Кәсіпкерлік

Қайтарымсыз қаржыға үйірме ашты

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ

«Балық бермеқармақ бер» деген тәмсіл қай кезеңде де өзектілігін жоймаған. Өзіңнің көңіліңе жағатын, табысқа жол табатын іспен айналысуға болады. Оған мемлекет тарапынан қолдау тетіктері де қарастырылып отыр. Соның бірі –  жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз гранттар. Бұл мүмкіндікті Тарбағатай ауданының бизнеске ынталы азаматтары да тиімді пайдалануда.

Мысалға, Қабанбай ауылдық округіне қарасты Шорға ауылының тумасы Назерке Қабыкенова өнердің тасын өрге домалатып әкеткен. Ол 2013 жылы Өскемен қаласындағы халық әртістері, ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесіне оқуға түсіп, 2017 жылы бас қобызшы мамандығын алып шығады. Одан кейін Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып, оны 2022 жылы тәмамдаған. Жолдасы да шығармашылықтан алыс емес. Өскемен қаласындағы  «Жұлдыз» балалар өнер мектебінде қызмет істепті. Өнерлі отбасы бар жиған-терген білімін туған өңірінің руханиятына жұмсау үшін ауылға оралған. Бүгінде Ақжардың іргесіндегі Жетіарал ауылында тұрып жатыр.

Назерке Қабыкенова Ақжар ауылындағы Саз мектебінде, сондай-ақ Мәдениет үйінде жұмыс істеп жүр. Десе де ауыл жастарын, жалпы, өнердің ұшқыны бар жандардың қабілетін оятсам деген ниетпен мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ұсынған жобасы комиссия тарапынан мақұлданып, іс бастап кеткен. Ол не десеңіз, музыка үйірмесі. Грант қаржысына домбыра, қобыз, виолончель секілді музыка аспаптарын алған. Алдағы уақытта басқа да музыка аспаптарымен толықтыра түспекші.

– Ауылда талантты жандар көп, бойындағы музыкалық қабілеті тылсым күштей жасырын жатқандары қаншама. Мәдениетіміздің бәсекеге қабілетті болуына атсалысуымыз керек. Үйірме ашудағы мақсатым да сол еді. Келешекте ансамбль құрсам, оркестр шығарсам деймін. Көпбалалы отбасылардың балаларына үйірмеге қатысу –  тегін. Жалпы, жастардың бастамаларына демеу болатын қайтарымсыз грант секілді жобалардың тиімділігі көп, –  дейді Назерке Қабыкенова.

 

 

Осы айдарда

Back to top button