Қазақтың тақиясы қандай болу керек?
Осы күнде өзіміз сатып алып жүрген, кейбірі тапсырыспен тіктіріп алатын қазақы шапандар мен тақиялардың көпшілігі бұрнағы қалпынан өзгешелеу десем артық айтқандық емес. Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме онысын білмедік.
Рас, қазіргі шапандардың етегі сүйретілген ұзын, олпы-солпы. Жеңі мен омырауына, етегіне айналдыра ұстаған ою-кестелері тым ірі. Мұның өзі көзге оғаш көрінеді. Ал бағасы жоғары болуы тігілетін материалдың көп жұмсалуынан деп топшылаймын.
Шапанның жаздық, күздік түрлерін еліміздің оңтүстік өңірінде басқаша етіп тігеді. Ол адам денесіне құйып қойғандай ықшам әрі жеңіл. Әлі есімде, бұрынғы ісмерлер киім тіккізушінің бойын, жауырынын, жеңін, белін өлшеп алып, сол адамға лайықтап тігетін. Кигенде шапан тізеден төмен түспейтін. Белі қынама, етегі кеңдеу болушы еді. Мұндай шапандарда ою-өрнек, нақыштар сирек қолданылатын және мақта салынбаса да астарлы тігілуші еді. Жұқа камзолдың (бешпет) сыртынан жеңіл шапан киіп, белін белдікпен қынай буып, етегін белдікке қыстырып, жеңін түріп, той-жиында қызмет етіп жүрген жігіттерді талай көргенбіз. Мұндай шапан күнделікті киіп жүруге ғана емес, көкпар тартқан шабандозға да ыңғайлы. Бұл киімдер қара, көкшіл, сұрғылт түсті матадан тігілетін. Тігілу үлгісі кәдімгі түйе жүн шекпен секілді.
Ал тақия мен төбетей жөнінде айтар болсақ, олардың да ою-өрнектері тым ірі. Мұны да ұсақ, нәзік бастыруға болады. Әдетте тақия төрт сайдан тұрады. Жиегіне майда кесте тігіп, күмбезінің төрт жақтауына гүл немесе мүйіз отырғызса жарасымды болады. Соңғы кезде тақияның төбесін шошақ етіп тігіп жүр. Біздіңше оның жарасымдылығы шамалы. Ертеде мұндай тақияларды қожа-молдалар киетін. Жігіт-желеңдер кимейтін. Мұны айтып отырған себебім кейбіреулер ойлағандай тақия, төбетейдің күні өткен жоқ. Оны сатып алып, не тіктіріп киюге көпшілік құштар. Бірақ тақия тігетін матаны дұрыс таңдай білген жөн. Қара, көкшіл тықырлау масаты мен барқыттан тігілген кестесіз тақиялар жас-кәріге бірдей ұнамды. Тақияға түсіретін кесте-өрнекті орынсыз шұбарлай бергеннен еш ұтпаймыз. Ол тұрақты қалыптасқан ұлттық ою-өрнекті танытуы тиіс. Қазіргі таңда былғары қолғап шебері, әйгілі чемпион Геннадий Головкин қазақтың ұлттық киімін киіп, дүниежүзіне паш етіп жүр. Оған қуанамыз, әрине.
Қырғыздың айыр қалпағы, өзбектің ала шапаны ұлттық киімдерінің нышаны болса, қазақтың тақиясы қандай болуы керек? Осы мәселеге орай мәртебелі оқырман қауым өздерінің ой-пікірін ортаға салса дейміз.
Совет Сәлиев,
Зайсан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы