Қазақстан семсершілері әлем кубогында алтын жеңіп алды
Қазақстан құрамасы семсерлесуден тарихи жеңіске жетті.
Парижде өтетін Олимпиада ойындарына семсерлесуден іріктеу кезеңі басталды. 19-21 мамыр аралығында өткен турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен 45 команда катысты. Еліміздің тарихында тұңғыш рет семсерлесуден Қазақстан құрамасы командалық есепте әлем кубогында алтын жеңіп алды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Команданың құрамында Руслан Курбанов, Эльмир Əлімжанов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай өнер көрсетті. Команданың жаттықтырушысы – Ференц Тот.
Айта кетсек, Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов – Шығыс Қазақстан облысының спортшылары.
Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте екінші орында тұрған итальяндық спортшыларды 45:31 есебімен жеңді. Аргентина құрамасына қарсы ширек финалда 45:44 есебімен, жартылай финалда испандықтарды 45:32 есебімен басымдықпен ұтты.
Финалдық жекпе-жекте Нидерланды құрамасының спортшыларымен семсерлесіп, 31:20 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті.