Мәдениет

Кеңістікке сіңіп кеткен суретші

Ол өлген жоқ. Өлген болса, жиырма төрт жылдың ішінде бір хабары болушы еді ғой. Ол тек кеңістікке сіңіп кетті. Шығыс Қазақстан облыстық өнер мұражайында суретші Мағауия Аманжоловтың 70 жылдығына орай «Көкжиексіз» атты жеке мерейтойлық көрмесі ашылып, облыс әкімдігінің қолдауымен шығарылған кітап-альбомының тұсауы кесілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен суретшінің жары Күлбайраш Сүлейменқызы мен қызы Құралай, немересі Қасымхан қатысты.

 Көзі тірі болғанда, талантты қылқалам шебері биыл 70 жасқа келер еді-ау. Амал не, 1995 жылы шеберханасына кетіп, үйіне қайта оралмаған суретшіні туған-туыстары ғана емес, бүкіл өнерсүйер қауым қабырғасы сөгіле іздеген болатын. Бірақ «Кеңістікте де түстер бар, көкжиек деген болмайды» дейтін суретші сол кеңістікке өзі де сіңіп кеткендей. Бәлкім, аспанмен астасқан кеңістіктен картинасына қажетті әлдебір бояу іздеген болар, бәлкім… Міне, содан бері де 24 жыл жылжып өте шығыпты. Ал бүгін қылқалам шебері өзін іздеген өнерсүйер қауымның арасына қайта оралғандай. Әйтеуір, Өнер мұражайында ашылған Мағауия Аманжоловтың «Көкжиексіз» атты көрмесіне жиналған қауымның өшкені жанып, өлгені тірілгендей ғаламат бір күйді кешкені анық.

Өнер мұражайының залына қойылған суретші  картиналарының тақырыбы сан алуан. Пейзаждар, портреттер, сюжетті туындылар… Көрермендер назарына барлығы 24 картина ұсынылыпты. Ол картиналардың 13-і Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы қорынан жеткізілсе, үшеуі Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу музейіне, ал сегізі Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейіне тиесілі.

Осынау көрмеде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпова соңғы үш жылда облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Арт-Заман» атты керемет жобаның қолға алынғанын, жоба шеңберінде Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейі мен Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы музей қоры отандық танымал суретшілердің тамаша картиналармен толығып жатқанын айтты. Солардың бірі – Мағауия Аманжолов. «Арт-Заман» жобасы қолға алынған үш жылдың ішінде Өнер музейі Мағауия Аманжоловтың сегіз, ал Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы музей үш картинасын сатып алыпты.

– Өнер деген – адамның рухани сусыны. Сол үлкен өнердің қайнар бұлағын ашқан осы Шығыс елінің басшысына шексіз ризамын. Былтырдан бері  Мағауияның жоқтаушысы болып, елімен қауыштырып жатыр. Осы уақытқа дейін талай рет бұл халық қазынасы деп айтып жүрсем де,  сөзім билік басындағы адамдардың құлағына жете қоймап еді, – дейді көрменің ашылу салтанатында сөз алған қылқалам шеберінің жары Күлбайраш Сүлейменқызы.

Осынау салтанатты шарада суретшінің шығармашылығына арналған кітап-альбомының да тұсауы кесілді. Кітап редакторы, танымал жазушы-журналист Талғат Айтбайұлы өз сөзінде қазақ әдебиетінде Ілияс Есенберлин тарихи тақырыпқа бірінші болып қалам тербесе, бейнелеу өнерінде Мағауия Аманжоловтың дәл солай ерлік жасағанын айтты.

– Ол кісінің жоғалғанына 24 жыл толды. Ешкім көмген жоқ, өлгенін  ешкім көрген жоқ. Сондықтан да өмір жалғасып жатқандай көрінуі мүмкін. Әрине, амандығын тілейміз. Алда бізді ұшырастырсын, кездестірсін, – дейді Талғат Айтбайұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпова қылқалам шеберінің жары Күлбайраш Сүлейменқызы мен қызы Құралайдың иығына шапан жауып, сый-сияпат табыс етті. Қылқалам шеберінің көрмесі бір айға созылады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button