Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын
«Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» дейді біздің қазақ. Халық айтса, қалт айтпайды. Келін – шаңырақтың ажары ғана емес, әулеттің ұрпағын жалғастырушысы, ырысы мен құт-берекесі. 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Өскеменде «Аяулы жас келін» атты облыстық сайыс өтті.
– Келін келді дегенде қуанғаным,
Ұшып тұрып орнымнан тұра алмадым, – дегендей, келін түсіру – әр ата-ананың басты арманы. Келін көргенді жердің қызы болса, тіпті, бақтың жанғаны. Өйткені, әр әулеттің тағдыры, оның өсуі мен өшуі – келіннің қолында. Осы орайда облысымызда аймақ басшысының қолдауымен тұңғыш рет өткізіліп отырған байқаудың мақсаты да тек ізгі ниетті көздейді. Отбасы құндылықтарын бағалауды, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтауды мақсат еткен келіндер сайысының жас ұрпаққа берер өнегесі де көп. Мұны сайысты салтанатты түрде ашқан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы Жасұлан Сәрсебаев та ерекше атап айтты. Өңіріміздің әр ауданынан келген келіндердің әрқайсысы да тым көрікті екен. Сымбаты мен сұлулығы қатар үйлескен аруларымызды көргенде әр көрерменнің кеудесін мақтаныш кернегені де рас. Ал сайыс барысында біз олардың тек сырты ғана емес, ішкі жан дүниелері де әдемі екеніне көз жеткіздік.
Сайыстың алғашқы сатысында қатысушылар өздері туралы «Жас келіннің бір күні» атты бейнефильм жасап, жастар саясаты мәселелері басқармасына жолдап, оны ақ жаулықты аналардан құралған әділ-қазылар алқасы сарапқа салған көрінеді. Сөйтіп, әділқазылар алқасының шешімімен 8 келін сайыстың екінші сатысына өткен екен.
«Аяулы жас келін» атты сайыстың тағы бір сатысы – тамақ пісіру. Жалпы, қазақ құтты ұясының табалдырығын аттаған келінді қашан да құйған шайы мен әзірлеген асы арқылы сынап, танып білген. Соның ішінде қадірлі қонақтың алдына тартылатын халқымыздың бас тағамы – етті баптап пісіріп, сойылған мал етінің әр мүшесінің табаққа орнымен салынуына аса мән берген. Сөйтіп, сайысқа қатысушы 8 келін қаладағы «Ақ тілек» мейрамханасында өздерінің бақтарын сынады. Тамақ пісіру сайысында бармақтарынан бал тамған келіндерге әділқазылар тарапынан сын да айтылмай қалған жоқ.
Келіндердің дені ас әзірлеуге жиын-тойға киіп баратын көйлекпен-ақ кірісіп кетті. Бастарына орамал тартқандары да аз. Ал бұл дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Ас әзірлегенде тазалықты сақтаған абзал. Тек Зайсан ауданы мен Тарбағатайдан келген аяулы келіндер ғана ас әзірлеуге арнайы киім тіктірген екен.
Сайыстың тағы бір шарты – өзін-өзі таныстырудан да әр өңірден келген келіндер алдына жан салмады. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп Қасым ағамыз айтқандай, келіндердің әрқайсысы өздерін тек жақсы жақтарынан көрсетуге тырысып, текті жерге келін болып түскендеріне сендіруге тырысты. Әсіресе, сайыстың осы бір сатысында катонқарағайлық келін Гүлүзім Мажинова өзін-өзі таныстырудың ерекше бір үлгісін тапқандай көрінді бізге.
Жас келіндер интеллектуалдық деңгейлері сынға түскен додадан да сүрінбеді. Бір байқағанымыз, «Аяулы жас келін» байқауына қатысушылардың көпшілігінің мамандығы мұғалім екен. Оның үстіне оларға қойылған сұрақтар да соншалықты күрделі болмады.
Байқауға қатысқан келіндердің барлығы да шетінен өнерлі көрінеді. Келіндердің қолынан не келетініне біз сайыстың соңғы сатысы – өнер сайысында куә болдық. Катонқарағайлық келін Гүлүзім Мажинова өзінің жерлесі, қазақтың ғаламат жазушысы Оралхан Бөкейдің туындысынан үзінді оқыса, Ұлан ауданы келіндерінің атынан қатысқан Балжан Мұратқызы халық әні «Көзіңнің мөлдірін-айды» тамылжыта орындады. Аягөздік келін Эльвира Жақсыманова Мұқағали ақынның «Әйелдер-ай» өлеңін нақышына келтіре орындаса, тарбағатайлық Меруерт келін өзбекше би биледі. Ал Курчатов қаласынан ат арытып келген Арайлым Серікқалиқызының дауысы көмейіне бұлбұл ұялаған әнші апасы Бибігүлден бірде кем емес. «Қазақ вальсін» құйқылжыта айтқанда зал толы көрермен ішінен тына қалды. Ал зайсандық Салтанат келін мың бұрала «Шашу» биін билегенде де көктен бір нұр шашылғандай сезімде болғанымыз шындық.
Осылайша «Аяулы жас келін» атты байқау да өз мәресіне жетті. Сахнаға әділқазылар алқасының төрайымы, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімі бастығы көтеріліп, жеңімпаздарды жария етті. Әділқазылар ұйғарымымен бірінші орын – зайсандық, екінші орынға – тарбағатайлық, үшінші орынға өскемендік келін ие болды. Сонымен қатар, бірқатар келіндерге «Өнегелі келін», «Асыл ана», «Биязы келін», «Өнерлі келін» номинациялары табыс етілді.
Жанар ДҮБЕРБАЕВА, Үржар ауданы:
– Келін деген қасиетті ұғым ғой. Қазақ халқы келіндерін әркез құрмет тұтқан. Өйткені, отбасындағы шаңырақтың шаттығы тікелей келінге байланысты. Сондықтан да қазақ келіндері мықты болса деп ойлаймын. Ұлттық салт-дәстүрін ұлықтайтын қазақтың келіндері бар кезде ұлтымыз жоғалмайды.
Салтанат ҚҰРАЛХАНОВА, Зайсан ауданы:
– Әйелдің қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Ұлттың асыл қасиеті уызына жарыған ұрпақтың бойына ана сүтімен дарып, болашаққа жалғасады. Сондықтан да ерді үйдің иесі санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесіне балаған. Әйел мықты болса, қоғам да алға жылжиды. Барлық әйел-аналарды мерекемен құттықтай отырып, өмірдегі бар жақсылықты тілеймін.
Эльвира ЖАҚСЫМАНОВА, Аягөз ауданы:
– Қазақтың келіні қандай болуы керек? Әрине, ибалы, биязы болуы тиіс. Өйткені ұрпақты тәрбиелейтін сол келін ғой. Сондықтан да бүгінгі «Аяулы жас келін» байқауының беретін тәлім-тәрбиесі өте мол деп ойлаймын. Байқауға қатысқан келіндердің бәрі де керемет екен. Қатты риза болдым.