Қазақтар Қосағашта бас қосты
Моңғолияның Ұлан-Батыр, Налайх, Ховда, Баян-Өлгей аймақтарында жалғасқан қазақтар кездесуі Алтай Республикасы Қосағаш ауданына жетті.
Ресми делегациянының құрамында Отандастар қорының президенті Абзал Сапарбекұлы және Парламент депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Болат Керімбек пен зиялы қауым өкілдері бар, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Делегация мүшелерін Қосағаш ауданының әкімі Серікжан Мұратханұлы мен аудан мәслихаты төрағасы Санаш Дидунов шекара шебінен қарсы алып, Алтай қазақтарының мұрасы сақталған Жаңа ауыл елдімекеніне алып барды. Олар өңірдің тұрмыс-тіршілігімен танысып, осындағы ұлттық құндылықтар дәріптелген мұражайды аралады.
Алтай Республикасында аумағы жағынан ең үлкен және үш бірдей елмен шекаралас жатқан (Моңғолия, Қазақстан, Қытай) Қосағаш ауданының халқы қазақы дәстүрі мен салтын жақсы сақтаған. Ресейдегі қазақ тілінде 1-5 сыныптарға арналған оқулық өткен жылы осы ауданда ұстаздардың ұзақ жылғы еңбегімен қолданысқа енді.
Халықпен кездесу, тұрғындармен тілдесу аудан орталығында орналасқан саябақта ресми делегациямен қатар жүрген Қарағандының «Тәттімбет» атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің салтанатты концертімен жалғасты. Бұл шаралар Ресей халқының Отбасы күнімен орайлас келген екен. Атамекеннен алыста жатқан Алтай қазақтарының көңілі марқайып, рухы асқақтап, Қазақстанға дұғай сәлемдерін жеткізді.
Шара соңында аймақ халқының бірлігі, қазақ тілін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген Қосағаштағы қазақ мәдени орталығының басшысы Арқалық Сұлтанов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төс белгілі Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар аудан әкімі Серікжан Мұратханұлы мен аудан мәжіліс төрағасы Санаш Дидуновқа «Отандастар Қоры» алғыс хаты және «Алғыс» естелік медалі табыс етілді.