Жаңалықтар

Қазақстанда тазы мен төбет мемлекет қамқорлығына алынды

Қазақтың төбеті мен тазысы ұлттық құндылық ретінде ұлықталып, нағыз қазынаға айналатын болды.

Елімізде  «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі заңның» күшіне енді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Осы жылдың 3 қаңтарында Мемлекет басшысы «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша  кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Жалпы Қазақстанда алғаш рет құрылғалы отырған қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің  құрылымдық бөлімшесі. Бұл  орталыққа стандартқа  сай келетін, оның ішінде сыртқы конституциялық сипаттамалары, өзге де қасиеттері сәйкес келетін тазы мен төбет іріктеп алынатын көрінеді. Олардан кейін таза тұқымды иттер алынбақ. Аталған орталықта  ғалымдар мен білікті кинологтар жұмыс істемек.

Сондай-ақ ұлттық орталықта қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірленеді деп болжануда. Сарапшылар мен кинолог мамандарды оқыту жұмыстары да осы орталықта жүзеге аспақ. Әзірленген стандарттарға сәйкес тазы мен төбеттің бірыңғай кітабы жүргізіліп, олардың шығу тегі туралы куәлік берілетін көрінеді.

Қазіргі уақытта комитеттің бастамасымен жұмыс тобы құрылып, оның құрамына  уәкілетті органның, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кинологтар, қазақы ит тұқымдарын өсірушілер кіріпті. Қазіргі таңда жұмыс тобы ұлттық орталықтың қызметкерлер құрылымын, штаттық кесте және біліктілік талаптарын әзірленіп жатқан көрінеді.

Осы айдарда

Back to top button