Мәдениет

Кеңістікте де түстер бар…

Талантты суретші Мағауия Аманжоловтың жоғалғанына биыл 24 жылдың жүзі болыпты. 24 жыл… Әрине, бұл аз уақыт емес. Әсіресе, «келіп қалар, келіп қалар» деген үмітпен күн кешкен жарының, балаларының күйін көзге елестетудің өзі де тым қиын. Бірақ суретші отбасына  оралмады. Ортамызда болса қылқалам шебері  биыл 70 жасқа  толар еді.

«Көкжиексіз».  Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейінде ашылған  суретшінің жеке мерейтойлық  көрмесі  осылай аталды. Неге екенін кім білсін, Мағауия Аманжолов әйтеуір өзінің әлемін көкжиекпен шектегісі келмепті. «Кеңістікте де түстер бар, көкжиек деген болмайды» дейді ол. Суретшінің жары Күлбайраш Сүлейменқызы да оның бір кеңістіктен екінші бір кеңістікке өтіп кеткеніне сенеді.

1995 жылдың 15 тамызы. Бұл күн  суретшінің жары Гүлбайраш апайдың есінде мәңгі қалып қойыпты. Сол күні шеберханасына кеткен суретші қайтып үйге оралмады.  Содан бері Күлбайраш Сүлейменқызының да өмірі күтумен өтіп келеді. Өмірдегі ең асылын, қымбатын жоғалтқан жардың күйінішін, сағынышын тілмен жеткізу мүмкін емес.  Өлді дейін десе, өлгенін ешкім көрген жоқ. Ешкім тағы көмген жоқ. Ал тірі болса, келер еді ғой…

  • Ол – үлкен бір энергетиканың адамы еді. Бүкіл өмірін өнерге арнаған жан ғой. Балалармен бірге сол өнер иесіне де ие болуға тырыстым. Бірақ қолымнан келмеді, – дейді өзегін өкініш өртеген Күлбайраш апай бізбен әңгімесінде.

Әлі күнге дейін суретшінің жоғалып кеткеніне өзін кінәлайтын секілді.

-Қайтыс болған адамды көңілің суып жерлейсің, қайтып оралмайтынын білесің ғой. Ал мынау өлімнен де қиын екен, – дейді тағы  күрсініп.

Сол сәт  Күлбайраш апайдың сүйген жарына деген адалдығына қатты сүйсіндім. Жоғалған жарын 24 жыл бойы күту, үміт үзбей іздеу,  артындағы мұрасын көздің қарашығындай сақтау Күлбайраш секілді рухы мықты әйелдің ғана қолынан келетін шығар. Бұл күні Күлбайраш апайдың талай жылғы арманы орындалды десе де болғандай. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінде Мағауия Аманжоловтың көрмесі ұйымдастырылып, альбом-кітабының тұсауы кесілді.

-Мағауияның артында қалған мұрасын жинақтап, альбом-кітап шығару керемет арманым еді менің. Соны ойлағаннан  қатты ауырып қалып та жүрдім. Сол арманым Алланың құлағына жеткен шығар, бір күні шеберханаға Дәкең, Даниал Ахметовтың өзі іздеп келді. «Дәке, Мағауияның кітабын шығаруға менің шамам болмауы мүмкін. Балалар да соңына түсіп жүгіре алмайтын шығар.  Мағауияның картиналары – халықтың қазынасы ғой. Келешек ұрпаққа аманат ете алмаймын ба деп қорқамын» деп уайымымды жеткіздім.  Бәрі жақсы болатынын, қол ұшын беретінін айтып, уәде берді.  Басында сенген жоқпын. Өйткені бұған дейін көп шенеуніктер уәде берген болатын. Бірақ Дәкең істің адамы екен. Қазір  бес уақыт намазымда осы кісінің де тілеуін тілеп отырамын, – дегенде Күлбайраш Сүлейменқызының жанарына жас  үйірілді.

Әр туындысы – шедевр

Иә, қылқалам шеберінің әрбір туындысы шедевр. «Ол өзінің талантты адам екеніне сенетін» дейтін суретшінің жары.

-Біздің туған күндерімізге картиналарын сыйлайтын еді. Оған біз ренжіп: «Бізге неге сыйлық әпермейсің, картинаңды қайтеміз?» дейтін едік. Сонда «көресіңдер әлі, менің әр картинам бағалы болады» деп айтатын. Сол сөзі шын екен. Қазір оның әр картинасының соңында жүгіріп жүрген адамдар бар, – дейді Күлбайраш Сүлейменқызы.

«Бір картинасын салу үшін  ол кәдімгі ғалымдардай көп ізденетін, мұрағаттарға баратын. Үлкен бұлқынысты, ішкі жан арпалысын бастан кешетін» деген суретшінің жары «Шоқан Уәлиханов Айша бибі мазарында» атты картинасының да туу тарихын айтып берді.  Шоқанның  тағдыры, өмірден жастай кеткендігі, ғұламалығы суретшіні толғандырып, қатты тебірентсе керек. Архивтен Шоқанның ретушпен бүлінбеген  суретін  тауып, соны кенепке түсіріп, осы картинасында қылқалам шебері Шоқанның өмірден өтер алдындағы көңіл-күйін барынша беруге тырысады.  Аспандағы анау жөңкілген  бұлттар, жердегі қурап жатқан сексеуілді беруінің өзінде үлкен мән бар. Сол қорғасындай ауыр сәтті суретшінің өзі  басынан өткізді, тіпті талай рет сол көңіл-күйден шыға алмай да қалған кездері  бар.

Күлбайраш Сүлейменқызының айтуынша, суретші бұл туындысын  «Предчувствие» деп атағысы келіпті.

Ал «Ақтабан шұбырынды» топтамасы – қылқалам шеберінің үлкен ерлігі десе де болғандай. Бұл туралы көрменің ашылу салтанатына қатысқан белгілі журналист-жазушы Талғат Айтбайұлы өте жақсы айтты.

-Мағауия Аманжолұлы – өз қатарынан оза шапқан суретші, тың тақырыптарға түрен салған қылқалам шебері. Біздің қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа алғаш қалам сілтеп, ерекше із қалдырған жазушы Ілияс Есенберлин болса, бейнелеу өнерінде суретші Мағауия Аманжолов. Ол тереңдеп кетті. Қазақтың тарихын, атом, тіл, жер, ел тақырыбын көтерді.  Таза қазақтың рухына, қазақтың жан-дүниесіне бойлады.  Айта алмай жүрген тақырыптардың барлығын қозғады. Оның артықшылығы да – сол. Бұған дейін ол тақырыптарды қозғаған ешкім болған жоқ. Қасіретті оқиғаны кенеп бетінде көтеріп, жеріне жеткізе салып,  бояу тілімен келістіріп бере алған суретші ретінде танылды. Менің Күлбайрашпен араласқаныма да 25 жылдай уақыт болыпты. Ол кезде  «Арай» журналында жұмыс істейтінбіз. Кезінде сол «Арай» журналына «Қайдасың, Мағауия?» деген мақала да жаздым. Ол кезде суретшінің жоғалғанына 5-6 ай ғана уақыт болатын. Тірі болса, Мағауия Аманжолв 70 жасқа келер еді. Оны қазақ халқы атап өтер еді дүрілдетіп. Осы орайда облыс әкіміне үлкен рақмет! Азаматтың өнерін бағалау, альбом-кітабын шығару, мерейтойлық жеке көрмесін өткізу – үлкен азаматтың ғана қолынан келеді, – дейді ол.

Пендешілікке бой алдырмаған жан

Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейіндегі суретші көрмесіне  қызы Құралай мен немересі Қасымхан да арнайы келді. Бір қызығы, Құралай екеуіміз Алматыда біраз уақыт бірге жұмыс істеген болатынбыз. 2005 жылы белгілі кәсіпкер Гөзал Құлжабаеваның қолдауымен жарық көрген  «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының алғашқы нөмірлерін безендірген осы Құралай Аманжолова болатын.  Жақында ғана Құралайдың Кипрда жеке шығармашылық көрмесі өтіпті.

-Әкем жоғалып кеткен кезде мен небары жиырма жаста ғана едім. Әкем сондай бала сияқты болатын. Тез ашуланып, тез сабасына түсетін. Өзі керемет еңбекқор еді.  Менің де сондай еңбекқор болғанымды қалады.  Суреттерімді көрсеткенімде «Ең бастысы көп еңбектену керек» деп айтатыны есімде.  Әр кеш сайын ұйықтар алдында  бізге жанынан шығарып көп әңгіме айтатын. Ол әңгімелердің барлығы ғаламшар, аспан, кеңістік  туралы еді.  Десе де шығармашылық оның көп уақыты мен күш-қуатын алған секілді, – дейді Құралай Аманжолова.

Суретшінің жары Күлбайраш Сүлейменқызының айтуынша, Мағауия Аманжоловтың  өлең жазатын ақындығы да болыпты.  Күлбайраш апай суретшінің:

«Шексіз кеңістік, шетсіз кеңістік,

Біле тұра талай ұрысып, талай керістік.

Мен де сендей ақымақ екенмін ғой,

Мұнымыз біздің ұлы кемістік», –  деген бір шумақ өлеңін де жатқа оқып берді.

-Ол сенгіш болатын.  Мағауия Аманжоловты алдау өте оңай еді. Біз шыр етіп періште болып өмірге келгенімізбен, кейін келе пендешілікке бой алдыра бастаймыз ғой. Ал ол сол періште қалпында кетті. Кейбір жұмысына қарап, оны алпауыт дәу адам екен деп ойлайсың. Бірақ оның жан-дүниесінің барлығы осы картиналарында көрініс тапқан. Өнер адамының жары болу маған да оңай болған жоқ. Кейде бір шаруаңнан жұлып әкеліп отырғызып қоятын еді. Бірталай картинасында менің түрім сондай ашулы. Өйткені шаруаң қалып бара жатыр, ал оған болмайды деу тағы да қателік болар еді.  Оның әр картинасы өзінің баласындай еді. Біреуін үлкен, біреуін кіші деп бөлмейтін. Ол солай өмірге ерекше болып келді, ерекше боп кетті, – дейді Күлбайраш Сүлейменқызы.

Суретшінің көрмесі Өнер музейінде бір ай бойы жалғасты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button