«Керей – Жәнібек» қойылымы еліміздегі театрлар арасында тұңғыш рет Өскеменде сахналанды

Облыстық драма театр ХV маусымын «Керей-Жәнібек» атты тарихи драмамен ашты. Бұл – Өскеменде бой көтерген жаңа театрдың сахнасындағы алғашқы қойылым. Театр тарихына алтын әріппен жазылар осы бір мерейлі сәтке облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да куә болып, қойылымды жұртшылықпен бірге тамашалады.
– Бүгін біз сіздермен бірге тарихи оқиғаның куәгері болғалы отырмыз. Өскемендегі бұл театр – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі арнайы келіп ашқан облыстар арасындағы жалғыз театр. Облысымызда алты театр бар. Онда 500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл – басқа облыстармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Жаңа театрдың салынуы өңіріміздегі өнердің дамуына тың серпін береді деген ойдамыз. Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер акедемиясы мен Астанадағы «Шабыт» өнер университетінен 20-ға тарта жас актерлерді шақырдық. Биыл ғана оқу бітірген уыздай жас қыз-жігіттер осы театрдың керегесін кеңейтуге жұмыс жасап жатыр. Жаңа ғимаратта жұмыс бастап жатқан театр ұжымы бізді жаңа қойылымдармен, жаңа нәтижелермен қуантады деген үміттеміз. Облыс тарихында тұңғыш рет өткелі отырған республикалық театрлар фестивалінде біздің өнерпаздарға сәттілік тілейміз, – деді Жақсылық Омар.
Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына орай жазылған бұл драма тұңғыш рет біздің облыста көрерменге жол тартып отыр. Шығарма авторы – белгілі драматург, жазушы жерлесіміз Думан Рамазан. Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
– Қойылымды көрерменнің берген бағасына қарап өз деңгейінде қойылғанын аңғаруға болады. Драманың әрбір эпизодында көрермен айрықша ілтипат көрсетіп отырды. Маман ретінде айтар болсам, қойылым жоғары деңгейде өтті. Алдағы өткелі отырған республикалық фестивальға осы қойылыммен қатысқалы отырмыз, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Сақан Әкелеев.
Тарихи драма Әбілқайыр ханның жоңғарлардан жеңіліп, халықтың «ақтабан шұбырынды» болған кезінен бастау алады. Қанқасап шайқастан қамкөңіл қайтқан Сақ деген сардар үйіне келіп әйелінің аяғы ауыр екенін естиді. Осылай басталған шығарма Әбілқайыр ханның өз халқына жасаған өктемдігімен өрбіп, ханның бұйрығын атқарып жүрген Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіруіне дейін жетеді. Міне, бұл оқиғаның шиеленісіп, әбден шарықтау шегіне жеткен кезі болатын. Осы кезде халық сөзін сөйлеп, Ақжол бидің құнын жоқтап Керей мен Жәнібек сұлтан атқа мінеді. Ханның арам пиғылын сезген сұлтандар ақыры бөлек хандық құруға бел байлап, қыпшақ, арғын, найман, керей руларын бастап келіп Жетісуға тұрақтайды. Қозыбасыда Керейді ақ киізге отырғызып хан сайлап, енді хандықтың атын қалай атаймыз деп талқылап жатқанда, Сақтың әйелі босанып, әжесі немересін көтеріп, Асан абызға ат қоюға әкеледі. Ол балаға батыр бабаларындай азамат болсын деген тілекпен Қазақ деп ат қояды. Бұл есім Керейге де ұнап, хандықтың атын Қазақ деп атауға шешім қабылдайды.
Қойылымның әрбір көрінісі көрерменді бейжай қалдырмады. Сәбидің өмірге келуі мен қазақ хандығының өмірге келуіндегі параллелизмді режиссер сәтті пайдаланған. Актерлерге де айтар жоқ. Әрбір рөлді сомдаған өнерпаздардың қимыл-әрекеттері сондай шынайы шықты. Жаңа технологиямен салынған театр сахнасын да сәтті пайдаланған. Бір кем дүниесі, батырлар бейнесін сомдаған кейбір азаматтардың дене бітімінің ұсақтығы болды. Қобыланды батырды сомдаған Хамит Халық мен Керей хан рөлінде ойнаған Сырым Маратбек қана осы олқылықтың орнын толтырғандай көрінді бізге.
– Осыдан төрт жыл бұрын келіп «Кенесары – Күнімжанды» қойғам. Содан бері театр әртістерін жақсы танимын. Кімнің қай рөлді алып шығатынын білемін. Олар бүгінгі қойылым арқылы қандай күрделі шығарма болса да, қорықпай қоя беруге болатынына көзімізді жеткізді. Республикадағы кез келген театрмен иық тірестіріп, өнер көрсете алатындарын дәлелдеді. Бұл қойылымды сахналау үшін театр ұжымымен екі айға жуық дайындалдық. Әрине, барлық батырлардың бейнесін сомдауға денелі азаматтар табуға мүмкіндігіміз болмады, – дейді қойылым режиссері Болат Ұзақов.
Қойылымның тағы бір ерекшелігі, кейіпкерлердің көбі халыққа жақсы таныс Қобыланды батыр, Асан абыз сынды қазақ ауыз әдебиетінде көп айтылатын танымал тұлғалар. Қара қыпшақ Қобыланды батыр Ақжол биді өлтірген тұста халық жадында жақсы бейнесімен қалған батырды жоғалттық-ау деп өкініп қалған едік. Әбілқайыр ханның құрығынан қалай құтыламыз деп отырған қысылтаяң тұста жер қайысқан қыпшақ қолын бастаған Қобыланды келіп кешірім сұрап, Керей мен Жәнібектің еліне қосқанда шығарма авторына риза болдық, сүйіндік.
– Театрымыздың алғашқы спектаклі кереметтей тамаша болды. Халық сондай риза. Жақсылап бір демалып қалдық. Жас актерлердің үлкен-үлкен батырларды сәтті алып шыққаны қуантты. Театр ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, маған қатты ұнады, – дейді қалалық ақсақалдар кеңесінің хатшысы Жақан Сайлаубайұлы.
– Өткен ғасырларға сапар шегіп, рухты бабаларыммен тілдесіп қайтқандай күй кештім. Алдағы уақытта кең сарайдай жаңа театрымызда осындай тарихи тақырыптағы туындылар тағы да сахналанса деген тілегім бар, – дейді студент Айгүл Әсембаева.
Иә, қойылымға көрермендер дән риза болды. Әсіресе Керейді ақ киізге отырғызып хан көтерген тұста тебіренбеген көрермен аз. Бейнебір қазақтың тұңғыш ханын өз қолдарымен таққа отырғызып жатқандай әсерде болды. Қазақтың дербес шаңырақ көтергенін көріп рухы көтерілді. Біздің бір байқағанымыз, көрермендер тарихи тақырыптағы қойылымдарға сусап қалыпты. «Керей-Жәнібек» сол олқылықтың орнын аз да болса толтырғандай болды.
Мұратхан Кенжеханұлы