мазары бой көтерген екен. Кешен аумағында шағын мешіт, кітапхана, мұражай, елу орындық қонақүй де бар. Бірақ электр жарығы жоқ. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ кешенге жарық тарту бойынша тапсырма берсе, 57 шақырымға асфальт салуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев \”Бизнестің жол картасы\” бағдарламасы бойынша ақша бөлу жөнінде ұсынысын айтқан екен. Егер де осы жоспарлар жүзеге асып жатса, Ырғызбай баба кешеніне туристердің ағылары анық.

Мұражай да, кітапхана да, қонақүй де бар

Кешенге келушілер қатары көбейіп келеді

1787 жылы дүниеге келген Ырғызбай Досқанаұлы өмірден өтерінің алдында \”Мені осы Құлабелге жерлеңдер, зиратымды көтеріңдер\” деп өсиет айтып кеткен екен. Алпыс жасында өмірден озғаннан кейін өзінің ұрпағы Шыныбай ақсақалдың түсіне кіріпті: – Ей, Шыныбай, менің басымда қозы-лақ ойнап жүр. Менің басымды көтер, – деп аян беріпті. Сонда Шыныбай ақсақал өгізін арбаға жегіп, тас тасып, сандықтай етіп басын көтереді. Кейіннен 1956 жылы мазары қайта жаңартылады. 1975 жылы осы кешенге иелік етіп отырған Болат Тағабайдың әкесі ескерткіш тас қояды. Жалпы, Ырғызбай бабаның жерленген жері жыл өткен сайын жаңарып келеді. Кейіннен қалталы азаматтар бабаның басына мешіт, кітапхана, қонақүй кешенін салған. Әсіресе, Сабуровтар әулеті бұл кешеннің дамуына айтарлықтай үлестерін қосып отыр. Биыл олар баба кесенесіне сонау Баянауылдан ерекше тас әкеліп, екі ай ішінде қайта жаңартып шыққан. Бір сөзбен айтқанда, бұл жер бүгінде рухани, мәдени, діни орталыққа айналған. Осы жерде екі жыл қатарынан халықаралық дәрежеде қазақ күресінің біріншілігі өткен. Ол жарысқа 9 мемлекеттен спортшылар келсе, ендігі жылы 30 мемлекеттің балуандары келеді деп күтілуде. Сонымен қатар ақындар мүшәйрасы мен асық атудан турнирлер өтіп тұрады. Сондықтан да, Ырғызбай әулиенің басы Шығыстың рухани, мәдени байлығы деуге негіз бар.

Кешенге келушілер қатары көбейіп келеді

Мұнда орналасқан Дала даналары кітапханасынан бірнеше ғасыр бұрын арабша әріптермен жазылған кітаптармен қатар бүгінгі жазушылардың да кітаптарын табуға болады. Сөрелерінде сондай-ақ, діни кітаптар да тізіліп тұр. Ал Аманат мұражайында бағалы, құнды жәдігерлер өте көп. Хандардың мөр қоятын жүзіктерінен бастап, қасқыр ішік, әшекей бұйымдар, шоқ үтіктер сынды тарихи заттар жинақталыпты. Кешенді аралап жүрген туризм саласы мамандарының назары мұражайдың алдында тұрған ескі көлікке ауды. Ол 1942 жылы құрастырылған жол таңдамайтын көлік.

Кешенге келушілер қатары көбейіп келеді

Польшадағы соғыс кезінде осы көлікті пайдаланған екен. Сексен жылға жуық уақыт болса да, көлік өздігінен от алып, жүріп тұр. Тіпті, кешендегі кейбір ұсақ-түйек шаруалар осы көліктің көмегімен жүзеге асырылатын көрінеді.
Тарихи жәдігер жинаумен айналысатын Болат Тағабайдың қорында ескі қабырға сағаттары да бар. Қонақүй кешенінде ілулі тұрған көп сағаттардың бірі, әрі құндысы 1908 жылы шебердің қолынан шыққан сағат. Болат Тағабайдың айтуынша, ол сағатты қалпына келтіру үшін шеберлер бір жылдай уақыттарын жұмсапты. Көзге кәдімгі көне сағаттардың біріндей болып көрінгенімен аса құнды екен. Тіпті, ол сағатқа қызығушылық танытқандар Болат Тағабайға шетелдің жол таңдамайтын көлігін де ұсыныпты.
– Көлік табылады, ал мұндай сағат қайдан табылады?! – деген Болат Тағабай қымбат көліктен бас тартқан екен.
Кешен қызметкерлерінің айтуынша, мұнда зиярат етіп келушілер жыл он екі ай үзілмейтін көрінеді. Осыдан бір-екі жыл бұрын Израильден баба басына бақандай сегіз тікұшақпен қонақтар келіп, құран бағыштатып қайтыпты. Мұнда мұсылман елдерінен ғана емес, Франция, Германия, Испания сынды мемлекеттерден де келушілер қатары көп. Сондай-ақ, Ырғызбай баба басындағы кешенге жаз бойы жетім балалар барып демалады. Бұл жерге табаны тиген адамдардың ниеті, тілеген тілегі қабыл болады деседі. Кейбір жағдайда адамдар бұл жерге қандай да тылсым күштің әсерінен жете алмай да қалады екен.

Бір отар қой қалай аман қалды?

Кешенге келушілер қатары көбейіп келеді

Емшілік қасиет қонған Ырғызбай ата өз заманында бала Құнанбайды емдепті. Құнанбай жетіге толғанда басы ісіп, ес- түссіз қалған екен. Сонда Өскенбай Ырғызбай емшіні алғызып, баласын емдетеді. Ырғызбайдың талабы бойынша жеке жерге киіз үй тігіліп, баланы таң атқанша сонда емдеген көрінеді. Таң ата әкесі Өскенбай баласына барса, баласы жерде жатады, бір көзі ағып кеткен екен. Сөйтсе Ырғызбай баланың басындағы ісікті көзінен шығарып, шыбын жанын аман алып қалыпты. Ырғызбай әулиенің аурудың келе жатқанын алдын ала білетін көріпкелдік қасиеті де болыпты. Тарбағатай өңірінен елу түрлі шөп жинап, зертханасында дайындап отырған. Әулиелігі сондай, ешкімнен ақы сұрамаған. Кезінде колхоздың жүздеген қойы ауруға шалдыққан көрінеді. Амалы қалмаған қойшы отарын алдына салып, Ырғызбай бабаның басына айдап алып келіпті. Бұған күле қарағандар да болыпты. Бірақ қойлар жерге аунап, барлығы бірдей аман қалған екен. Қой демекші, бабаның басында құрбандыққа шалатын қойларды бағып жүрген Бекмұхамет де осында келіп, ауруынан құлантаза айығыпты. Бұл өлкенің киелілігі болса керек, құран бағыштап мал сойғандар асылған етті сыбағасы деп Ырғызбай бабаның басына қояды екен. Сонда әлгі етке ұшқан құсты қойып, бірде-бір шыбын қонбайтын көрінеді.
Ырғызбай бабаның басында бір түнеген туризм саласы мамандары ертесінде Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта өткен семинарға қатысты. Тарбағатай ауданындағы туризм саласының дамуы сөз болған дөңгелек үстелде Ырғызбай баба кесенесі мемлекет қарауына алынғандығы айтылды. Тарбағатай өңірінде туризмді дамытуға қолайлы орындар слайд арқылы көрсетілді. Аудандардан келген мамандар ой-пікірлерін ортаға салды. Облыстық туристік ақпараттық орталықтың директоры Талғат Мәзбаев шетел асып демалғанша өз өлкемізде туризмнің дамуына үлес қосу керектігін сөз етті.
– Шетел асып, өзге елге ақшамызды шашқанша өз жерімізде демалған әлдеқайда тиімді. Ол үшін әрине, демалушыларға бар мүмкіндікті жасауымыз керек. Мысалы, Абай ауданында Жидебайды, тарихи жерлерді аралап шыққанымызбен шай ішіп, тынығатын бірде бір орын жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – деді Талғат Мәзбаев.
Дөңгелек үстел соңында кәсіпкерлік және туризм саласының мамандарына алғыс айтылып, мадақтама қағаздарымен, сыйлықтармен марапатталды.

Мерей Қайнарұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button