«Казцинктің» тәжірибесі – көпке үлгі
Өскемен металлургия кешенінің алаңында тұңғыш рет «Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғаудағы цифрландыру мәселелері» тақырыбындағы форум өтіп, оған алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар қатысты. Айта кетейік, «Казцинк» – еліміздегі төтенше жағдайлар министрлігі мамандарына өзінің цифрлық ресурстарымен танысуына мүмкіндік берген алғашқы алпауыт компаниялардың бірі әрі бірегейі. Осындай қадамның арқасында министрлік өкілдері металлургтер мен кеншілердің қауіпсіздігін тәулік бойы бақылауда ұстай алатын болды.
Бұл ретте, ағымдағы жылдың сәуір айында «Казцинк» басшылығы төтенше жағдайлар министрлігімен компанияға тиесілі нысандарда «Өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторы» атты қанатқақты жобаны іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойғанын айта кеткен жөн. Аталмыш жүйе жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралардың барысын және атқарылған шаруалардың нәтижесін онлайн режимде қадағалап отыруға мүмкіндік береді.
Сол себепті болар, Өскеменде «Казцинк» компаниясының мұрындық болуымен ұйымдастырылған форумға қатысуға ниет білдіргендер саны айтарлықтай көп болды. Олардың арасында жоғарыда айтылған министрлік пен еліміздегі өзге ірі компаниялардың өкілдері, бірнеше облыстан арнайы ат терлетіп келген лауазымды тұлғалар да бар еді. Әрине, форумның есігі қарапайым кеншілер мен металлургтер үшін де ашық болғаны түсінікті.
Іс-шара барысында «Казцинк» компаниясының атынан мінберге көтеріліп, сөз сөйлеген мамандар цифрлық технологияның көмегімен өндіріс орнындағы қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы баяндап берді. Мәселен, осыдан біраз бұрын Риддер кен байыту кешенінде іске қосылған өздігінен жүретін машиналарды қашықтан басқару жүйесі бүгінде ойдағыдай жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Қазір кен байыту кешенінің мамандары кәсіпорындағы жұмыс көліктерін бейнебайланыс арқылы тізгіндеуде екен. Ал «Алтай» кен байыту кешенінің қызметкерлері күнделікті жұмыста кәдімгі смартфонның көмегімен тындырылатын шаруа өте көп екенін айтып, мұны іс жүзінде дәлелдеп берді. Сол сияқты, мердігер ұйымдардың жұмысын басқару жүйесі туралы ақпарат берген өскемендік металлургтердің баяндамасы да тыңдарман үшін өте қызықты болғаны сөзсіз. Реті келгенде, бұл жүйе өндіріс орнының аумағына қажетті білімі мен біліктілігі жоқ, қандай да бір тексерістен өтпеген адамдардың кіріп кетуіне жол бермейтінін айтқан жөн.
Әлбетте, форум қонақтары үшін бұл жиынның берері мол болғаны айтпаса да түсінікті. Абай және Қарағанды облыстарынан келген мәртебелі меймандар да «Казцинкте» қолға алынған өзгерістерге жоғары бағасын беріп, тәжірибесіне қызығушылық танытты.
– «Казцинктің» еліміздегі түсті металлургияның флагманы саналуы бекер емес. Аталмыш компания қашан да өндірістегі қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріп, бұл тұрғыда инновациялық қадамдар жасай білген. Бүгінгі форумда да бұған тағы бір мәрте көзіміз жеткендей болды. Компания басшылығының өз жұмысшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне бейжай қарамайтыны қуантады. Рас, «Казцинктің» адам өмірі мен денсаулығын қорғаудағы жеткен жетістіктері еліміздегі өзге ірі компанияларға үлгі боларлықтай, – деді төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаев.
Оның айтуынша, бұл бағытта цифрландыруға бірінші болып қадам басқан «Казцинктен» кейін мұндай жұмыстарды «KAZ Minerals» пен «Арселор Миттал Теміртау» компаниялары да қолға алыпты. Енді министрлік өкілдері шығысқазақстандық кәсіпорынның тәжірибесін еліміздегі мұнай-газ саласында еңбек етіп жатқан компаниялардың жұмысына да енгізбек ниетте екен.
Компания басшылығы да өзге әріптестерімен тәжірибе алмасуға дайын екенін жасырмауда.
– Жұмысшыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға ешқашан қаражат үнемдеп көргеніміз жоқ. Алдағы уақытта да солай болады. Сондай-ақ әманда бұл тұрғыдан жинаған тәжірибемізбен өзгелермен бөлісуге дайынбыз. Мемлекеттік органдар үшін де есігіміз ашық. Сайып келгенде, осының бәрі өндірістегі жарақат алу фактілерін барынша азайту мақсатында жасалып отыр. Бүгінде министрлікпен қолға алынған бірлескен жоба өз нәтижесін беруде. Бұл форум да соның бір дәлелі іспеттес, – дейді «Казцинк» компаниясының бас директоры Александр Хмелев.