Мерейтой

КЕМЕЛ ОЙДЫҢ АЛЫБЫ

Әуезов-125

Қазақстан Ғылым академиясының академигі, абайтану ғылымының негізін салушы, қазақ халқының ғасырда бір туатын ұлы перзенті Мұхтар Әуезов – әлем таныған ғұлама ғалым.

Ол Абай дәстүрін үлгі еткен ортадан нәр алған, туған халқының қайғы-шері мен қуанышын жүрегіне сыйғызған, аса күрделі әрі қайшыласқан ұшқыр заманның сан қырын асқан шеберлікпен суреттей білген жазушы. Ол өзінің білім өресінің биіктігімен, ой-пікірінің тереңдігімен, көркемдік кестесінің қанықтығы мен алуан түрлілігі, өмірге құштарлығы өз уақытындағы, өз дәуіріндегі небір айтулы атақты тұрғыластарының ішінде өзіндік тұрпатымен дара көрінетін тұлға.

М.Әуезовтің әр шығармасы кез келген оқырманның жүрегіне жол тауып қана қоймай, қоғамға ықпал ететін, ойды оятып, сананы ұштаған, әділеттің туын көтерген қаламгер, жалғандыққа төзбейтін, сатқындық пен екіжүзділікке қаны қас суреткер.

Киіз үйден бастау алған қойылым

Жазушылық қызметінің алғашқы жылдарында жазылған «Еңлік-Кебек» драмасы мен «Қорғансыздың күні», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек», «Қыр әңгімелері», «Қыр суреттері», «Жетім», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу», т.б. сияқты қазақ даласының ұлттық тұрмыс-тіршілігі шынайы бейнеленген әңгімелері арқылы-ақ ол өзінің зор дарын иесі екендігін танытты. Қазақ әңгімесінің деңгейін әлемдік биік дәрежеге көтерді.

Оның тұңғыш туындысы «Қорғансыздың күні» әңгімесінде зорлықшыл Ақан болыс пен оның атқосшысы Қалтайдың күндерін әрең көріп отырған жетім-жесірге көрсеткен қорлығы мен зорлығы шынайы суреттеледі. Жас қыз Ғазизаға жасалған жантүршігерлік хайуанға тән іс-әрекет уақыт, қоғам шындығының нақты айғағы іспетті көркемдік шешім арқылы ашылған. Заман құрбанына айналған қорғансыздар тақырыбы оның өзге де  шығармаларына арқау болды. «Жуандық», «Ескілік көлеңкесі», «Жетім», «Кім кінәлі?», т.б. әңгімелерінде қорғансыз жандар тағдыры суреттеледі.

ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап М.Әуезов бірыңғай кәсіби жазушылықпен айналысып, шығармашылық еңбекке түбегейлі бет бұрды. Ел аралап, жер көріп, ел тарихына, ұлт тағдырына қатысты көптеген зерттеулер жүргізіп, оны өзінің жазушылық шығармашылық еңбегіне пайдаланады.

20-30 жылдары М.Әуезов «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» сынды әңгіме- хикаяттарында ол осының бәрін астарлап, алайда бүкпесіз шындықпен шырайын кіргізе бейнелеген.

Ол көркем әдебиеттің барлық саласына қалам тербеп, көркемдігі кемел туындылар жазды. Поэзия үлгісіндегі дәстүрлі қазақ әдебиеті ХХ ғасырда М.Әуезовтің кең құлашты роман-эпопеясы арқылы әлемдік әдебиеттің биік шыңына шығып, дүние жүзіне танылды.

Туған халқының тарихын көркем сөзбен шынайы бейнелеген және сол биіктен танылған жазушы М.Әуезовтің қаламынан шыққан көркем шығармалар – бүгінгі қазақ халқының асыл қазынасы.

Мұхтар Әуезовтің есімі қазақ халқының соңғы ғасырдағы мәдени, әдеби тарихымен тікелей байланысты. 1926 жылы қазақтың тұңғыш театры өзінің сахнасын «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашты. Оның қаламынан туған «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз», «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Абай», т.б. көптеген драмалық туындылары ұзақ уақыт қазақ театрларының сахнасынан түспей, негізгі репертуарын құрады. М.Әуезов пьесаларының көпшілігі қазақ театр өнерінің классикалық туындыларына айналды.

30-шы жылдар М.Әуезов шығармашылығында драматургия жанры үшін жемісті жылдар болды. Олардың ішінде «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Тартыс», «Тастүлек», «Қобыланды», «Хан Кене» сынды озық драматургиялық шығармалар бар. Бұл саладағы биік табысқа жетудің негізі жазушының әлем драматургиясын жетік білуінен еді. Ол аударған У.Шекспирдің «Отелласы» мен «Асауға тұсауы», Н.Гогольдің «Ревизоры», т.б. ең шебер аудармалары ретінде қалыптасуына зор әсер тигізгені шындық.

Қазақ әдебиетінде драматургия жанры – тек Мұхтар Әуезов қана ашқан жаңалық. Одан бұрын қазақтың ұлттық әдебиетінде ауызға аларлық пьесаның өзі түгіл, иісі де болған жоқ. Қазақ драматургиясының шымылдығын ашқан алғашқы туынды – Мұхтар Әуезовтің 1917 жылы жазған «Еңлік-Кебек» пьесасы киіз үйде қойылды.

Жиырмасыншы ғасырға дейін қазақтың халық әдебиетінде драматургияға өзек болатын мол қазына жиналды. Осы байлықты игерген қаламгер – М.Әуезов. Ол халық әдебиетінен нәр алды. Қазақ тұрмысындағы сауық түрлері, қыз ұзату салтанаты, алтыбақан ойындары тұңғыш драмаға енгізілді. М.Әуезов көпұлтты театрда істеген. Осы тәжірибе оған сахна сырын жете үйретті. Жазушының қаламынан отыздан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, елуден асады.

Ұлтымызға ұлы мұра қалдырған

М.Әуезовтің әр алуан тақырыптағы туындыларынан қоғам, кезең шындықтары, өмір-уақыт тынысы терең сезіледі. Ең бастысы, проза жанрында жазушының жаңа тақырыпқа барлау жасап қана қоймай, сонымен қатар шығармашылық жаңа шешімге қадам басатыны да байқалады. Сол арқылы ол төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кездегі қым-қиғаш тарихи оқиғаларды жеке кісі істейтін әрекет арқылы буырқанған дәуірдің көкейкесті мәселесін көркем туындыға арқау ете білді. Бұл тұрғыдан келген М.Әуезов өз шығармасында да ескі өмірдің қиындығын көрсете отырып жаңа заман өзгерісін дұрыс байқата алған. Ұлы жазушының туындыларының ерекше бір болмысы – өмір шындығын көрсетудегі түр жасай білуінде. Әр шығармасында түрліше баяндау мәнері бөлектеніп, орасан бір міндетті атқарып отырады. Сол оқиға арқылы оқырманды еріксіз ынталандырып, қызықтырады. Бұл амал-тәсіл шығармадан шығармаға бұрынғысынан да бетер шыңдалып, шымырланып жетіле дамып, сөз өрнегі зерделеніп, нұрлана, сұлулана түседі. Оны тамсана оқып, сүйсіне қарап, қазақтың ойлау, сөйлеу пайымына таңғаласың. Өзің айтып жеткізе алмағаныңды заңғар жазушы тілімен өрнектеп жеткізеді.

Қазақтың ойшыл-гуманисі Абайдың өмірі мен қызметі жайлы жазу арқылы қазақ халқының өмірлік энциклопедиясын әлем әдебиетіне танымал етті. Өзі де шексіз даңққа бөленді. Ол көшпенділер тарихын шебер суреттеуі нәтижесінде өзін де Абай өмір кешкен дәуірдің заңды жалғасы етіп көрсете білді.

«Абай жолы» – ақынның аса құнды да асыл мұрасының орасан бай қазынасы, қазақтың тұңғыш эпопеясы, сонымен қатар ХХ ғасырдағы ең үздік шығармаларының бірі. Үздік шығармаға айналған «Абай жолы» М.Әуезовтің бас кітабына айналды. Туған халқына мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек ұлылардың ғана үлесіне тиген. Солардың бірі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

Ол өзінің осынау ұлы шығармасын жазып үлгеріп кетті. Жазушының үлкен бақыты да осы еді. Ол «Абай жолы» арқылы отандастарына, тіпті қазақтардың өзіне «қазақ» дегеннің кім екенін танытты. Қазақ халқының ұлылығын оның өткен өмірін,  тарихының түбегейлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан дәуірлерді ғажайып көркемдікпен жарқыратып ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді.

Қазақ халқының қазақ екендігін дүние жүзіне «Абай жолы» арқылы танытқан Мұхтар Әуезов «Абай жолы – халық жолы» екендігін түсіндірді. Романда Абайдың ел-жұрты, қоғамдық ортасы, әлеуметтік қоршауы, дәуірі, заманы туралы жазылған.  Абай – Әуезов қолындағы шамшырақ. Әуезов сол шамшырақты қолына ұстап, Абай жолы туралы көп жазған.

М.Әуезов қазақ халқының көркем шежіресін әлем жұртшылығының тарихында алтын әріппен жазды. Қазақ халқының ұлы перзенті М.Әуезов сол халықтың ХХ ғасырдағы көркемдік ізденісінің ең шыңына қол жеткізді.

Ол жазушы ретінде эпос пен драманың шағын түрлерінен күрделі жанрларына дейін, одан әрі ұлан-ғайыр ғасырлық шындықты туған халқының тарихи тағдырымен тамырластыра танытқан керемет кең құлашты эпопеяға дейін самғап, биікке көтерілген теңдесі жоқ сөз зергері.

М.Әуезов – замана талабын дұрыс түсінген ойшыл жазушы. Оның әр жылдарда, әртүрлі жағдайларға байланысты сөйлеген сөздері, жазылған көркем шығармалары мен зерттеулері терең ойларға толы. Олар бір мақала емес, сандаған монографиялық еңбекке арқау болар дүниелер.

Жазушы әлемі тек әдебиеттану тарихында ғана есімі аталып қоймау керек, қазақ ұлтының заңғар жазушысының есімі – бүкіл қазақ халқының ғұмырымен тағдырлас есім. Қазақ ұлтының тіл байлығын, оның ойлау ғылымилығын дәлелдеген суретші туралы ғасырдан-ғасырға жалғас тауып, айтыла беретін, зерттеле беретін, ұлт алдында үлгі болатын алып тұлға.

Мұхтар Әуезов өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет етті, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырды. Жазушы – бойындағы отаншылдық сезіммен адамзатқа ортақ гуманизм принциптерін ғұмырының соңына дейін қатар ұстап өткен ұлы жүрек иесі.

Алдына жан салмаған кемел прозашы және драматург, ғұлама ғалым, аса дарынды аудармашы, қарымды публицист Мұхтар Әуезовтің келер ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы туған халқының, бүкіл адамзаттың игілігіне әрдайым қызмет ете бермекші. Егемендік алған елімізде бүгін де Мұхтар Әуезов дәстүрлері өзінің жалғасын тауып, кең өріс алып, ұлттық рухани байлығымыздың молаюына, туған әдебиетіміз бен ана тіліміздің мерейі үстем болуына игі әсерін тигізіп отыр.

Ол көзі тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де халқының қалтқысыз сый-құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленген, осындай мерекелі күндерде ғана емес, әрдайым жұртының жадында жаңғырып тұратын, тарихтың да, тағдырдың да сынына төтеп берген ұлы тұлға.

Н.Өмірбекова,

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің

жетекші ғылыми қызметкері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button