Қазақ радиосы әуе толқынынан жоғалып кетті
Қалымхан Иманжанов, Күршім ауданы
Қазақ радиосын бала күнімнен сүйіп тыңдаймын. Аулада жұмыс істесем де, демалған сәтте де транзисторды қосып қойып, жаңалықтарды естіп жүремін. Соңғы бірнеше айдың көлемінде Күршімде Қазақ радиосының хабарлары үзіліп қалды. Оған не себеп болғанын біле алмай дағдарып отырмыз. Осы мәселені анықтап берсеңіздер.
Сіздің сұрағыңызға Күршім аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арайлым Қасымбаева жауап берді.
«Қазақ радиосы» Күршім ауданының Күршім, Марқакөл, Қыстау-Күршім, Боран, Үшбұлақ, Маралды елді мекендерінде бар. Қазіргі уақытта аталмыш радио әуе толқынында штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазақ радиосын алдағы жылдары ауданымыздың басқа да ауылдарына тарату мәселесіне тоқталар болсақ, 2023 жылға «Қазақ радиосын» Ақжайлау, Қарой, Қойтас, Қаратоғай, Төсқайың, Қайнарлы, Ұранхай ауылдарына қосу жоспарланған. Ал басқа радио қызметтерін орнату сол радио тарапынан жабдық қоюымен байланысты.