ҚоғамТОП

Қазақстанның бас онкологы: – Шығыстың тәжірибесі – өзге өңірлерге үлгі

Кейінгі бес жылда облыстың онкологиялық қызметі ауыз толтырып айтарлықтай оң көрсеткіштерге қол жеткізуде. Айталық, 2023 жылы қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіші 35,8 пайызға жеткен. Ал кейінгі бес жылда онкологиялық аурулардың ерте диагнозы 19 пайызға өскен.

Бұл туралы ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың еліміздің бас онколог дәрігері Диляра Қайдаровамен болған кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Д.Қайдарова алдымен Өскемендегі көпсалалы Онкология және хирургия орталығына барып, мекеменің жұмысымен танысты.

Бүгінде аталмыш орталықта науқастарға хирургиялық емдеу, сәулелік терапия, химиятерапия, паллиативтік көмек, оңалту сияқты мамандандырылған көмектің барлық түрі көрсетіледі. Мекемеде жоғары технологиялық медициналық көмек те қарқынды дамып келеді. Былтырдың өзінде ғана мұндай көмек бойынша 96 қызмет көрсетілген. Аймақ басшылығымен кездесуде еліміздің бас онкологы Шығыста атап өтуге тұрарлық ілкімді істер көп екенін айтты.

– Соңғы бес-алты жылда облыстың онкология саласында ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болыпты. Бұл – әрине, ерекше қуантарлық жайт. Ең бастысы, ауруды ерте анықтау көрсеткіші жақсарған. Сондай-ақ өңірде 3-ші, 4-ші сатылы асқынған аурулардың азаюы байқалады. Мұның бәрі онкологиялық аурулардан көз жұмған адамдар санының азаюына септігін тигізген. Тағы бір айта кетер жайт, облыста ФУД-МРТ құрылғысы бар. Мұндай аппаратты еліміздің басқа ешбір өңірінен таппайсыз. Мұндай құрылғылар тіпті Астана мен Алматыда жоқ. Бүгінде Шығыстағы техникалық университетпен де әріптестігіміз нығайып келеді. Өздеріңіз білесіздер, аталмыш оқу орнының базасында титан мен өзге де сирек кездесетін металдардан импланттар мен протездер жасалады, – деген Диляра Қайдарова Шығыста атқарылып жатқан жұмыстар еліміздің өзге облыстары мен қалаларына да үлгі болуға тиіс екенін жеткізді.

Сонымен бірге еліміздің бас онкологы облыс әлі де қатерлі ісікке шалдыққандар бойынша республикада көш бастап тұрғанын мәлім етті. Мұның себебі де айқын. Жоғарыда айтылғандай, кейінгі жылдары Шығыс Қазақстанның онкологтары ауруды ерте анықтау бағытында айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Бұған облыс әкімі де ерекше назар аударды.

– Біз онкология мәселесіне айрықша мән беріп отырмыз. Себебі, бұл – біздің өңір үшін күн тәртібінен түспейтін мәселе. Өзіңіз айтқандай, кейінгі жылдары облыста бірсыпыра жұмыс атқарылды. Қабылданған іс-шаралар медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға, ең бастысы, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік берді. Дегенмен біз бір орында тұрмаймыз. Жаңа жобалар мен тың бастамалар енгізуге әзірміз. Егер қажет болса, Шығыстағы онкология орталығының ауқымын кеңейтуге дайынбыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Облыста білікті онколог мамандар көп. Әлбетте, сіздердің қолдауларыңызбен аймақтағы онкологиялық ахуалды жақсартуды жалғастыратын боламыз. Халық арасында түсіндіру жұмыстары әлі де ақсап тұр. Скрининг, екпе салдыру сияқты мәселелер жөнінде ақпараттық-насихаттық жұмыстар жетіспейді. Міне, осы жұмыстарды ширату қажет, – деді облыс әкімі.

Кездесуде еліміздің бас онкологы Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы дәрі сынақтан өтіп жатқанын да хабарлады. Оның айтуынша, жаңа препараттың басты артықшылығы, ол ауру жасушаларының қорыту процесін бұзуға қауқарлы екен.

– Әзірге 15 адамға клиникалық сынақ жасадық. Алғашқы сынақтар сәтті өтті. Зерттеулердің нәтижесінде біз мутантты ісік жасушаларын басу үшін тотығу стресін қолдануды шештік. Осы ретте қазір ішек қатерлі ісігін емдеуге басымдық берілген. Болашақта басқа да қатерлі ісік түрлеріне ден қоятын боламыз. Жалпы, сынақтарымыз сәтті өткен жағдайда бұл дәріні алдағы уақытта ірі көлемде өндіре бастауды жоспарлап отырмыз, – дейді Д.Қайдарова.

 

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button