Кенеден сақ болыңыз
Өңір емханаларына бүгінге дейін кене шаққан 229 адам жүгінген. Кене шағудан зардап шеккендердің сексені немесе 35%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әзірге кене шағу жағдайлары аз екенін айтады. Кене энцефалитімен сырқаттанушылық мүлде тіркелмеген.
Биыл кене шағудың эпидемиологиялық маусымы ұзаққа созылған салқын көктемге байланысты жай басталды. Көп жылдық эпидемиологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей, облыста аурудың алғашқы жағдайлары әдетте мамыр айынан бастап тіркеледі.
– Кене энцефалитінің алдын алу мақсатында жәндік шаққандардың 201-іне иммуноглобулин препараты салынды. Қалғандары препаратты медициналық көмекке кеш жүгінуге және медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты алмаған. Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене шағудан зардап шеккен адамдарға алдын алу көмегін көрсету үшін кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті мөлшерде, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде.
Департаментте облыс бойынша кене энцефалитінің табиғи ошағы – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Көкпекті (Самар аумағы ), Ұлан, Шемонайха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының маңайлары екенін атап өтті. Мамандар кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді әрі кепілді жолы – кене шағуға жол бермеу екенін еске салады. Ол үшін жеке қорғанудың қарапайым шараларын сақтау қажет. Мысалы, жәндіктер киім астына кіріп кетпейтіндей қорғаныш киімдерін кию және репелленттерді (үркітетін құралдарды) қолдану керек. Сонымен қатар екі адам әлсін-әлсін бір-бірінің үсті-басын тексеріп тұрған да жөн.
Кәмал Естай