Келер жылы грант саны көбейеді
Азамат Темірбеков
Келер жылы өңіріміздегі жоғары оқу орындарында маңызды мамандықтар бойынша берілетін грант саны 270 орынға ұлғаяды. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында белгілі болды.
Облыстық бюджеттің алдағы үш жыл ішіндегі өзгерістері жайын баяндаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Бельбеев аймақ бойынша білім саласына қарастырылған қаражат көлемі 163,4 миллиард теңгеден асып жығылатынын атап өтті.
– 341 мектепті, алты дарынды балаларға арналған облыстық мектепті, сегіз арнайы-коррекциялық мектеп-интернатты, балалар ауылы мен үш балалар үйін, кәмелетке толмағандарға арналған екі орталықты, үш психологиялық медициналық педагогикалық кеңес беретін кабинет пен тоғыз балаларды тексеру және оңалту орталығын күтіп-ұстау қарастырылған. Сонымен қатар аудан, қалалардағы мектепке дейінгі мекемелердің мемлекеттік тапсырыстарын орналастыруға және аймақтағы 37 колледжге оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар сатып алуға 450 миллион теңге бөлінеді, – деді Фархад Бельбеев.
Бұдан бөлек «Білікті маман» жобасы аясында өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекелестігін арттыру мақсатында келер жылы 1,1 миллиардтан астам теңге осы салаға бағытталмақ. Осының арқасында облыстағы төрт университетте маңызды мамандықтар бойынша 1249 гранттық орын бөлінбек. Нәтижесінде гранттық орындар саны 270-ке артады.
Сондай-ақ келешекте отызға тарта орта білім ордасы жөнделіп, жаңа модификациядағы тоғыз кабинет жасақталады. 11 жаңа мектеп салынып, Өскемен қаласындағы көпсалалы технологиялық колледждің 244 орынға арналған жатақханасын аяқтауға қаржы бөлінеді. Облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында екі балабақша салуға 334,3 млн. теңге қаражат қарастырылады.