Әлеумет

«Қайырымды түскі ас» акциясы қайта басталды

Айна Ескенқызы

Облыс орталығындағы Андреев кафедральді соборында «Қайырымды түскі ас» акциясы биыл да жалғасын тапты. Бұл қайырымдылық шарасына өңірдің ірі кәсіпорны қолдау көрсетіп отыр. Мұқтаж жандар аптасына үш рет осы жерде орналасқан шіркеу дүкенінен ыстық тамақ салынған ланчбокстарды тегін  ала алады.

Базалық қажеттіліктері бар қолдауға мұқтаж жандарға көмектесу идеясы Өскемен және Семей епархиясына тиесілі. Өткен жылдағыдай, ниет білдірушілер сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері Андреев кафедральді соборының кіреберісіндегі шіркеу дүкенінде ыстық тамақ алады. 250 түскі астың әрқайсысында ет пен   гарнирі бар ыстық тағам, нан, салат, компот немесе шай бар.

Тарату сағат 12.00-ден басталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындары тамақты шамамен бір сағат ішінде алып қояды.

Науқан ақпан айының ортасына дейін жалғасады.

–  Өткен жылғы тәжірибе бұл  бастаманың сұранысқа ие екенін көрсетті, –  деп түсіндірді “Казцинк” компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Біреу үшін қыс кезіндегі  тегін түскі ас  –  дәл сол мезеттегі өмірлік қолдау. Бұл діни қызметкерлердің өте жақсы ұсынысы, сондықтан біз оны қолдағанымызға қуаныштымыз. Тегін асты кез келген адам, діни көзқарасына қарамастан ала береді. Өйткені қайырымдылық, ізгілік қасиеттері дінге бөлінбейді.

Өскемен және Семей епархиясы Андреев кафедральді соборының ішкі интерьерін жаңартуды жалғастыруда. Облыстың бас шіркеуін жаңғырту бірнеше жыл жалғасып келеді. Алғаш рет 2019 жылы металлургтер шіркеуге иконостас сыйлаған еді.

Осы жолы соборда ағаштан жасалған киоттар пайда болды. Бұл кез келген православ шіркеуін безендірудің басты элементі – икондарға арналған нағыз сәндік сөре деуге болады. Епархияға киоттарды алуға «Казцинк» компаниясы көмектесті. Олардың барлығы ғимараттың ерекше интерьерін ескере отырып, жеке тапсырыспен, бір ғана данамен дайындалған.

– Собордың құрылысы 2007 жылы  аяқталған. Ол кезде икондар пластиктен жасалған киоттарға орналастырылған болатын, ол уақыт өте келе жарамсыз болып қалды. Жаңа иконостастың пайда болуы жобаға жаңа реңк берді. Безендіруді  жаңарту қымбатқа  түсетіндіктен ол біртіндеп жүзеге асырылады. Барлық бұйымдар бір стильде, ерекше ою сала отырып, бағалы ағаштардан жасалған. Бұл тек әдемілікті ғана емес, сонымен қатар ұзақ уақытқа шыдайтын беріктікті қамтамасыз етеді,  –  деді Өскемен және Семей архиепископы Амфилохий.

– Біз әлеуметтік қызметімізде қалалықтардың рухани өміріне көп көңіл бөлеміз, –  деп толықтырды “Казцинк” компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. –  Оның ішінде орыс православ шіркеуімен де ұзақ жылдар бойы жақсы қарым-қатынас орнаған. Облыстың бас шіркеуінің безендірілуінің жаңартылуы – маңызды жоба. Ерекше оюмен өрнектелген киоттар кафедральді соборға келушілерді  қуантатынына сенімдімін.

Осы айдарда

Back to top button